«Ел жүрегі – Астана, үн жүрегі – Домбыра»

суреттер автордікі

 

Жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде аталып өтетін Ұлттық домбыра күні – қазақтың рухани тамырына оралу, ұлттық болмысты жаңғырту, домбыра үнін көкірекке қайта қондыру мерекесі. Бұл күн еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі мазмұндағы шаралармен айшықталып жатса, Тұщықұдық ауылындағы көрініс тіпті бөлек. 

Тұщықұдықты ел тегіннен- тегін «Домбырашылар ауылы» деп атамайды. Бұл атаудың ар жағында тарих жатыр, бұл атаудың төрінен өнердің өзі орын алған. Ұлттық мереке қарсаңында осы ауылда өткен «Ел жүрегі – Астана, үн жүрегі – Домбыра» атты кеш – соның бір дәлелі. Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен шара елді елең еткізбей қоймады. Өйткені сахна төрінде кәсіби өнерпаздар емес, қарапайым ауыл тұрғындары – мұғалім, зейнеткер, оқушы, зейнеттегі ағай, ауылдағы бала, – бәрі де домбыра ұстап шықты.

Кештің ең басты ерекшелігі – алақандай ауылдың қырық-елу емес, алпысқа жуық тұрғыны бір мезетте оркестр болып Құрманғазының «Балбырауын», Динаның «Келіншек», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Шәмшиден Шәріповтің «Ауыл шаттығы» күйлерін күмбірлете орындады. Домбыраның қоңыр үні ауыл аспанын тербеп, тыңдаған жанның жүрегін елжіретіп, бойына қуат, ойына шуақ сыйлады. Бұл – ұлттық рухтың тірі екенінің, тірі ғана емес, тіршіліктің өзіне айналғанының жарқын көрінісі.

– Бүгін Тұщықұдық ауылының халқы мәңгі алау жанында өздері оркестр құрып, халық күйлерін шалқытып отыр. Домбыра десе ішкен асын жерге қоятын халқымыздың рухы тірі. Бұл – үлкен өнеге, бұл – ұлттық болмыс. Домбыра – біздің мінезіміз, тарихымыз, қасіретіміз де, қуанышымыз да. Сондықтан да бұл бастама жалғасын табады деген сенімдемін,-деді ҚР Журналистер одағының мүшесі Аяпберген Салихов.

Ауыл әкімдігі мен мәдениет үйінің бастамасына қолдау білдірген елдің ұйымшылдығы мен бірлігі жұртшылықты тәнті етті. Күнделікті күйбеңмен кейде бір-бірін сирек көретін ауылдастар бұл кеште ортақ өнерге бас қосып, әдемі үйлесіммен сахнада сыр шертіп, күй төкті.

Аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов те бұл игі шарадан шет қалмады. Бір кездері Шәмшиден Шәріпов құрған «Балдырғандар» оркестрінің мүшесі болған ол бұл жолы да домбырасын қолына алып, күй шертіп, ізгі тілегін білдірді. Ауыл әкімі Арслан Амиров та мерекелік кештің мәні мен маңызын айтып, жұртшылыққа алғысын жеткізді.

Ауыл орталығында балалар мен жастар ән айтып, күй тартты. Әуесқой домбырашылар ансамблі бірнеше шығарманы бір деммен орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін ұлттық мұрамыздың киесін сезінгендей күй кешті.

Бұл кештің тарихи астары да терең. Тұщықұдық – күй тудырған ауыл. Бір ғана дерек – алғаш Қазақстанда құрылған оркестрде Құрманғазының тікелей шәкірті Меңдіғали Сүлейменов ойнаған. Оның баласы Қисмет Меңдіғалиев те осы өнерді жалғады. Бұл топырақта Шәмшиден Шәріповтей күйші-композитор дүниеге келді. Қазақтың өнер көгіне күйімен өрлеген Әзидолла Есқалиев, Қаршыға Ахмедияров – осы өңірдің перзенттері. Байболат Ғилажев, Нариман Үлкенбаев, Рая Латифулина, Самат Мәдиев, Ғатау Ібішов, Қазыкеш Мұхтаров, Өтеміс Ідіркенов, бүгінде Атырау өнерінің тірегіне айналған Құттыгерей Дүйсеев пен Шарипа Жаменова, тіпті әлемге танымал күйші Айгүл Үлкенбаева – барлығының ізі Тұщықұдықпен сабақтас.

Сол себепті де бұл ауылдың кіреберісіне орнатылған алып домбыра мүсіні жай ғана композициялық көрнекілік емес, бұл – тұтас бір дәуірдің, өнерге адал ұрпақтың, күйден тамыр алған ұлттың символы.

Ұлттық домбыра күні мереке емес, бұл – жүрек дүрсілі, бұл – елдік үніңнің естіліп тұрғаны. Күйдің тілімен сөйлеген ел барда, шанағынан тарих сөйлеген домбыра барда  қазақтың рухы да, руханияты да өлмейді.

 

Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT