ЭЛЕКТРОНДЫҚ ТЕМЕКІ ЕРМЕК ПЕ, СӘН БЕ?

Бүгін де қоғамдық орындарда, көшеде, мектеп айналасында электронды темекімен жүрген балаларды көргенде, жағаңды ұстайсың. Кәмелетке толмаған балалардың бұған әуес болуының себебі неде? Жасөспірімдерді темекіден қалай қорғаймыз?

Бір қызығы, электронды темекіні тұтынушылар оны кәдімгі темекіден гөрі қауіпсіз дейді. Алайда, оның құрамындағы никотин 2,5 есе көп. Бұл өнімнің құрамында никотиннің дозасы жоғары болатынын денсаулық сақтау министрлігі де растайды. Министрлік тарапынан клиникалық және экспериментальді зерттеулер жүргізіліп, қатерлі ісіктің пайда болуына алып келетіндігі белгілі болды және есірткіге тәуелді етуі әбден мүмкін дейді. Жасөспірімдердің ағзасы мұндай зиянды әдеттерге тез үйреніп алады, темекі тартқан кезде жады қатты зақымданады. Сондай-ақ, қозғалыстағы реакцияны бәсеңдетеді, бұлшық ет күші төмендейді, никотиннің әсерінен көз көргіштігі нашарлайды. Қазіргі уақытта электронды темекінің кез келген түрін қалаған дәміңізбен азық-түлік дүкендерінен, интернет дүкендерден ала аласыз. Бұл ақпараттың шынайылығын растау үшін қаламыздағы бірнеше дүкенге барған болатынбыз. Сөреде электронды темекінің түрлі түсті мұқабасы, дәмі бар. Дүкеншінің айтуынша, сауда нүктесіне электронды темекіні алушылар көп келеді екен.

-Электронды темекіні алушылар жетіп артылады. Үлкендер де, жастар да келіп алады. Мектеп оқушыларына сатпаймыз. Міндетті түрде, жастардан төлқұжаттарын сұраймыз. Жастар арасында бұл сәнге айналған ба, білмеймін, әйтеуір алушылар көп,-дейді сатушы Алма Жаңабай.

Өкініштісі, өнімнің осы түрін онлайн саудалаушылар да біраз екен. Дүкенде ашық сатылып жатқан соң, онлайн сауданың өрісі тіпті кеңейген. Әрине, тауарын өткізу үшін сатып алушының қанша жаста екендігі оларды қызықтырмайды. Кәмелетке толмаған жастар үшін нағыз керегі осы.

Жалпы, Қазақстанда 21 жасқа толмағандарға темекі бұйымдарын тұтынуға, сатуға тыйым салынған. Алайда, көріп отырғанымыздай, интернет пен азық-түлік дүкендерін жаулап алған бұл өнімге толықтай тексеріс жүріп жатқан жоқ. Расында, мектеп оқушылары мен кәсіби-техникалық білім беретін және жоғары оқу орындарының студенттерін қадағалау керек. Тіпті  ұстаздарға да мектеп айналасында шылым шегуге тыйым салынғаны дұрыс. Себебі, «Біреуді түземес бұрын, өзіңді түзе» деген. Дүкендер мен онлайн саудамен айналысатын саудагерлердің кәсібін шектеу қажет екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан дені сау, салауатты ұрпақ қалыптастыру үшін қазірден бастап,тиісті шаралар қолға алынуы керектігін баршамыз білуіміз қажет.

                                                                                                                                              Саябек ЕРҒАЛИЕВ

сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT