Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдонның үшінші айналымында ұлыбританиялық Кэти Бултерді жеңгеніне байланысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сhampionat.com сайтынан мәлім еткеніндей, Е.Рыбакина өз өнеріне өте риза екенін айтты.
«Мен бастан-аяқ қарқынды ойнадым. Өзімді сенімді сезіндім. Жабық корттағы екінші матчта допты басынан бастап қатты беріп, жақсы сезіндім. Менің келесі қарсыласым өте күшті. Біз бірнеше рет ойнадық. Тек көгал төсенішінде емес. Ол – айлалы ойыншы. Ол да солақай болғандықтан, оңайға түспейді. Бұл кездесу ауыр болатыны анық. Мен қолымнан келгеннің бәрін жасап, жақсы дайындалуға тырысамын», - деді қазақстандық теннисші төртінші айналымдағы қарсыласы, бразилиялық Беатрис Хаддад Майяға баға беріп.
Елена Рыбакина баспасөз мәслихатында сонымен қатар Уимблдонда қысым көріп жатыр ма, оған да жауап берді.
«Үлкен қысымды сезініп тұрған жоқпын. Өйткені биыл өте жақсы ойнадым. Биылғы нәтижелерім өте жақсы, әсіресе, Аустралияда «Үлкен дулыға» турнирінің финалына дейін жеттім. Әрине, мұнда да жеңіске жеткім келеді. Бұл – басты мақсатым, оның қалай жүзеге асарын көрерміз», - деді Е.Рыбакина.
Е.Рыбакинаның өткен жылы Уимблдонда финалда тунистік Онс Жаберді ұтып, чемпион атанғаны белгілі. Онс Жабер де Лондонда табысты өнер көрсетіп жатыр. Ол да төртінші айналымға өтті. Қазақстандық спортшының 1/8 финалдағы матчы дүйсенбі күні өтеді. Бразилиялық теннисші Е.Рыбакинаны осыған дейін екі мәрте жеңді.