ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАН БАҚЫТЫН

Бастауын қасиетті Нарын құмынан алып, кәрі Каспий қойнауында жалғасын тапқан өнегелі өмір иелерінің бірі – аққыстаулық Бекежан Құмарұлы. Бекежанның әкесі Құмар Өтепқалиұлы Мыңтөбені мекен еткен «Фурманов» колхозында еңбек ете жүріп, жұбайы Жібек Ахметжанқызымен шаңырақ көтеріп, сұрапыл соғыстан кейінгі кездегі қиыншылық кезеңдерді бастан өткеріп жатты. Өмірге келген тұңғыштары – Талиға есімді қыздары төрт жасында шетінеп кетіп, жығылғанға жұдырық болған да жайы бар еді. Дейтұрғанмен, өмірдің күнгей кезеңдері де келді, тағдыр шаңыраққа ерекше сый тарту етіп, бірінен кейін бірі өмірге үш ұл келді. Солардың басы 1953 жылғы қыркүйектің 8 жұлдызында туған осы Бекежан еді.

Денсаулықтары болмауына байланысты колхоз-совхоздың ауыр жұмыстарына бел шеше кірісіп кете алмаған жандардың күнкөрісі қолдарындағы азын-шоғын малдары болатын. Ара-тұра совхоздың науқандық шаруаларына әлдері жеткенше атсалысып, күнкөрістерін жасап отырған жандардың арқа сүйеп, паналайтын жанашыр ағайын-туыстары да болмады. Бар арман-тілектері Бекежан қашан ер жетіп, азамат атанып, сүйенішіміз болады деген үмітті ойлары болатын. Жанбайдағы В.В.Куйбышев атындағы орта мектепті 1970 жылы аяқтап, орта білім алып шыққан Бекежан «Гурьевнефтьхимстрой» тресінің Гурьев қаласындағы оқу комбинатына құжаттарын тапсырып, құрылысшы мамандығын иеленді, аталған трестің  №1 құрылыс-монтаж басқармасына (СМУ ) жұмысқа орналасты.

1972-1974 жылдары Отан алдындағы әскери міндетін Герман Демократиялық Республикасында (ГДР) абыройлы атқарып келген жас жігіт Шығыс желілік транспорт милициясына қызметке алынады. Ақ тілеулі ата-ананың көптен күткен арманының орындалуы да осы кезден бас-талады. Бекежан еңбек ете жүріп «Гурьев–Астрахан» темір жолы бойындағы №17 «Томан» бекетінен баспана иеленіп, ата-анасын сонда көшіріп алады. Ауыр еңбек пен денсаулықтарындағы кінәраттардан зардап шегіп, қоңырқай тіршілік кешкен отбасына шырай беріп, үміттерін демеген шаңырақтың аяғы құтты алғашқы келіні Сәбила да осы кезде босағаны аттаған еді...

Қолдарындағы малдың қам-қаракеті, күтіп баптау, жем-шөбін әзірлеу, құдық қазып шегендеу, қыстық отын даярлау сияқты басқа да таусылмайтын мехнатты шаруалардың бәрінде әке-шешеден бір елі кейін қалмай, қолғабыс бере жүріп жастайынан еңбекпен шынығып өскен жас жігіт желілік транспорт милициясы қызметін еркін меңгеріп жүре берді.

Әттең, автокөлік апатына түсіп, аяғын зақымдап алмағанында Бекеңнің болашағы мүмкін мүлдем басқаша сипат алар ма еді қайтер еді?. Осы бір жағдайға байланысты 1979 жылы қызметтен босап қалған ол сол уақытта жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан Новобогат ауданының орталығына келіп, Аққыстау поселкелік Кеңесі атқару комитетінің хатшысы қызметіне орналасты. Еңбекқорлығы зор, жауапкершілігі мол Бекең бұл қызметті 1983 жылға дейін абыроймен атқарып, Халық депутаттары Новобогат аудандық Кеңесі атқару комитеті ұйымдық бөлімінің нұсқаушысы қызметіне ауыстырылды. Бұлардың екеуі де халықпен тығыз байланыста жасалатын, қатаң тәртіптілік пен терең білімділікті, принципшілдікті қажет ететін жауапты мемлекеттік қызметтер болатын. Бұл ретте Бекеңе еңбектен қол үзбей жүріп Гурьев ауыл шаруашылығы техникумында оқып алған «Ауыл шаруашылығындағы есеп» мамандығы мен жас-тайынан еңбекке төзімді болып тәрбиеленген өмірлік дағдылары және ақылшы аға-апалары Смағұл Қалешов, Зұлбұхар Сүйнешев пен Меңсұлу Кемелованың  қолдаулары көмектескенін әлі күнге дейін айтып отырады ол.

1988 жылы Новобогат ауданының таратылуына байланысты «Ембімұнайгаз» бірлестігінің жұмысшыларды жабдықтау бөліміне мамандығына сәйкес есепшілік қызметке ауысты. Осы мекемеде табан аудармастан 2017 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін 29 жыл бойына есепші, бөлім бастығы, менеджер болып тер төкті.

Бірі Жанбайдан, бірі Таңдайдан орта мектеп бітіріп, өмір баспалдақтарының алғашқы сатыларынан өткен Бекежан мен Сәбиланың отбасылық одақтарының берекелі шаңырақ болып қалыптасуындағы ұйытқысы, жоғарыда айтып өткеніміздей, әулеттің аяғы құтты алғашқы келіні Сәбила Ерғалиқызы болды.

Сәбила 1973-1977 жылдары Алматы қаласындағы қыздар педагогикалық инс-титутында оқып, «музыка маманы» мамандығын алып келіп, Аққыстаудағы балалар музыка мектебінде ұстаз, екі мәрте мектеп директоры да болып қызмет атқарды. Ауданда алғаш құрылған  «Қарлығаш» вокалды аспапты қыздар ансамблінің белсенді мүшесі болды. 1980 жылы аталған ансамбль Алматы қаласында концерт беріп, аудан жастарының өнердегі жеткен биіктігін рес-публика көлеміне паш етті, арнайы телевидение хабарына түсірілді. Сәбила Ерғалиқызы кейіннен ауданда құрылған «40 қыз» шығармашылық тобының дирижері болды.1990 жылдардан бас-тап аудан орталығындағы «Қарлығаш», «Балдырған», «Өркен» балабақшаларында еңбек етіп, даярлаған балалары «Айналайын», «Әнші балапан», «Сүйкімді бүлдіршін», «Айгөлек» байқауларының жүлдегерлері атанды.

Бекежан  да, Сабила  да қызмет атқарған жылдарында таза, шынайы, адал еңбектің үлгісін көрсетті. Өз қызмет салалары бойынша алғыстар иеленді, марапаттар алды, ең бастысы, көпшіліктің құрметіне бөленді. Екеуінің де күнделікті отбасы тіршілігі мен еңбек ұжымдарындағы, ұрпақ тәрбиесіндегі және адамдармен жұмыстағы ұстанатын басты қағидалары талапшылдық, қанағат, реттілік болды. Бармын деп тасымады, жоқпын деп жасымады. Алла жолын хақ деп таныды, шүкірлік етті.

Өмірге келген екі ұл, бір қыздарын тәрбиелеп оқытып, әрқайсысының жоғары оқу орындарын бітіріп, қалаған мамандықтарын алуларына қол жеткізді. Сөйткен ұл-қыздары қазір өз теңін таба отбасыларын құрып, алған мамандықтары бойынша еңбек етіп, заман талабына сай қарекет қылуда десек қателеспейміз. Үлкен ұлдары Нұрым мемлекеттік қызметтің түрлі сатыларынан өте халыққа қызмет көрсетудің биік сатысына шығып, елдің болашағы, туған өлкенің қарыштап дамып, өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қоса алатын дәрежеге жетсе, өзгелері де өнегелі жолда келеді.

Иә, өмір көші болашаққа бастап, алға тартып бара жатыр. Өн бойында Құрманғазы бабамыздың заманның ең сенімді көлігі арбаға негізделген «Арба соққан» күйінің әуезді әуені күмбірлеп, Насихат Сүгірұлы атамыздың Еділ мен Жайық  аралығы, қасиетті атамекен - Мыңтөбе туралы жыр-толғаулары төкпектете оқылып тұрған, басты кейіпкерлері Бекең аға мен Сәбила жеңгеміз, көпшілік кейіпкерлері - бала-келіндері Нұрым-Гүлсана, Рахым-Самал, қыз-күйеулері Толқын-Мансұр, немере-жиендері, ағайын-бауырлары, сыралғы дос-жарандары, құда-жекжаттары, ауылдас көрші-көлемдері болып табылатын, бастауын Нарын құмынан алып, кәрі Каспий қойнауына жайлы арбамен жайласа көшіп келе жатқан көріністі түсірер деректі фильмге сұранып тұрғандай өмір өрнектері бұл. Егер еліміздің әрбір шаңырағы өз көштерін осылай қалыптастырса, Қазақ мемлекетінің іргесі берік, керегесі кең, шаңырағы биік, түтіні түзу болар еді-ау деген де ойға келесің.

Еңбегімен еленген жұптың өмірі көпке үлгі. Еңбек жолын қалыптастырып, маңдай термен қоғамда өз орнын ойып алған осындай жандардың ұрпақ үшін айтары мол. "Адам еңбегімен көрікті" дегендей әрбір маңдай тердің ақталғаны адам үшін үлкен бақыт іспетті. 

 

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521