Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық «Жалын» мәдениет үйінде көрнекті ақын, мемлекеттік гимннің авторы Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған сурет байқауы өтті. Байқау ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан қаламгердің шығармашылығын өнер арқылы дәріптеуге бағытталды.
Байқауға ауданның түкпір-түкпірінен жиырмаға жуық суретші қатысып, өз шығармашылық жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды. Қатысушылар жастар және ересектер санаты бойынша бағаланды. Ұсынылған суреттерде ақын поэзиясына тән терең ой, туған жерге деген сүйіспеншілік, табиғат көріністері мен елдік рух көркем бейнеленді. Іс-шара Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылып, ұлттық рухты, отаншылдық сезімді күшейтуге бағытталды. Әрбір жұмыстан еркіндік идеясы мен поэзияға деген құрмет айқын аңғарылды.

Қамысқала ауылдық округінің тұрғыны Нұрболат Есқали өз туындысы арқылы Жұмекен рухын бейнелеуге талпынғанын жеткізді.
– Жұмекен – мемлекеттік гимннің авторы ғана емес, елдің еңсесін, ұлттың болмысын жырына сыйдырған бірегей тұлға. Кенеп бетінде ақын бейнесімен айналасына туған жердің табиғатын қоса өріп, елдік рухты сезіндіруге ұмтылдым,-дейді суретші.

Ұйымдастырушылардың сөзінше,байқаудың мақсаты – Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылығын насихаттау, жас суретшілерді қолдау және мәдени-танымдық бағыттағы шығармашылық орта қалыптастыру.
Бұл жолы өнер додасында шабыт пен шеберлік тоғысқан сәттер аз болған жоқ. Байқау қорытындысымен үздік деп танылған суретшілерге қаржылай сертификаттар табысталып, барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар ұсынылды. Атап айтсақ, аға буын арасында көркем ойы мен терең мазмұны арқылы көпшіліктің көңілінен шыққан Қамысқала ауылдық округінің тұрғыны Нұрболат Есқали топ жарып, байқаудың биік тұғырынан көрінді. Ал жас қатысушылар арасында қиялы ұшқыр, бояуды сөйлете білген Айару Мұстажап үздік деп танылып, көрермен ықыласына бөленді. Оның туындысынан жас жүрекке тән тазалық пен өнерге деген шынайы құштарлық айқын сезіледі.
Жайна МӘЛІМҚОЖА


