«Еріншек егін екпейді». Исатайлық жастар шаруагерге жәрдемдесті

Исатай аудандық жастар ресурстық орталығының белсенді жастары "Қадыров" шаруа қожалығына қарасты егіс алқабында болып, шаруаларға қол ұшын берді.

Қамысқала ауылдық округіне қарасты Ақкүтір елді мекенінде егін егу науқаны қызу жүріп жатыр. Бір күнін шаруагерге көмектесіп, егін егудің қыр-сырларын үйренуге арнаған аудан жастары «Жасыл ел – жанға сая» атты дала жиынында алдымен шаруа қожалық басшысы Қалидолла Қадыров ағамыздың жылдар бойғы жинаған тәжірибесіне құлақ түріп, әңгімесін тыңдады.

d

– Егін егу оңай шаруа емес. Оны әркез баптап отырмасаң, жеміс алам деу қисынға келмейді. Қалай еңбектенсең, солай нәтижесін де көресің. Сондықтан, айтып қояйын, еріншек егін еге алмайды, - дейді ағамыз.

Одан әрі ол өзі қолданып отырған «тамшылатып суару» жүйесіндегі жұмыстармен таныстырды.

dsc_0042

Шаруа жайын көзбен көруге арнайы келген аудан әкімі П.Хасанов алқапты аралап, егіліп жатқан көкөніс көлемімен танысты. Қолғабыс беруге келген жастармен де сұхбаттасып, оларға ақыл-кеңесін айтып, егін шаруашылығын өркендетуге үлес қосуға шақырды.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Өтегенов ауыл шаруашылығын қолдау бағытында, оның ішінде, егін шаруашылығына мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектерді атады. Сондай-ақ ол бұл шараның негізгі мақсаты егін егудің қыр-сырларын үйрету арқылы жастарды еңбекке баулу, әсіресе ауыл шаруашылығына деген қызығушылықтарын ояту екендігін айтты.

dsc_0060

- Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Жасыл ел – жанға сая» атты егін егуге арналған бір күндік дала жиын өз деңгейінде өтті деп есептеймін. Өте жақсы әсер алдым. Өйткені, өмірімде алғаш рет тұқым отырғызып үйрендім. Бұл ретте ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Өз басым жалпы ауыл шаруашылығын насихаттау бағытындағы қоғамдық жұмыстарды қолдаймын. Қазіргі заман талабын білетін жан-жақты жастардың егін шаруашылығын да дөңгелентіп әкететініне сенім мол, - дейді шарадан алған әсерімен бөліскен Аққыстау орта мектебінің жас мұғалімі Айжан Зинеденова.

Айта кетейік, « Қадыров» ШҚ Қамысқала ауылдық округіне қарасты Ақкүтір елді мекенінде орналасқан. 1995 жылы құрылған шаруа қожалығы 2020 жылы 4,5 га жерден 76 тонна өнім алыпты. Биыл 3 га жерге бау-бақша, көкөніс егілген.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521