ЕЛОРДАДАН ЖЕТКЕН МАРАПАТ – ЕЛ ІШІНДЕГІ ЕҢБЕКТІҢ ЕЛЕНУІ

 

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында аудандық «Нарын таңы» қоғамдық-саяси газетінің ұжымына елордалық деңгейдегі марапат бұйырды. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Құрмет грамотасы – редакция ұжымының қоғамға деген жанашырлықпен жасап келе жатқан қызметіне берілген баға десе болады.

Марапат Атырау қаласында салтанатты түрде табысталды. Атырау облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әлия Бекешева журналистерді арнайы қабылдап, ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері, комитет төрағасы Сархат Бейсенованың атынан Құрмет грамотасын газеттің бас редакторы Жайна Мәлімқожаға өз қолымен ұсынды.

– Ақпарат жай ғана жаңалық емес. Ол қоғамның ойына әсер ететін, көзқарасын қалыптастыратын қуатты құрал. Қоғамдық денсаулық бүкіл халықтың қауіпсіздігімен байланысты. Осы салада халыққа сенімді әрі дер кезінде ақпарат жеткізіп жүрген «Нарын таңы» газеті ұжымының еңбегі үлкен құрметке лайық. Бұл марапат құр сөз емес, ел алдындағы жауапты жұмыстарыңыздың еленуі,-деді Әлия Аюпқалиқызы.

Аудандық басылым жылдар бойы халықтың санитариялық сауатын арттырып, денсаулық сақтау жүйесінің басты бағыттарын жұртшылыққа жүйелі жеткізіп келеді. Әсіресе пандемия кезеңінде редакция халықтың алаң көңілі мен ақпаратқа деген мұқтаждығын сезініп, сенімді дереккөз бола білді. Газет беттерінен тек жаңалық емес, нақты медициналық түсініктемелер, сала мамандарының пікірлері, екпе мен алдын алу шаралары жайлы тұшымды мақалалар табуға болатын. Бұл – журналистер ұжымының уақыт талабына сай, өз миссиясын терең ұғынып, жауапкершілікпен жұмыс істегенінің белгісі.

Мереке қарсаңындағы марапат ұжымға шабыт сыйлап қана қоймай, аймақтық БАҚ-тың елдік деңгейдегі маңызын тағы бір мәрте көрсетіп отыр. Шын мәнінде, әр аудандағы осындай белсенді, сергек көзқарастағы басылымдар – қоғамның денсаулығын да, санасын да серпілтетін маңызды күш.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT