Еңбек Ерін қарсы алды

Бүгін ертеңгілік әуежайдан кеше ғана мемлекет басшысының қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен «Отан» орденін алған Владимир Розметовті жерлестері қарсы алды. Владимир Федорович Атырау жұртына ауыл шаруашылығы саласындағы ұзақ жылдық еңбегімен танылған. Ол сондай-ақ, елдің әлеуметтік-гуманитарлық дамуына сүбелі үлесін қосып, өндірісте жоғары жетістіктерімен көрініп келеді.


Қарсы алғандардың ішінен Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Света Аманшиева жерлестері атынан Владимир Розметовті құттықтап, еңбегіне табыс, деніне саулық тіледі.
Бұл жоғары мемлекеттік награда арқылы жерлестері мемлекет басшылығының Атырау еліне қаншалықты ден қойып отырғанын атап көрсетті.
– Менің азды-көпті еңбегімнің аса жоғары дәрежеде бағалануын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Атырау еліне деген ерекше ықылас-құрметі деп қабылдаймын. Ұзақ жылдар бойы өндіріс саласында еңбек ете жүріп, кейін агроөнеркәсіп саласына ден қойдым. Бау-бақша, жеміс-жидек пен асыл тұқымды мал өсіруге бағыт ұстадым. Оның қызығы да, қиындығы да мол. Ең бастысы, осы шаруашылықтар арқылы атыраулық азаматтарға жұмыс орнын тауып беріп, олардың алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасалды. Сол еңбегім үшін бұған дейін «Құрмет» және «Достық» ордендерімен марапатталдым. Кеше ғана Ақордадағы салтанатта Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің ең жоғары наградасы – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының Алтын жұлдызын тапсырып, оған қоса берілетін «Отан» орденін өңіріме тақты. Мен төбем көкке жеткендей ерекше толқыдым. Себебі, бұл тек менің емес, жалпы Атырау жұртшылығының алған марапаты, барша агроөнеркәсіп кешеніндегі әріптестеріме берілген баға деп қабылдадым, - дейді Қазақстанның Еңбек Ері.
Айта кету керек, Владимир Розметов басқаратын «АтырауАгроӨнімдері» ЖШС құрамына «Теңізқұрылыссервис», «АтырауАгроӨнімдері», «Сүйіндік», «Жасқайрат» және «Сарайшық» кәсіпорындары кіреді.

Қуандық ШӘКІРОВ
Суреттерді түсірген Е.Алтыбаев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521