Өткен жұма күні аудандық музейде Қазақстан Республикасының үздік спорт сарапшысы, КСРО спорт шебері, жерлесіміз ардагер Жеңіс Айтбаевтың қатысуымен «Еліміздің рухын көтерген спорт саңлағы» атты кездесу кеші өтті.
Жеңіс күнімен тұспа-тұс келген ардагер спортшының 80 жасқа толуына орай ұйымдастырылған сұхбат алаңына аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқали, Өркен орта мектебінің ұстаздары мен оқушылары келді.Сондай-ақ, аудан мақтанышы, кір тасын көтеруден Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Айбол Мұханбетов те қатысты.
Тағылымды жүздесу Жеңіс Айтбаевтың өмір жолымен басталды. Спортшы 1945 жылы 9 мамырда Х.Ерғалиев ауылында дүниеге келген. Ұлы Жеңістің хабаршысы болған ол, 18 жасында қалаға келіп, алғаш бокс үйірмесіне қатысады. 20 жылдың ішінде Қазақстан чемпионы және Кеңес одағының спорт шебері иегері атанып үлгерді. Бокстан ойлаған мақсатына жеткен соң, жеңіл атлетикаға ауысып, одан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Жүгіруді де жетік меңгергесін, 1995 жылы «Атыраудың желаяқтары» атты кітап жазып шығарады. Осыған дейін шетелдің Италия, Польша, Греция, Голландия, Ресей сынды мемлекеттерінде бағын сынап, жүлдегер атанып жүрген спортшымыз.Кездесуде мектеп оқушылары сұрақтарын жаудырып, спортқа деген қызығушылықтарын көрсетті.
- Жас кезімде үлкен балалардан көп таяқ жегенмін. Сол кезден бастап, өз-өзімді қорғау мақсатында бокспен айналысуға бел будым. Уақыт өте бұл спорт түріне деген құштарлығым артты. Күні бүгінге дейін таңертеңгі уақытта екі сағаттық жаттығуды қалдырып көрген емеспін. Соның арқасында қазір Қазақстанда ардагерлер арасында жүгіруден үздік үштіктің қатарына ендім. Жалпы спорттың адамға тигізер пайдасы ұшан-теңіз.Осы жасқа келгенше өзімді жеңіл ұстап, жеңіл сезінемін, - дейді спорт шебері.
Осы іс-шараны ұйымдастырушылар тарапынан аудандық музей меңгерушісі Назерке Нұрболатқызы кеш мейманы Жеңіс Айтбаевқа ризашылығын білдірді.Сонымен қатар аудан тарихынан сыр шертетін кітап пен медаль тарту етті. Кездесу соңында ардагер спортшы өзінің арнайы алып келген фотосуреттері мен медальдарын музейге табыстады.
Сағыныш САЙЛАУБАЙ