Мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және оның өмірі екендігі Ата заңымызда да айқын жазылған жайт. Яғни, оған қол сұғуға ешкімге құқық берілмеген. Алайда, тас жолдардағы түрлі апаттық жағдайлардан талай жанның өлім құшып жатқанын ойлағанда кімді кіналарға білмейсің.
Жуырда отандастарымызға арнаған кезекті Жолдауында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та осы күрмеулі жайтқа көңіл аудармай өтпеді. «Мен былтырғы Жолдауда бұған арнайы тоқталдым. Әрине, біраз шаруа жасалып жатыр. Соған қарамастан көлік апаттары азаймай тұр. Жыл басынан бері 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы іркелген. Шын мәнінде, көп нәрсе көлік жүргізушілерінің өзіне байланысты, себебі жол ережесін бұзатындар аз емес» деген Ел Президенті жылдамдықты асырмау, жол ережесін бұзбау ең басты және маңызды талап екендігін атап айтты.
Шынында да, жүргізуші жылдамдықты асырмаса, жол ережесін бұзбаса жол апаты көп орын алмас еді ғой. Өйткені адам өмірін қыршынынан қиған болмаса ауыр дене жарақатына соқтырған жол-көлік оқиғаларының көпшілігі жүргізушілердің кінәсінен болып жататынын көріп те, естіп те жүрміз. Айналып келгенде бұл көлік тұтқасындағы адамның өз жауапкершілігін сезінбеуінен, айналасындағылардың өміріне жауаптылығын ұмытып, жол ережесін сақтамауынан болуда. Қазір, сол жауапкершілікті талап еткендермен тайталаса кететін де, өз құқығын қорғаған жолаушымен өзеурей айтысатын да жүргізушілер кездеседі. Міне, осындай жүргізушілер ойлануы керек.
Жолдауда бұл саладағы заңға түзетулер әзірленгені айтылды. Ендеше заң адам үшін жазылатынын, оны орындауға әр адам міндетті екенін ешуақыт естен шығармауымыз шарт, орындалуына бәріміз атсалысуымыз керек-ақ.
Ақылбек САТҚАНОВ,
Аққыстау ауылы

