Елге қызмет еткен өнегелі отбасы

 

Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген нақыл бар. Шын мәнінде қоғамның тірегі де, мемлекеттің қуаты да берекелі отбасынан нәр алады. Осындай берекелі шаңырақтың бірі – көп жылдар бойы мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстаған өнегелі жұп – Ақжол Елеубайұлы мен Салтанат Жолдыбайқызы.

Ақжол Елеубайұлы – аудандық Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы. Мемлекеттік қызметтің бел ортасында жүріп, 16 жыл бойы елдің игілігі үшін табанды еңбек етіп келеді. Әрбір ісінде жауапкершілікті ту етіп, тиянақтылықты серік еткен ол – қызметіне адалдығымен ерекшеленген азамат. Ал, жары  Салтанат Сейтжанова да елдің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген мемлекеттік қызметші. Қазіргі таңда аудан әкімінің ұйымдастыру мәселелері жөніндегі инс-пекторы болып еңбек етеді. Жеті жылдық тәжірибесі бар Салтанат та кәсіби біліктілігімен танылып, өңірдің әлеуметтік өркендеуіне атсалысып келеді.

Бұл жарасымды жұптың тағдыры студенттік шақтан бастау алған. 2004 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің экономика факультетінде «Қаржы» мамандығында қатар оқып, таныстықтары біртіндеп сыйластыққа, кейін махаббатқа ұласқан. Студенттік жылдары Ақжолға староста болған Салтанат уақыт өте оның шаңырақ шаттығына айналды. Сөйтіп, 2008 жылдың сәуірінде қос жүрек бір арнаға тоғысып, отбасын құрды. Бүгінде бұл берекелі шаңырақ үш бірдей құлыншағының ата-анасы атанып отыр. Балалары – отбасының шаттығы, шаңырақтың шырағы, өмірдің ең үлкен байлығы. Әке мен ананың мейіріміне бөленіп өсіп келе жатқан үш қызғалдақ – олардың үмітінің жалғасы, болашақтың үкілі үміті.

Ақжол Елеубайұлы мен Салтанат Сейтжанованың өмір жолы – елге қызмет етуді отбасылық құндылықпен ұштастыра білген өнегелі үлгі. Олар үшін қызмет – парыз, отбасы – қастерлі құндылық. Екеуінің өмірге деген көзқарасы, бір-біріне деген сыйластығы мен сүйіспеншілігі жастарға да үлгі болары сөзсіз.

Отбасы күні қарсаңында осындай жарасымды жұптарды айрықша атап өту – қоғам үшін маңызды. Өйткені елдің мерейін өсіретін де, болашаққа сенім ұялататын да – берекелі, өнегелі отбасылар.

 

Еркебұлан УӘЛИТХАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT