Әрбір ер жеткен ұл үшін Отан алдындағы азаматтық борышты өтеу – парыз ғана емес, ар-намыс ісі. Әскер – жігіттің азамат болып қалыптасар мектебі. Бірі бала күнінен әкесінің шенді киіміне қарап бой түзесе, енді бірі ағасының әскери саптағы қадамынан шабыт алады. Әйтеуір, жүректе сонау балаң арманмен біте қайнасқан – «мен де ел қорғаймын» деген сеніммен көкірегін керген жас жігіттер аз емес. Әскери форма, тәртіп, темірдей талап – бәрі де олар үшін мақтаныш, жігер мен рухтың белгісіндей.
Алайда, сондай арман жетегіндегі бозбалалар үшін ең үлкен сұрақ – бұл жол қайдан басталады? Қайда барып, кімнен білім алу керек?
Осы бағытта Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Бастапқы әскери дайындық мамандығының» педагогика ғылымдарының магистрі, бас маман, сеньор лектор Эдуард Джумагельдиевпен сұхбаттасып, жас ұрпақтың Отанға деген көзқарасы мен әскери мамандықтың маңызын тереңірек білуге тырыстық.
– Эдуард Төлегенұлы, әскери өмірге қызығушылық танытып, осы жолды таңдауға ниетті жастар аз емес. Дегенмен, олардың көбі нақты қайда барып, қандай талаптар күтіп тұрғанын толық біле бермейді. Осы орайда, айтыңызшы, әскери кафедраға кімдер қабылданады? Бұл мамандықты таңдауға қандай талаптар қойылады?
– Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жанындағы әскери кафедраға қабылдау белгілі бір тәртіп пен талаптарға сай жүргізіледі. Студенттер іріктеуден конкурс негізінде өтеді. Бұл – жай ғана ниетпен емес, нақты дайындықпен келуді талап ететін маңызды қадам. Іріктеу жыл сайын арнайы комиссия арқылы бекітілген қабылдау жоспарына сәйкес жүргізіледі.
Бүгінде екі бағыт бойынша әскери дайындық жүргізіледі. Біріншісі – запастағы офицерлер құрамын даярлау. Бұл бағдарламаға тек Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 1-курсын аяқтаған студенттері қабылданады. Үміткерлердің GPA көрсеткіші, психологиялық тест қорытындысы, медициналық тексеріс нәтижесі және жалпы дене дайындығы бағаланады. Осы кезеңнен сүрінбей өткен жастар әскери кафедрада 2 жыл білім алып, запастағы офицер дәрежесін иеленеді. Бұл бағдарлама мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша да, ақылы түрде де жүзеге асырылады.
Екіншісі – запастағы сержанттар құрамын даярлау. Бұл бағытқа Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің студенттері қатыса алады. Мұнда да негізгі талаптар – психологиялық тұрақтылық, медициналық жарамдылық және дене дайындығы. Қабылданған студенттер 1 жыл бойы әскери білім алып, сержанттар қатарын толықтырады. Бұл бағдарлама тек ақылы негізде іске асады.
– Қабылдау талаптары қатаң екені белгілі болды. Ал әскери кафедраға қабылданған студенттер мұнда нақты не үйренеді? Бұл бағыттағы оқу бағдарламасының өзіндік ерекшелігі неде?
– Иә, әскери кафедраға тек талапқа сай жастар ғана қабылданып қоймайды, олар мұнда кәсіби әскери білім мен тәртіпті де бойына сіңіреді. Біз тек қағаз жүзіндегі теорияны үйретіп қана қоймаймыз – нағыз жауынгерге тән машықтарды меңгертеміз. Оқу бағдарламасы да осы мақсатқа толықтай бейімделген.Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша білім алатын студенттер:
– «Жалпы әскери бөлімшелерді, бөлімдер мен құрамаларды жауынгерлік қолдану»,
– «Әскерлер қызметін ұйымдастыру және қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бөлімшелерін қолдану»,
– «Аумақтық қорғанысты жоспарлау және ұйымдастыру»,
– «Құрлық әскерлерінде тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру» сынды әскери пәндер бойынша білім алады. Бұл бағыттағы оқу – болашақ офицерлерді әскери бөлімдерде жауапты қызметтерді атқаруға жан-жақты даярлайды. Ал запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша оқитын студенттер «Бөлімше, есеп топ, танк, жауынгерлік машина, қондырғы командирі – атқыштық» секілді нақты әскери-есептік мамандықтармен танысады. Яғни, олар – жауынгерлік міндетті нақты орындауға бейімделген мамандар болып қалыптасады. Оқу үдерісінің тағы бір ерекшелігі – тәртіп пен жауапкершіліктің үнемі бірінші орында тұратындығында. Әскери кафедра – бұл тек білім беру орны емес, мінез бен болмысты тәрбиелейтін орта.
– Демек, студенттер нақты әскери білім алып, белгілі бір дәрежеде маман болып шығады. Ал осындай даярлықтан өткен жас әскери борышын өтеуден босатыла ма, әлде кейін қайта шақыртыла ма?
