Әйелдердің халықаралық мерекесі аудан орталығында өте жоғары деңгейде аталып өтті.
Биылғы мерекелік шараның бір ерекшелігі, нәзікжандыларға арнап мемлекеттік қызметтегі ер азаматтар ән салды. Шараны аудан әкімі Полымбет Хасанов мерекелік құттықтауымен ашып, көпбалалы аналарға алтын және күміс арқаларын табыстады.
Зинеден ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақсотов ана туралы ән айтып, көпшіліктің көңілін елжіретті. Ол жақында Атырау қаласынан мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен «Үкілі домбыра» облыстық ән байқауынан ІІІ орынды жеңіп алған еді.
Ал, Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Айбатыр Бекішұлы «Вальс», Жанбай ауылдық округінің әкімі Дидар Жалғасбайұлы «Махаббатты сезіну», Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаев пен оның орынбасары Ақжол Елубайұлы «Ана туралы жыр», аудан әкімінің кеңесшісі Ринат Есқали «Ханшайым», аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобил жолдары бөлімінің басшысы Айдарбек Зиноллаев «Просто подари», аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Саябек Шагиров «Найзағай болып» әндерін шырқап, аудандық мәслихаттың маманы Дидар Жеткін «Сіз барда», «Жастар ресурстық орталығының» маманы Еркебұлан Зинеденов «Мен әлі өз анама гүл бермедім» өлеңдерін оқыды.
Мерекелік шараны мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, ақын Амангелді Панабердиев пен аудан әкімінің кеңесшісі Ринат Есқали жүргізді.
Берікбол ҚОНАРОВ