7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Тұщықұдық ауылдық окургіндегі Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінде өткен патриоттық кездесу кеші көрермендердің жүрегіне жігер мен сенім ұялатты. «Ұранды ердің – ұрпағы қайсар» атауымен ұйымдастырылған тағылымды шараға ауыл тұрғындары мен жоғары сынып оқушылары жиналып, ел қорғаны болар ерлермен емен-жарқын жүздесті.
Кешке арнайы шақырылған қонақтардың бірі – Исатай аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің капитаны Мұхамади Елнұр Қуандықұлы жас буынмен еркін әңгіме өрбітті. Әскери өмірдің қыр-сырымен бөліскен Елнұр Қуандықұлы:
– Отан қорғау – кез келген азаматтың асыл парызы. Әскер – тек тәртіп пен талап емес, ол – азаматтық болмыстың мектебі. Мұнда жігеріңді жанып, шынығасың, достық пен бауырмалдықтың қадірін терең ұғынасың. Бүгінгі кездесудегі жастардың белсенділігі мені қуантты. Қарапайым сұрақтарының өзінен елге, жерге деген жанашырлықты, патриоттық сезімді аңғардым, – деді.
Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Жұбаев Қобыланды Әділханұлы да кездесуде өзінің тәжірибесімен бөлісіп, жастарға бағыт-бағдар берер мазмұнды ойлар айтты. Оның айтуынша, мектеп қабырғасынан бастап жасөспірімдер бойына патриотизм мен жауапкершілік сезімін сіңіру – ел болашағы үшін маңызды қадам.
Кештің бір көрінісі ерекше есте қалды. Жоғары сынып оқушылары сахна төрінде әскери жаттығу түрінде қару-жарақты шашып-жинау тәсілін көрсетті. Бұл көрініс – бүгінгі жас ұрпақтың ерлікке, тәртіпке бейілдігін, Отан алдындағы борышын терең түсінетіндігін паш етті.
Залда отырған ата-аналар мен ұстаздар оқушылардың ширақ қимылын, шынайы қызығушылығын көріп марқайып қалды. Әрбір қойылған сұраққа қонақтар нақты жауап беріп, жастардың әскери өмірге деген қызығушылығын арттыра түсті.
Осындай тәрбиелік мәні терең шаралар жас ұрпақ санасында ел қорғаудың абыройлы іс екенін орнықтырады. Кеш соңында қатысушылардың бәрінің жүрегінде: «Армияға бару – парыз ғана емес, нағыз ер азаматтың ісі» деген ой берік орныққаны анық байқалды.
Мұндай кездесулер – ұлт рухын көтеретін, болашаққа сеніммен жетелейтін жарқын істердің бастауы.