ЕЛДІККЕ БАСТАҒАН ЕРЕКШЕ МЕРЕКЕ

Міне, арада 13 жыл уақыт өткеннен кейін қайта тойланғалы отырған Республика күні мрекесіне де санаулы күндер қалды.  Елдікке бастаған ерекше күн мерекелер қатарынан алынып тасталғанымен, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны қайтадан атаулы күндердің бірі етіп бекітуі көпті қуантқан жайт болды десек жарасымды. Сол арқылы мәні мен маңызы айшықтала түскен ұлттық мерекенің қайтып оралуы хақында әркім де біле жүрмегі абзал.

Егемен ел тарихына үңілсек Республика күні мемлекеттік мереке болып алғаш рет 1995 жылы қазанда жарияланған. Бұл жарлыққа Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған. Әрине, 25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалмағаны анық. 1990 жылы нақ осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді.

Ал 2009 жылы аталған заңға өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні, ұлттық мереке болып жария етілді де, ал Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды және бұл әдеттегі жұмыс күніне айналды.

2022 жылдың 16 шілдесіндегі Ұлттық құрылтайда Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. "Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек" деді ол.

Нәтижесінде биылғы қыркүйек айының орта шенінде Қазақстан Республикасының Парламенті "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңға түзетулер енгізді. Аталған құжатқа сәйкес, Республика күні, яғни, 25 қазан – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні, яғни 16 желтоқсан – мемлекеттік мерекеге айналды.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Республика күнін мемлекеттік мереке мәртебесіне қайтаруды "маңызды және тарихи шешім" деп атады. "Осы заңға сәйкес 25 қазан - Республика күні мемлекеттік мереке болып бекітіледі. Бұл - тарихи және өте маңызды шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады. Сондықтан бұл күнді мемлекеттік мереке ретінде бекіту мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан маңызды қадам болып табылады. Болашақта бұл мереке тәуелсіздікті дәріптеп, нығайтуға септігін тигізеді деп сенеміз" деді Сенат спикері.

Иә, Республика күні өз мәнінде қайта алалып өтетін болғаны – ортақ қуаныш. Бұл жөнінде көптің толғанысты пікірлері оны мерекелеу мәні мен маңызын аша түсерлік дәрежеде болуы тиіс дегенге саяды. Оның түйіні ұлттық мереке сәтінде Қазақстан халқының достығы, төзімділігі, жеткен жетістігі, ұлттық стратегиялық мүддесі мейлінше насихатталып, патриоттық, бүгінгі Қазақстан патриоттығын айқындайтын факторлар әлемге паш етілуі тиіс дегенді алға ұстайтын да іспетті. Осы күні Қазақ елі, жері, рәміздері, Президенті жайлы, президенттік басқару туралы қысқаша деректер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы беріліп жатса, ірі тұлғалар, қоғам қайраткерлері қалың бұқараға тәуелсіздіктің мәнісін ашып, осы ұғымды тарихи тұрғыда тереңнен талдап беруі керек-ақ деушілер де аз емес. Сол күні егемен еліміздің көгінде біздің менталитетімізге жақын, жүрегімізді тербетіп, жылу беретін ән-әуездер қалықтаса деп тілек етушілер де көп.

Қазақта «жақсы сөз – жарым ырыс» дейді, осы күні тілегіміз – түзу, ниетіміз – ақ, көңіліміз кіршіксіз қалыпта Отанымызбен мақтанайық, бірлігімізді нығайтайық, елдігімізді танытайық, бірге қуанайық. Ұлттық мерекені осыла ұлықтасақ ғанибет.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

сурет ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521