Енжарлық емес, белсенділік керек

Жақында аудандық Жастар ресурстық орталығы мен Мансап орталығының ұйымдастыруымен «Ашық есік» күні өтті. Мұндағы  мақсат – аудан жастарына мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіру, жұмысқа орналасу, кәсіп бастау, білім алу және құқықтық мәселелер бойынша кеңес беру болды.

Іс-шара барысында  жастар заңгерлік кеңес алып, өздерін толғандырған сұрақтарға нақты жауаптар алды. Сонымен қатар кәсіптік бағдар беру бағытында мамандар еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы айтып, оқыту курстары мен қайта даярлау мүмкіндіктерін таныстырды. Мемлекеттік бағдарламалар аясында берілетін гранттар, жеңілдетілген несиелер, «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» жобасы сынды қолдау шаралары туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Сала мамандарына сауал жолдаған жастардың әрқайсысына жеке тоқталып, тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кейбірі жұмысқа орналасу жолдарын сұраса, енді бірі кәсіп ашуға қатысты құжаттар мен талаптар жөнінде кеңес алды. Мұндай ашық форматтағы кездесулер жастардың сенімін арттырып, мемлекеттік құрылымдармен тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік береді.
Жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрдәулет Ателовтің айтуынша, осындай шаралардың жиі өтуі – уақыт талабы. 
–    Қазіргі заманда жастардың өз мүмкіндігін толық пайдаланып, белсенді болуы маңызды. Біз әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Дегенмен кейбір жастардың енжарлық танытып, мұндай пайдалы кездесулерге қатыспауы көңіл қынжылтады. Болашағын ойлаған әр жас осындай мүмкіндіктерді жіберіп алмауы керек,-деді ол.
Айта кетейік, «Ашық есік» күні – жастар мен мемлекеттік мекемелер арасындағы ашық диалог алаңы. Осындай игі бастамалар аудан жастарының кәсіби және жеке дамуына серпін беретіні сөзсіз.

Сағыныш ҚАЙЫР,
Сурет автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT