Ер еңбегін елге жеткізген жан

 

Аққыстау ауылындағы кәсіпкер Алмагүл Халидуллина ел алдында еңбек пен мейірімнің жарқын үлгісін көрсетіп келеді.

Кейіпкеріміз Алмагүл 2017 жылы марқұм жұбайы Әлібек Бақтиярұлымен бірге кәсіпкерлік жолын бастаған. Сол жылы кәсіпкерлік аты «Дильназ» боп тұңғыш қызының есімімен аталып, ашылған. Кейіннен араға жылдар салып «Әлібек» шағын маркеті болып ауыл тұрғындарын азық-түлікпен қатар, тұрмысқа қажетті тауарлармен қамтамасыз етіп жүр. Уақыт өте келе сол шағын нысан бүгінде халыққа кеңінен танылған кәсіп көзіне айналды.

– Бұл кәсіп – өмірлік серігім Әлібектің маңдай терімен басталған іс. Өмір болған соң, сынақсыз болмайды. 4 жыл бұрын жолдасым өмірден озған соң, оның еңбегін аяқсыз қалдырмай, жалғастыруды өзіме аманат санадым. Осы кәсіпті дамыту арқылы оның атын да, еңбегін де ұмыттырмауға тырысып келемін, - дейді бізбен болған әңгімесінде Алмагүл Нұрланқызы.

Бүгінде ол тек табыс табумен шектелмей, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген жандардың бірі. Соңғы жылдары «Мансап» орталығы арқылы үш жұмыссыз әйелді тұрақты жұмыспен қамтып, олардың өміріне жаңа үміт сыйлаған.

Сондай-ақ, «Әлібек» шағын маркетінде арнайы «Қайырымдылық бұрышы» жұмыс істейді. Мұндай игі істі ауданымыз бойынша екі кәсіп иелері ғана қолға алған. Соның бірі жоғарыда атап өткен «Бегім-ай» сауда нысаны болса, енді бірі осы аталған «Әлібек» дүкені. Онда мұқтаж жандар өздеріне қажетті азық-түлікті тегін алуына мүмкіндік бар.

– Менің басты ұстанымым – «оң қолым бергенді, сол қолым білмесін» деген тәмсіл. Бір күндік азықпен болсын мұқтаж жанның жүзін күлкіге бөлеп, жүрегіне жылулық ұялатсам,  өзімді бақытты сезінемін,-дейді кәсіпкер.

Алмагүл ханым кәсіпті дамыту үшін ешқандай грант не мемлекеттік қолдау алмаған. Дегенмен, қажырлы еңбегі мен табандылығының арқасында бүгінгі жетістікке жетіп отыр.

–Бәрі өз қолыммен, өз күшіммен жасалды. Бұрынғы тұрақты жұмыс орнымды тастап, бар уақытымды осы кәсіпке арнадым. Бұл – мен үшін еңбек қана емес, өмірлік миссиям, -дейді ол.

Бүгінде шағын маркет қана емес, бірнеше кәсіпті ұршыққа иіріп отыр. Оның бірі – орталықтағы «Әлібек» сауда үйі ауыл тұрғындарының сеніміне ие болған, адалдық пен еңбектің нышанына айналған кәсіп. Бұл отбасылық кәсіпке де ауыл тұрғындарының көзқарасы оң. Сөзімізге дәлел, аққыстаулық тұрғын  Балауса Айтжанова кәсіпкердің әр ісіне риза болысып, еңбегін шын бағалады.

– Алмагүлдің еңбегін ауылдастары жақсы біледі. Ол – шын мәнінде, жарқын жүректі жан. Әлібектің ісін жалғап, өз күшімен осы кәсіпті өркендетіп отырғаны – көпке үлгі. Ең бастысы, ол тек сауда жасамайды, адамдарға жылулық сыйлайды. «Қайырымдылық бұрышынан» талай адам көмегін алып, алғысын жаудырып жүр. Осындай жандар көп болса, ауылымыздың да, қоғамның да рухы биік болары анық, – дейді ол.

Ердің еңбегі – ел есінде, ал сол еңбекті жалғаған жардың табандылығы – нағыз ерлік. Әлібек Бақтиярұлы өмірінде адалдық пен еңбектің туын биік ұстап, отбасына тірек, ауылына үлгі болған жан еді. Оның бастаған ісін бүгінде жары Алмагүл Нұрланқызы жалғастырып, шағын кәсіпті үлкен берекенің ошағына айналдырып келеді. Бұл отбасының өмір жолы – бірліктің, төзімнің және шынайы адал еңбектің бейнесі. Уақыт өтсе де, олардың еңбегі мен ізгілігі өшпек емес. 

Иә, кәсіпкерлердің басты мақсаты – табыс табу. Алайда олардың жүрегінде мейірім мен адамдық қасиет қатар ұялаған. Өйткені нағыз кәсіпкер – қоғамға пайдасын тигізе білген жан.

 

Сағыныш  САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT