ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ – ЕРЕКШЕ МІНДЕТ

 

Қай саладағы қандай мамандықты алсақ та, оның қоғамда атқаратын функционалдық қызметі бар. Соның бірі де бірегейі  мемлекеттік қызмет десек болады. Ал мемлекеттік қызметші деген абыройлы атқа лайық болу үшін кәсіби білімділік пен сауаттылық жеткіліксіз, яғни одан басқа қызметшінің жеке мінез-құлығы, адамдармен қарым-қатынасы, адамгершілігі де мол болуы тиіс. Олардың кәсібилік деңгейі мен моральдық-адамгершілік қасиеттері де қатар тұруы керек-ақ. Сонда ғана мемлекеттік қызметшінің кәсібилік пен әдептілік қасиеттерімен қоса, оның тұтас имиджі, дара тұлғасы қалыптасады.

Осындай міндеттер арқалаған, алда төл мерекелері таяп келе жатқан мемлекеттік қызметшілер еңбегін ерекшелеп айтсақ артық болмас еді. Саналы өмірін сол салаға арнап, оны зор абыройға балап, ұзақ жылдар бойына еселі еңбек етіп келе жатқан сондай жандардың бірі – Райгүл Мамешова замандасымыз.

Ол 1983 жылы Жанбай ауылында дүниеге келген. Туған ауылындағы Х.Наубетов атындағы орта мектепті тәмамдаған жас 2000 жылы Атыраудағы білімнің қара шаңырағы саналатын Х.Досмұхамедов атындағы университетке оқуға түсіп, 2004 жылы экономист мамандығы бойынша бітіріп шықты. Одан соң оның алғашқы еңбек жолы 2005 жылы Жанбай ауылдық округінде әлеуметтік қызметкер болумен бастау алды. Осы бір қызметінде ол адамдармен тікелей жұмыс жасауға, жағдайларын жете зерделей білуге үйренді.   

Әркез алға ұмтылып, мақсатына жету жолында ізденуден талмайтын бойжеткен 2014 жылы мемлекеттік қызметке араласуға ниет етіп, Жанбай ауылдық округі әкімі аппаратына бас маман болып келеді. Алғашқы сәттен-ақ білім-білігін ұштап, тәжірибесін толықтыра түсуді ойдан шығармаған Райгүл ізденуден, үйренуден жалықпады. Сондай-ақ, өмір бойына жүргізуші болып қарапайым еңбек еткен Қабдрахим сынды әкесінің ерінбейтін еңбекқорлық қасиеті мен көпшіл де қарапайым мінезін ойға да, бойға да сіңіре өскен ол адамдармен тіл табыса еңбек етуге, алдына ісі түсіп келген жандарды мұқият тыңдап, қолынан келгенінше көмек көрсетуге ерінбейтін, тіпті соны басты міндетіндей көретін. Оның осы бір қалпы көпке қадірін арттырды, ауылдастардың сенімін иеленді. Үнемі сол сенімнен шығуға тырысты.

- Райгүл Қабдрахимқызы – өз ісіне өте тиянақты, білімді, білікті қызметкер. Сеніп тапсырылған қандайма істі де уақытылы, сапалы атқаруға тырысып, өзгелерге үлгі болып келе жатқаны да атап айтарлық бір қыры деп білемін,-дейді Жанбай ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақсотов. Айтса айтқандай, өзінің міндетті жұмысынан бөлек кез келген істі үйіріп әкете алатын, керегінде округ әкімінің де міндетін атқарып қала беретін оны әріптестерінің «суға салса батпайды, отқа салса жанбайды» деп әзілдеуі тектен-тек емес десек болады.

Мемлекеттік қызметтегі еңбек сүрлеуі осылай жалғасқан Райгүл Қабдрахимқызы селолық округ әкімі аппаратында құрылымдық бөлім басшысы болып тер төгумен келеді. Осынау жылдар бедерінде тәжірибелі маманның еңбегі ескеріліп, бірқатар марапатқа да ие болған. Соның ішінде алыңғы жылдары ауыл, аудан басшыларының алғыс хаттарын иеленген Райгүл өткен жылы облыс әкімінің де алғыс хатымен марапатталыпты.

Әйел азаматшалардың бас-ты тіреуі – отбасы десек, Райгүл отбасында жолдасы Талғат Тілепқалиев екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған бақытты жандар. 

 

 

– Кім де болса, өзі жасап жүрген жұмысын марапат үшін атқармайтыны анық. Мен өз жұмысымды жақсы көремін, мамандық таңдаудан қателеспеген жанмын деп білемін. Ал, менің түсінігімде, мамандығын жақсы көретін, яғни қадірлейтін жан ешқашан кері шегінбейді, алға ұмтылады, кешегіден бүгін, бүгінгіден ертең жақсы нәтижелерге жетуді ойлайды.

Менің де өмірдегі бас-ты қағидам – адалдық пен тәртіп. Жетістікке жетіп, абыройға бөленіп жатсам, осы қасиеттерімнен деп ойлаймын. Өзіммен бірге жұмыс жасап келе жатқан әріптестеріме алғысым шексіз, олар да өз міндеттеріне жауапты жандар. Әрбір саланың көтерер жүгі болады ғой. Десек те елге қызмет ету ерекше міндет жүктейді деп білемін.

Алда мемлекеттік қызметшілердің төл мерекесі келе жатыр. Мемлекетіміздің баянды дамуы мен нығаюына үлес қосып жүрген барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Еңбектеріне табыс, дендеріне саулық, қызметтерінде абырой тілеймін, – дейді кейіпкеріміз.

Оның мемлекеттік қызметте жүрген он бір жыл ішінде өзінің көзбен көріп, ойға түйгендерінен өзінше қорытынды жасай жүретіні де бір ерекшелігі көрінді бізге. Мәселен, оның азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде мемлекеттік қызметші қандай ұстанымдарды ұстануға тиіс дегендей сауал төңірегінде өз айтары да бар:

– Жалпы, қай қызметкер де өзін еңбек етіп отырған жерінде орнықты, қажетті, лайықты сезінуі үшін де өз жұмысын қалай тиянақты, сапалы, нәтижелі атқаруы керектігі жөнінде ұдайы зерделей жүруі керек деп есептеймін. Бұл – менің өз пікірім.

Азаматтармен өзара қарым-қатынас тиімді мемлекеттік аппараттың негізгі өлшемдерінің бірі болып табылады. Біз әркез қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби көрсетуге талпынамыз. Азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде біз мынадай ұстанымдарды ұстануға тиіспіз: өз ойымызды дұрыс және дәлелді түрде баяндау, сөйлеп отырған адамның сөзін бұзбай, азаматтың сұрақтарын мұқият тыңдау, әңгімелесушіге ізгі ниеттілік пен құрмет білдіру, толық кеңс беру және болуы мүмкін тәуекелдер туралы азаматтарды хабарландыру, жасы үлкен адамдарға, ардагерлерге, мүгедектерге ізгі ниетпен қарау, оларға қажетті көмекті көрсету. Шағым түскен жағдайда біз туындаған мәселені жылдам шешу үшін бірден шаралар қабылдаймыз және болашақтағы ұқсас жағдаяттардың алдын аламыз. Мұндай қарым-қатынас бізге мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық мәдениеті мен кәсібилігі туралы оң пікірді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Иә, мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет те делінеді. Ол солай. Ал сол мемлекеттік қызметкер Қазақстан Республикасы Конституциясы мен заңнамасын сақтауға, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтау мен қорғауды қамтамасыз етуге, азаматтардың өтініштерін карауға, олар жөнінде кажетті шаралар қабылдауға, өзіне берілген құқық шегінде өкілеттігін жүзеге асыруға және қызметтік міндеттеріне сәйкес мемлекеттік және еңбек тәртібін сақтауға, өзіне заңмен белгіленген шектеулер кабылдауға, қызмет әдептілігінің нормаларын сақтауға, кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыруға міндетті. Бұл оларға қойылатын талаптар мен міндеттердің бірсыпырасы ғана. Бір сөзбен айтқанда, ол өзгелерге ісімен де, сөзімен де үлгі болатын, елжандылық, еңбекқорлық қасиеттерді де бойына сіңірген жан болуы тиіс.

Осындай мерейлі міндет биігінен көрініп жүрген Райгүл Қадрахимқызына алда да жемісті еңбек тіледік.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР  

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT