ЕЛДІ ОЙЛАҒАН ЕСЕНИЯЗ – жазықсыз жала құрбаны

сурет ғаламтордан

 

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл - қазақтың бар баласының көкірегін қарс айырып, бір сәт күрсіндірер күн. ХХ ғасырдағы сол саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз жандардың қаны мен көз жасына жуылған тәуменді тарихтың шерлі беттерінің бірі. Бүгінгі ұрпақтың борышы – осы жылдары жазықсыз құрбан болған азаматтарды біле жүру, есімін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау.

Осы ретте қолымызға тиген тарихи деректерге көз жүгіртсек, қазақ даласы бойынша 100 мыңнан астам адам қуғындалып, 25 мыңы атылған екен. Миллионға жуық қазақ туған жерін тастап, босып кетуге мәжбүр болды.

Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін 1920-1950 жылдары кең көлемде жүргізіліп, осы уақыт ішінде көптеген адамдар саяси себептермен тұтқындалып, атылып, түрмеге қамалды немесе жер аударылды. Кеңес Одағының қатал режимі мыңдаған қазақ отбасының өмірін өзгертті. Соның ішінде 1937-1938 жылдары «Үлкен террор» деп аталған кезеңі - Қазақстанда мыңдаған зиялы қауым өкілдері, жазушылар, ғалымдар, мемлекет қайраткерлері жазықсыз жапа шеккен уақыт. Олар «халық жауы» деп айыпталып, түрмелерге қамалды, атылды немесе Сібірге жер аударылды. Бұл - қазақ халқының ұлттық интеллигенциясы мен мәдениет қайраткерлерінің үлкен бөлігі жойылған кезең болып тарихта қара таңбасы қалған жылдар.

Әрине, ол – бүкіл қазақ ұмытпайтын, болашақ ұрпақтың да жадында жүрер нәубет. Бұл бағытта елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін есте сақтау үшін арнайы ескерткіштер орнатылған. Олардың ішінде Алматы қаласындағы «Алаш» қозғалысының жетекшілеріне арналған ескерткіш, Ақтөбе облысындағы репрессия құрбандарына арналған мемориалдық кешен және басқа да нысандар бар. Бұл ескерткіштер тек өткеннің қайғысын еске түсіріп қоймайды, болашақ ұрпаққа бейбітшілік пен әділеттілікті сақтаудың маңыздылығын ескертіп-ақ тұрады. 1997 жылдан бастап Президент пәрменімен сағынта, сарылта жеткен азаттықтың ақ таңында ақтаңдақ жылдардың құрбаны боп, «халық жауы» атанып кеткен арыс-тарды ақтау, арашалау дәуірі басталды.

Иә, саяси қуғын-сүргін құрбандары аз болмады. Олар осы Нарын өңірінде де аз емес. Солардың бірі – Есенияз Шытықов. Оспадар саясаттың таяғы батқан осынау тұлға туралы айтпас бұрын аз-кем тарихқа үңілелік.

Біз мектеп қабырғасында жүргенде орыстың әйгілі жазушысы Максим Горькийдің есімін иеленіп, кейін Атырау аймағына, Нарын өңіріне белгілі ұстаз Жұмабай Мырзағалиевтың атын алған Тұщықұдық ауылындағы ғасырдан астам тарихы бар білім ұясының алғашқы іргетасы қаланған кезі турасында көбірек әңгіме болған ғасырлық белесі кезінде «мектеп Есенияз қыстауынан бастау алған» дегенді айтушылар аз кездеспеді. Олардың арасында өз пікірлеріне тиянақты деректер келтіріп, жарияға беріп кеткендердің бірі тарихшы жерлесіміз, марқұм Қарасай Сапарұлы ағамыз аталған білім ордасының тарихын түзген «Ұлан ұшырған ұя» (2007 жыл) аталатын жинақта «Бегайдардан бастау алған» атты мақаласын жариялап: «Тарихтан белгілі, Қазақстанның батыс өңірінде 1841 жылы Ордада Жәңгір хан ашқан мектептен бастау алған мектеп ашу үрдісі жалғасын тауып, кейін, әсіресе, ХХ ғасырдың басында бірнеше мектеп ашылады. Бұдан басқа түрлі дәрежедегі діни мектептер, кейбір жаңаша сауаты бар адамдар балаларға ішінара дәріс берген. Қайсыбір халі тартқан адамдар өз қаражаттарына мұғалім жалдап, балаларының сауатын аштырған. Сондай бір мектеп ауыл ауқаттыларының өз талабымен Бегайдардағы Есенияз қыстауы аталған жерде ашылып, оған Ақсартов Мәди деген орысша оқыған жігітті жалдап, балаларын оқыттырады. «Бұл ауылда ең алғаш балаларды сауаттандыру Мұханбетқалиев Шектібайдан басталған еді» деп кетулі сол тұстағы көз көрген қариялар...» дейді.

Мұндай дерек, яғни 1900 жылдың басында Бегайдардағы Есенияз қыстауында хан ордасы жағынан келген Ақсартов Мәди деген кісі бала оқытқаны, одан Нәубетов Хамидолла, Меңдіғалиев Хамидолла, Таубалғанов Қабдолла, Ерғарин Мұхтар, Жанғожин Жұмағали, Мәмеков Қажығали, тағы басқалары орыс тілінде сауатын ашқандығы сол жинақтағы өңірімізге белгілі ұстаз Хұсынеден Пазылұлының да жазбасында келтірілген екен. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, марқұм Мұрат Аташұлының 2014-2016 жылдары ауданда жарық көріп тұрған тарихи-танымдық «Өркенді өңір» газетінің 2014 жылғы 2 қыркүйектегі №6 санындағы «Бір мектептің бірегей жылнамасы» тақырыбымен берілген мақаласында да осы «Есенияз қыстауы» аталады. Мұндай мысалдар басқа да басылымдардың жоғарыда аталған білім ордасы турасындағы жарияланымдарында кездесіп қалатыны бар.

Енді айтпағымызға оралайық. Ал, сол Есенияз кім болған? Ол турасында жоғарыдағы жарияланымдарда жарытымды ештеңе айтылмаған. Бірақ тағы да сол басылымда, оның 2015 жылғы №23 санында Алмалы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самиғолла Зиноллиевтің «Арманда кеткен арда ұлдар» мақаласынан Есенияз жайындағы деректер кезікті. Мақаласын «Нарын құмының ардақты азаматы болса да Кеңес үкіметін құлатуға бағытталған барлаулық ұйымдастыру және бандитизм деген айыптар тағылып, он жылға сотталған, сол жақта бақилық болған Шытықов Есенияздың артында жоқтаушы қалмады. Аты өшті» деген өкінішті жолдармен бастапты автор.

Айтуынша, кеңес өкіметі алғаш құрылған тұста Нарын құмын жағалай қоныстанған қазіргі Исатай және Құрманғазы аудандары бір округке біріктіріліп, мал, балық шаруашылығымен айналысқан, ынтымағы жарасқан берекелі елді мекен болулы. Патшалық Ресейдің зәбір-зардабын көрмеген, арадағы мәселелерді елдің білімді адамдары шешкен, сіңірі шыққан кедей болмаған, тіпті жарлы-жақыбай деген сөздерді естімеген, іргесі бүтін Бегайдар ауылының тұрғындары Шытықов Есениязды 1906-1908 жылдары Бөкей ордасы Нарын бөлімінің есепші, хатшы қызметіне тағайындайды. Әкесі Шытық қажылыққа діни жолды нық ұстаған үш-төрт адаммен бірге өз қаражаты есебінен екі рет барған адам екен. Үшінші ретінде қажылықтан қайтып келе жатып ауырып, қайтыс болады.

Шытық үлкен ұлы Шәріпті атасы Нұғыманға жаздыртып, үйленген соң сол шаңырақтың иесі ретінде еншісін беріп, бөлек шығарады. Өзінің атына Есениязды жаздырып, бүкіл байлығын осы баласына мұраға қалдырады. Есениязға Ордадағы хан ставкасында орыс-қазақ мектебінен білім алдырып, кейін үйлендіреді де, өз айналасындағы балаларды оқыттырады. Бөкей ордасы 1908-1916 жылдары Теңіз жағалауы округін құрып, оған қазіргі Құрманғазы, Исатай ауданы елді мекендерін біріктіргенде Есениязға басқарма басшысының көмекшісі, іс қағазын жүргізуші міндетін жүктеулі.

Есенияз Нарын өңірінде қазақтың жабы жылқысын түркімен жылқысымен будандастырған атақты атбегі де болған. Елді мекеннің тұрғындары асылдандырылған «Есенияз қасқа» деп Нарында аты шыққан жылқыдан тұқым алып, шапса жүйрік, боранға төзімді, жел-құзда ықпайтын, сауса сүтті малды өсіре бас-тайды. Ұлы Отан соғысы басталғанда осы жылқыны әдейі (мобилизациялап) есепке алып, құлындарын, тайларды сақтауды әскери жауапкершілікпен міндеттейді.

Есенияз Үкіметтің басқару жұмысында жүріп, 1915 жылдары өз пәтерінің бір бөлмесіне бала оқытуға рұқсат етеді. Кеңес үкіметі орнағанда ол бүкіл малын ортаға салып, орта шаруа күйінде қалады.

«Ауылдағы Тұқпашев Қаленді Оралдағы екі жылдық орыс-қазақ мектебіне өз қаржысына оқытып, 1918 жылы осы өз үйінде сауат ашу мектебін құрады. 1919 жылы бастауыш мектеп ретінде үш бөлмені, 1922 жылы түгел сол үйді мектепке береді. Бірыңғай мектеп ретінде 1939 жылға дейін балалар білім алады, осы жылы орталау мектеп болып аталады. 1947 жылы Шәріпұлы Зейнолла жаңадан орта мектеп салады. Есенияз қыстауы мектебінде 1939-40 жылы Даулетияров, 1941-42 жылдары Шайхымежденов Ғинаят, 1942 жылы Пазылов Құсын, 1943 жылы Аюпова Қарашаш, 1944-46 жылдары Бесмиров Тағай, 1946-47 жылдары Шарипов Зейнолла мектеп директорлары болады» делінеді мақалада.

Есениязды да бай-кулакты қудалау науқанына іліктіріп, 1925 жылы Гурьев түрмесіне қамайды. Ауыл ақсақалдарының қолқалауымен тексеруге келген өкіл оның халықты қанамағандығын, малын кеңес үкіметі құрылмастан бұрын таратып бергендігін, ұжымшар құруға қалған малын бергенін дәлелдемемен ұсынады да оны босатады.

Алайда қудалау, қайта-қайта шақырту, өтірік куәлар тарту жалғасады. Абзал азамат 1928 жылдың күзінде Орал территориясындағы Ілбішін елді мекенін қоныстанады. Есенияздың үлкен ұлы Хайдар Орынбордың екі жылдық есепшілік орыс мектебін бітірген. Оны колхозға есепші қызметіне жұмысқа алады. 1926 жылы ағасы Шәріп Кулагин селосына көшіп келеді, себебі ұлы Хами осы селодағы мектепте мұғалім еді. Есенияздың екінші ұлы Қадырғали Гурьев қаласында жұмыста болды. Бұл екеуінің фамилиясы Нұғманов болып жазылғандықтан, ал Шәріп Нұғыманов орта шаруа танылғандықтан, онша қудалау көрмейді.

Есениязды 1929 жылдың күзінде Орал қаласына шақырып, осы аймаққа келу себебін тәптіштеп сұрап, жауап алады. 1930 жылдың мамыр айында қайта шақырылып, тергеу амалдарын жүргізеді. 1931 жылдың  наурыз айында БҚО бойынша ІІХК органдарымен тұтқындалып, 1932 жылдың 25 ақпанында «Кеңес үкіметін құлатуға бағытталған қарсы барлаулық ұйымдастыруға және бандитизммен айналысты» деген айып тағып, 10 жылға соттайды. Сот үкімімен ағайын-тумаға кездесуге тыйым салынады.

Ері Ташкент қаласындағы лагерьге жіберілген Есенияздың әйелі 6 баламен Гурьевке (Атырау) келеді. Балаларын байдың баласы ретінде жұмысқа алмай қояды. Алайда, 1940 жылғы әскери шақыруда Хайдарды Орынбор маңындағы әскери командирлер оқуына, Қадырғалиды №112 Горный кавалерический полкке, Әмірғалиды да әскерге алады. Сөйтіп бір үйден соғысқа аттанған үш ұлдың екеуі хабар-ошарсыз кетті. Қадірғали тұтқында болып, кейіннен елге аман-есен оралады. «Алайда, бір жылдан соң 1947 жылы үйлену тойы үстінде Қадырғали тұтқындалады. Күні бүгін осы үш арыстан да ұрпақ жоқ. Әттең... деп бармақ тістегеннен басқа амал жоқ» деп өз жазбасын өкінішпен аяқтаулы автор.

Иә, кеңестік қызыл империяның «қырғынының» тұзағына іліккен азаматтардың дені иісі қазақтың бетке ұстар, көш бастар ағартушы, ұлт көсемі болуға лайықты арда ұлдары еді. Елді ойлаған Есенияз да солардың бірі болды.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT