Аудандық әкімдікте өткен «Үкіметтік емес ұйымдардың қызметтері жөніндегі мәліметтерді ұсыну және олар туралы дерекқорды қалыптастыру қағидалары» атты семинар-кеңестен түйгеніміз – қазіргі таңда еліміз бойынша бір кездері әлдебір қажеттіліктермен ашылып, кейіннен мән-маңызын жойған қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар өте көп екен.
Осы мәселелер жөнінде ауданымызға арнайы ат басын тіреген облыстық ішкі саясат басқармасының мамандары және аудандық мүдделі органдар басшылары тұрғындарымызға түсінік жұмыстарын жүргізді. Исатай ауданында бүгінде тіркелген қоғамдық бірлестіктер саны – 17. Аудан әкімдігінен берілген мәліметке сүйенсек, олардың ішінде 4-5-уі ғана белсенді қызмет атқарады екен. Ал белсенді емес бірлестіктер заңды тұлға есебінен шығып, ұйымқызметін доғарайын десе,ұйымды жабудың нақты жолдарын біліңкіремейді.
Бұл жөнінде түсінік берген аудандық Әділет басқармасының бастығы Сейқуат Жолжанов:
– Заңды тұлға ретінде тіркелген қоғамдық бірлестіктер, қорлар немесе үкіметтік емес ұйымдарды жабу бойынша ең әуелі облыстық халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну керек. Мұнан соң арызданушы республикалық «Заң» газетіне бірлестікті жабу жөнінде материал жариялайды, 2 ай мерзім өткеннен кейін ғана бірлестікті жабу жөнінде құрылтайшыларының қатысуымен толтырылған хаттаманы Әділет органдарына тапсырады, - деді.
Ал, белсенді әрекет етуші ұйымдардың арнайы дерекқорда мәлімет ұсынуы және есептер тапсыруы жөнінде аудандық сот судьясы Есбол Абдраманов былай деп пікір білдірді:
– Үкіметтік емес ұйымдардың өз қызметтері жөнінде ақпарат бермеуі және арнайы дерекқорда мәлімет ұсынбау мәселесі бұрын-соңды аса маңызды болып саналмағанымен, биылдан бастап ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексімен қаралады. Көріне жалған мәлімет ұсыну немесе қаражат мәселесі жөнінде есеп тапсырылмаған жағдайда бірінші рет ескерту беріліп, қайталанса, 25 айлық-есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатын болады.
Ескерте кететін бір жайт, егер есеп тапсыру ісінде түсініксіз жайттарға немесе техникалық қиындықтарға тап болсаңыз, info.npo.kz порталына немесе Атырау қаласы, Махамбет көшесі, 88-үйде орналасқан облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы коммуналдық-мемлекеттік мекемеге жүгінуге болады.
Аслан МҰРАТҰЛЫ