Исатай ауданында «Мал ұрысы» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Бүгінде ауыл тұрғындары үшін мал ұрлығы үлкен мәселеге айналуда.
Олардың күнкөріс көзіне айналған ақадал малын қылмыскерлерден қалай қорғап қалуға болады?
Тұрғындардың меншігіндегі ұсақ және ірі қара малдың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз?
Аудан аумағында өткен жылы мал ұрлығы қылмыстары тіркелмеген болса, ағымдағы жылы қазіргі уақытқа дейін 4 мал ұрлығы қылмыстары тіркеліп, оның 2-еуі ашылған. Тіркелген мал ұрлығы қылмыстарының 2-еуі ауыр санатқа жатқызылған, яғни қора-жайдың ішінен ұрланған. Аталған ауыр санатта тіркелген мал ұрлығы қылмыстарының барлығы ашылды. Қалған 2 қылмыс малдың өрісінен еркін жайылымдарда болған.
Бұл қылмыстардың жасалуына ықпал еткен бірнеше себептер бар. Атап айтқанда, мал бағудың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы, яғни, бақташылармен келісім-шарттардың жасалмауы, ауылдық округ әкімдерінің тарапынан бұл мәселенің бақылауға алынбауы, сонымен қатар халықтың өз қолындағы малына салғырт қарауы. Осылардың барлығы қылмыскерлердің қандайда бір кедергісіз қылмыстық ойын оңай жүзеге асыруына жағдай туғызып отыр.
Бұл ретте өрісте орын алған мал ұрлығының алдын алу мақсатында ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабына өзгеріс енгізілді. Бұрын осы бапқа сәйкес иті мен мысығына қарамаған адам жауапкершілікке тартылатын балса, енді енгізілген өзгерістерге сәйкес үйдегі барлық жануарларға иесі жауапты. Яғни ауыл шаруашылығы жануарларының төрт түлік малдың бірі көшеде қараусыз жүретін болса, осы бап негізінде мал иесін жауапқа тарту көзделген. Ендігі жерде ауыл шаруашылығы жануарларының иесі малды өздері бағуды ұйымдастыруы немесе бақташымен келісімшарт жасауы қажет. Бұл жаңа заңмен міндеттелген. Осыған сәйкес өрістегі мал ұрлығының алдын алу мақсатында Атырау облыстық мәслихатының 2015 жылғы 13 наурыздағы №364-V «Атырау облысының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды асырау және серуендету Қағидасын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою Қағидасын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы осы жылы 30 қазандағы №485-VI шешімімен Атырау облысының аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың Қағидалары бекітілген. Аталған шешім әділет органдарында тіркеліп, күшіне еніп, қолданысқа енгізілді.
Қазіргі уақытта өткізіліп жатқан «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабына сай, 6 әкімшілік хаттама және тасымалданатын мал мен ет өнімдерін құжаттаманың болуы тұрғысынан мал тасымалдауға арналған 13 автокөлікті тексеру ұйымдастырылып, малды немесе ет өнімдерін құжатсыз тасымалдағаны үшін заңнамалық нормаларды орындамаған 2 азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды.
Аудан аумағында мал ұрлықтарына қарсы күрес жұмыстарына бағытталған жедел іздестіру іс-шаралары жалғастырылу үстінде.
Н.Ғ.Сұңғат,
Исатай ауданы ПБ-нің КПБ-нің аға жедел уәкілі, полиция капитаны