– Бұл – көп студенттің көкейінде жүретін маңызды сауал. Жауап нақты әрі заңмен белгіленген. Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша білім алған студенттер әскери борыштан босатылмайды. Яғни, бұл бағдарлама – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері үшін оқытылған резервті қалыптастыруға және офицерлер құрамының бастапқы лауазымдарын толықтыруға бағытталған. Сондықтан олар әскери кафедраны бітірген соң, Қарулы Күштердің қатарына шақырылуы мүмкін. Ал запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша жағдай сәл өзгеше. Бұл бағыттағы студенттер оқу барысында қажетті әскери машықтарды меңгеріп, даярлықтан өткендіктен, олар әскери борышын өтеуден босатылады. Яғни, сержанттар қатарындағы резервке енгізіледі. Осылайша, әскери кафедрада оқу – тек білім емес, болашақтағы әскери міндетке қатысты да нақты бір бағыт-бағдар береді. Бұл – әр жастың азаматтық ұстанымы мен таңдаған жолына байланысты шешілетін маңызды мәселе.
– Әскери дайындық тек жігіттер үшін ғана маңызды емес. Қыздар үшін де бұл салаға қызығушылық танытатындар көп. Осы ретте сұрағым келіп тұр: қыздар әскери кафедраға түсу мүмкіндігіне ие ме? Қандай мамандықтар бойынша оқытылады?
– Қыздар үшін әскери кафедраға түсу мүмкіндігі бар, бірақ белгілі бір шарттар мен талаптар қойылады. Яғни, әскери кафедраға қыздар қабылдануы үшін 1 взводтың толық құрамын жинау керек. Бұл – арнайы талап, себебі әскери дайындыққа қатысатындардың саны мен сапасы тең болуы қажет. Қыздарға да запастағы офицерлер бағдарламасы аясында әскери білім берілуі мүмкін. Бұл бағыт бойынша оқытылатын мамандықтар:
– Жалпы әскери бөлімшелерді, бөлімдер мен құрамаларды жауынгерлік қолдану,
– Әскерлер қызметін ұйымдастыру және қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бөлімшелерін қолдану,
– Аумақтық қорғанысты жоспарлау және ұйымдастыру,
– Құрлық әскерлерінде тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру. Сонымен қатар, қыздар да запастағы сержанттар бағдарламасына қатысып, «Бөлімше, есеп тобы, танк, жауынгерлік машина, қондырғы командирі – атқыштық» мамандықтары бойынша оқуын жалғастыра алады. Әскери кафедра – бұл тек ер-азаматтар үшін ғана емес, әскери қызметке қызығушылық танытқан әрбір тұлға үшін ашық есігін ұсынады.
– Сіздің ойыңызша, қазіргі жастардың әскерге, әскери дайындыққа деген көзқарасы қандай? Қандай өзгерістер байқалады?
– Соңғы жылдары жастардың әскерге және әскери дайындыққа деген көзқарасында айтарлықтай өзгерістер байқалады. Бұрындары әскерге бару көбіне азаматтық борыш, патриоттық міндет ретінде қарастырылып келсе, қазіргі таңда бұл мәселенің мағынасы кеңейіп, басқа қырларымен де бағалана бастады. Қазіргі жастардың арасында әскерге баруды тек Отан алдындағы парыз ретінде емес, болашақ мансап немесе әлеуметтік артықшылықтар тұрғысынан да бағалайтындар көп. Мысалы, әскери қызметті бірқатар жастар грантқа ие болу, құқық қорғау саласында жұмысқа орналасу немесе мемлекеттік қызметке кіру үшін маңызды қадам ретінде қарастырады. Әскерде алынған тәжірибе, тәртіп пен жауапкершілік, әсіресе, жас мамандар үшін жұмысқа орналасу кезінде жақсы артықшылық бола алады. Бұл өзгеріс қоғамда әскери қызметтің тек міндетті емес, сонымен бірге болашақ мансап үшін маңызды фактор ретінде қабылданғанын көрсетеді. Әрине, осы өзгерістер жастардың әскерге деген көзқарасын тереңдетіп, оны жаңа деңгейге көтерді. Әскер енді тек жауынгерлік дайындықпен ғана шектелмейді, ол жастардың өмірлік дағдылары мен қызметтік дамуына да үлкен әсер ететін мектепке айналды.
– Соңғы сауал, жастарға әскерден қашпай, өз борышына адал қарау туралы не айтасыз? Қандай кеңес берер едіңіз?
– Жастарға әскерден қашпай, өз борышына адал қарау – бұл тек заң алдындағы жауапкершілік емес, сонымен қатар азаматтық парыз, ерлік пен елжандылықтың көрінісі. Ел қорғау – әр азаматтың қасиетті міндеті. Бұл міндетті орындау арқылы адам өзін тек жауынгер ретінде ғана емес, нағыз азамат ретінде де қалыптастырады. Әскерге барып, Отан алдындағы борышыңды өтеп келген соң, өзіңе деген сенімділік артады, жауапкершілік пен тәртіптің мәнін тереңірек түсінесің. Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдық – ең басты қозғаушы күш. Әрбір жас өз елі мен жерінің болашағына жауапты екенін сезінуі тиіс. Ел тарихын, батыр бабаларымыздың ерлігін білу рухты көтереді, патриоттық сезімді оятады. Әскерге бару – бұл тек физикалық дайындық емес, ұлт тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне деген құрметтің көрінісі. Шынайы патриоттардың іргетасын қалаушылар – ата-ана. Олар өз балаларына адалдықты, Отанға деген сүйіспеншілікті, ел үшін қызмет етудің маңыздылығын көрсетіп, үлгі бола алады. Жастарға берер кеңесім – Отанға деген борышты атқару, өз елінің патриоты болу, тек өзіне ғана емес, бүкіл қоғамға пайда әкелетін тұлға болу.
–Сұхбаттасқаныңызға рахмет. Әскер мен әскери дайындыққа қатысты ой-пікірлеріңіз көптеген жастарға маңызды сабақ болары анық.
Жайна МӘЛІМҚОЖА