Елге қызмет ету – әр азаматтың жүрегінде әртүрлі түсінік тудыратын ұлы ұғым. Біреулер оны құжатқа толы кабинетпен шектесе, енді бірі ресми жиындар мен мекеме ішіндегі тәртіппен байланыстырады. Алайда мемлекет беделін көтеріп, халық игілігі үшін шешім қабылдайтын қызметтің шын мәнін сезіну үшін оны сырттан емес, ішінен көру қажет. Дәл осындай тағылымды тәжірибені Абай және Аққыстау орта мектептерінің 11-сынып оқушылары ауданы әкімдігінде өткізді. Алғаш рет ауданның басқару жүйесімен бетпе-бет танысқан жастар мемлекеттік қызметтің тек құжатпен жұмыс емес, халықпен тікелей байланыс, шешім қабылдау, жауапкершілікті арқалау екенін сезінді. Бұл шара облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің бастамасымен ұйымдастырылып, жастарға мемлекеттік басқару саласын жан-жақты таныстыруды, олардың болашақ мамандық таңдауына бағыт беруді мақсат етті.
Аудан әкімдігі оқушыларды жылы қабылдап, күнделікті басқару жұмысының алгоритмін толық көрсетті. Алдымен олар кіші мәжіліс залы мен селекторлық кабинетті аралап, аудан өміріне қатысты маңызды мәселелердің дәл осы жерде талқыланатынын, түрлі бағыттар бойынша шешімдердің осында қабылданатынын көрді. Қызметкерлер жұмысы ұйымдастырылған бөлімдер, сондай-ақ аудан әкімі мен аппарат басшысының кабинеттері де таныстырылып, әкімдік қызметінің ашықтығы мен жүйелілігі көрсетілді. Аудан әкімі аппаратының басшысы Арманбек Амантайұлы оқушыларға мемлекеттік қызмет құрылымын жан-жақты түсіндіріп, бөлімдер арасындағы үйлесімділіктің маңызын атап өтті. Оның сөзінше, бүгінгі таңда Исатай ауданында 86 мемлекеттік қызметші, 8 дербес бөлім, 7 ауылдық округ аппараты ауданның дамуы үшін еңбек етіп келеді. Әкімдікке жасалған бұл танымдық сапар оқушыларға мемлекеттік басқарудың жауапкершілікке толы, үлкен дайындық пен кәсібилікті талап ететін сала екенін ұғындырған тағылымды сабақ болды.
Экскурсия барысында оқушылар аудандық Жастар ресурстық орталығына да атбасын бұрды. Мұнда олар мемлекеттік қызмет саласының ардагері, өлкетанушы Мәди Өтеғалиевпен арнайы кездесті. Ардагер жастарды бірден жылы шыраймен қабылдап, қызметтік жолының қалай басталғанын, сол жолда қандай қиындықтар мен жауапты сәттер болғанын әңгімелеп берді.
– Мемлекеттік қызмет – елдік мүддені қорғап, халықтың игілігі үшін еңбек ететін өте жауапты сала. Бұл жерде адамның қызметі де, мойнындағы жүгі де жеңіл болмайды. Біз жұмыс істеген жылдары қандай кезеңдерді бастан өткерсек те, ең басты мақсат – халыққа адал қызмет ету болды. Бүгінгі күні елімізде жүзеге асып жатқан жаңа бастамалар, реформалар, түрлі жобалардың бәрі де осы саланың тікелей атқаруына байланысты. Қазір талап та, жауапкершілік те бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Сондықтан бұл жолды таңдайтын жастар міндетін терең сезіне білуі қажет. Мемлекеттік қызмет – мансап емес, ол – үлкен мектеп. Мұнда адам тәртіпті, сабырлы, әділ болуды үйренеді. Сол себепті бүгінгі кездесуде жас буынға осы саланың қиындықтары мен қызықты тұстарын, елге қызмет етудің шынайы мәнін жеткізгім келді,- дейді ардагер.
Ардагермен кездесуден кейін оқушылар мемлекеттік қызметтің қиын да қызықты тұстарын өз көздерімен көріп, алған әсерлерін бөлісе бастады. Олар үшін бұл тек теориялық ақпарат емес, өмірлік тәжірибе болды, яғни елге қызмет ету дегеннің мәнін тереңірек түсіну мүмкіндігі туды.
– Аудан әкімдігіне жасаған сапар мен үшін үлкен тәжірибе болды. Бұрын мемлекеттік қызметті тек қағаз толтыратын, кабинеттен шықпай жұмыс істейтін мамандық деп ойласам, бүгін оның мүлде басқа қырын көрдім. Әр бөлімнің өз міндеті, әр шешімнің артында үлкен жауапкершілік тұрғанын түсіндім. Әсіресе селекторлық кабинетте ауданға қатысты маңызды мәселелер қалай талқыланатынын көру менің көзқарасымды өзгертті. Бұл сапар болашақ мамандығым туралы ойлануыма, өз өңіріме қызмет етуге деген қызығушылығымның артуына себеп болды. Әсіресе ең әсерлісі - ардагер ағайдың әңгімесі. Ол бізге адалдықтың, тәртіптің және кәсібіне деген шынайы сүйіспеншіліктің қандай маңызды екенін жеткізді. Қазір жастардың ішінде мемлекеттік қызмет туралы түрлі пікірлер бар, бірақ бүгін біз оның шын мәнінде қоғам үшін үлкен маңызы бар сала екенін ұқтық,- дейді Аққыстау орта мектебінің 11 сынып оқушысы Зере Жұмабек өз әсерімен бөлісіп.
Аудан әкімдігіне ұйымдастырылған тағылымды таныстырылым оқушылардың мемлекеттік қызмет туралы түсінігін тереңдетіп, елге қызмет етудің мәні жауапкершілік пен адалдыққа негізделген үлкен мектеп екенін ұғындырды.
Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА


