Ер атына сын келтірмейік

Отан алдындағы әскери борышымды өтеу туған өлкенің топырағында бұйырғаны мені риясыз қуантады. Сарбаз ретінде, тарихы тектілермен тамырлас Жанбай ауылы іргесіндегі «Жанбай» шекара бөлімшесінде абыроймен атқарудамын.

Әскерде иығыма қарумен қатар қағаз бен қаламды жаныма серік етіп, осы жазбамды жолдамақпын.Мұнымен әскер десе үрке қарайтын ауыл жастарының ойын өзгерткім келеді.Себебі, алып-қашпа сөздерге, әлеуметтік желіде жарыса жазылатын жазбадағылардай кемшін тұстар мұнда кездеспейді.Бала кезден әскери қызметші болу арманым еді.Әскерде жүргенім, сол арманымның алғашқы қадамы деп білемін.Сондықтан, замандастарыма әскерден қашпай, керісінше баруға ұмтылыңыздар дегім келеді. Бұл да нағыз ер үшін абыройлы іс.

Отанды қорғау – бәрімізге ортақ міндет.Туған жердің төскейінде жүргеніммен «темірдей тәртіп тезге салады» деген рас екен-ау.Тәртіпке бағынамыз.Өзімнің туған жерім – Тұщықұдық ауылы.Десе де, бұрынғы замандай шекара асып, сонау алысқа ұзамасақ та, ауылға деген сағыныш сезімі болатыны жасырын емес. Жазушы Мұхтар Әуезов: «Алтын анам, Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен үркер күшім жоқ – деп ер қайратыңа міндағы, өрге бас», – деп, Отанға қызмет – ерге міндет екенін осы бір сөзімен ұғындырып айтқаны ойыма орала кетеді. Қазіргі таңда қасымда Атырау өңірінің әр ауылдарынан келген жолдас жігіттер бар. Олармен жақын танысып, бір үйдің балаларындай болған татулығымыз - достыққа ұласты.Әскерге келгелі көп нәрсе үйреніп, түсініп, ойға түйдім.Бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып,бейбіт күннің астында татулықта ғұмыр кешейік.

«Жанбай» шекара бөлімшесінде ел шетінде, жел өтінде шыңдалған сарбаздар сап түзеп, тәулік бойы ел тыныштығы жолындағы күзетте таңдарды көз ілместен атырамыз. Ен бастысы, ер атына сын келтірмей, керісінше мақтан  тұтатын шекарашы болып,ел сеніміне селкеу түсірмейміз.

 

Рахым СҮЛЕЙМЕНОВ,

«Жанбай» шекара бөлімшесіндегі қатардағы жауынгер

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521