Салық реформасы: мемлекет пен қоғам арасындағы өзара түсіністік маңызды.
Салық реформасы - қоғамда қызу талқыланып жатқан өзекті мәселелердің бірі. Президенттің бұл мәселеге Ұлттық құрылтайда арнайы тоқталуы да оның ел экономикасындағы маңызын көрсетеді. Мемлекет басшысы реформаның негізінде бюджеттің тұрақтылығы мен әлеуметтік міндеттемелерді орындау тұрғанын айта келе, қоғаммен ашық диалог жүргізудін маңыздылығына ерекше мән берді.
Президенттің сөзінен түсінгеніміздей, салық жүйесі - кез-келген мемлекеттің негізін қалайтын басты тетіктердің бірі. Бұл жүйе дұрыс жұмыс істемесе, елдің әлеуметтік экономикалық тұрақтылығы да шайқалады. Себебі бюджетке түсетін қаржы - зейнетақы, жәрдемақы, білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым секілді қоғам үшін ең маңызды салаларды қаржыландырудың бастысы көзі. Бірақ бұл жерде маңызды сұрақ туындайды, яғни халық салық реформасының мәнін толық түсіне ме?
Президент дәл осы мәселені көтеріп, қоғамға ақпаратты қарапайым, түсінікті тілде жеткізудің маңызын атап өтті. Расында әрбір азамат экономист немесе қаржыгер емес . Сондықтан Үкімет қабылдаған реформалардың себеп - салдарын халыққа айқын түсіндіріп, оның ұзақ мерзімді пайдасын көрсетуі қажет. Қазіргі ұсынылған салық реформасының ішінде ең көп талқыланғаны - қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру мәселесі. Бұл қадамды Үкімет қажетті деп санайды, ал кейбір сарапшылар мен қоғам өкілдері оған күмәнмен қарайды. Дегенмен Президент бұл сын - пікірлердің көбіне шынайы экономикалық жағдайға негізделмегенін айтты. Біз әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, көптеген елдер өздерінің салық жүйесін ұлттық мүддеге қарай бейімдеп, халыққа түсетін ауыртпалықты реттеуге тырысады.
Кейбір мемлекеттер өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттемелер алудан бас тартады, ал Қазақстан керісінше - әлеуметтік мемлекет ретінде халықтың әл-ауқатын арттыруға басымдық беріп келеді. Мұның айқын дәлелі - бюджет қаржысының жартысынан көбінің әлеуметтік салаларға жұмсалуы. Мемлекет басшысы елдің білім беру және денсаулық сақтау жүйесіне инвестиция салуды жалғастыратынын мәлімдеді. Бұл әлеуметтік мемлекеттің негізгі қағидаларының бірі. Білім мен медицина - кез-келген қоғамның дамуы үшін стратегиялық маңызы бар салалар. Сондықтан мемлекет салық жүйесін жетілдіру арқылы осы салалардың сапасын арттыруды көздеп отыр. Осы тұста ең басты мәселе - халықтың үкіметке деген сенімін нығайту.
Егер мемлекет нақты әрі ашық саясат жүргізіп, халықтың мүддесін ескерсе, қоғам тарапынан да қолдау болады. Ал түсініспеушіліктер мен сын-пікірлердің алдын алу үшін билік халықпен кері байланысты күшейтуі керек. Бұл тақырыпты түйіндесек, салық реформасы - тек қаржылық емес, әлеуметтік маңызы бар үлкен өзгеріс. Мемлекеттің міндеті - бюджеттің тұрақтылығын қамтамасыз етіп халықтың әл- ауқатын жақсарту. Ал халықтың сұранысы әділ әрі ашық саясат. Екеуі қатар жүрсе ғана еліміз салық реформасынан оң нәтиже күте алады. Осы реформа қоғамға қалай әсер ететінін уақыт көрсетеді бірақ ең бастысы - әрбір азамат бұл өзгерістің мәні мен маңызын түсінуі қажет.
ЖАҢАРҒАН САНА, НЫҒАЙҒАН ҰЛТ
Ұлттық құрылтайда мемлекеттік идеология мен қоғамдағы өзекті мәселелерде назардан тыс қалмады. Қасым Жомарт Тоқаев қоғамдық әдепті сақтау, ұлттық болмысымызға жас идеологиялар мен теріс ағымдарға тосқауыл қою, алаяқтық әрекеттерге қарсы күрес секілді мәселелерді ерекше атап өтті. Сонымен қатар отандық кино және анимация өндірісіне идеологиялық тұрғыдан мән беру әйелдер колониясындағы жағдайды жақсарту кәсіптік - техникалық білім беру жүйесін еңбек нарығының сұранысына сай жетілдіру секілді нақты ұсыныстар көтерілді. Президент бұл мәселелердің барлығын бір жүйеге келтіретін идеологиялық тұжырымдамалық құжат әзірлеуді тапсырды. Бұл құжат ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге негіз болуы тиіс.
АЙМАҚТАРДЫ ДАМЫТУ - БАСТЫ БАСЫМДЫҚ
Ұлттық құрылтай барысында Президент өңірлердің дамуына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, биыл экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемі екі есе, яғни 8 триллион теңге дейін ұлғаймақ. Бұл - елдің өндірістік әлеуетін арттыруға және аймақтардағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. "Қуатты аймақтар - қуатты ел" қағидасын басшылыққа алып, облыстарға бөлінетін әлеуметтік салықтың сақталатынын мәлімдеді. Алайда әкімдер бюджет қаражатын тиімді пайдаланып, ең игілігіне қызмет ететін жобаларға басымдық беруі керек.
ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 40 ЖЫЛДЫҒЫНА ҚАНДАЙ ЖЕТІСТІКПЕН ЖЕТЕМІЗ!
Президент сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның тәуелсіздігінің 40 жылдығына қандай жетістіктермен жетуі тиіс екенін айқындау маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл үшін:
• Цифрландыру мен жасанды интеллект;
• Энергетика және агроөнеркәсіп секторы;
• Адам капиталына инвестиция негізгі даму факторлары болмақ.
Бұл бағыттар елімізді кез келген жаһандық сын - қатерге төтеп бере алатын қуатты мемлекетке айналдыруға жол ашады.
ТҮЙІН
Ұлттық құрылтай - ел болашағын айқындайтын стратегиялық алаң - Президент көтерген мәселелер мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ететін негізгі бағыттар. Қоғамдық әдептен бастап, экономикалық өсімге дейінгі кең ауқымды тақырыптарды қамтыған бұл жиын - Жаңа Қазақстанның болмысын қалыптастырудағы маңызды қадам. Осыған қарап, Ұлттық құрылтайдың ел дамуына қосар үлесі зор екенін, оның тек символдық жиын емес, нақты шешімдер қабылданатын алаңға айналғанын аңғаруға болады. Президенттің бастамалары орындалса еліміздің алдағы онжылдықтағы даму территориясы айқындала түседі деген сенім бар.
Жайна МӘЛІМҚОЖА
«Нарын таңы» редакциясының редакторы