Сәуір айынан бастап еліміздегі барлық жанар-жағармай бекеттерінде бензин мен дизель отынының бағасы өсті. Үкімет бұл қадамды елдегі мұнай өнімдеріне тапшылықтың алдын-алу үшін жасағаны белгілі.
Жуырда ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов көмірсутек шикізатының ресурстық базасын және оны әрі қарай өңдеу үшін өндірістік қуаттарды ұлғайту бойынша нақты жұмыстар қолға алынғанын атап айтты.
Иә, бұған дейін де мамандар елде жанар-жағармай мен газға тапшылық туындайтынын ескерткен болатын. Оның үстіне, алып-сатарлар жеке бас пайдасы үшін арзан бензинді шекара асырып көрші елдерге тасымалдауды әдетке айналдырып алған. Әрине, бұл «сұр бизнестегілер» үшін тәп-тәуір табыс көзі болғанмен, елдегі жетіспеушілікті кім толтырады? «Судың да сұрауы бар» демекші, есепсіз жұмсалған қай нәрсенің соңы жақсылыққа әкелмесі анық. Сондықтан, Үкімет көрші мемлекеттермен бағаны теңестіруі тиіс еді.
Мемлекет тапшылықты жою үшін бұл шаралармен шектелмейді. Жуырда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын 6 млн. тоннадан 12 млн. тоннаға ұлғайтуды тапсырған болатын. Ал, зауытты шикізатпен қамтамасыз ету үшін Атырау–Кеңқияқ және Кеңқияқ –Құмкөл мұнай құбырларын кеңейту жобаларын іске асыру жоспарланып отыр екен.
Биыл Жаңаөзен қаласында қуаттылығы 900 млн текше метр болатын жаңа газ өңдеу зауытыныңқұрылысы басталатыны белгілі болды. Жалпы, газ саласында жылына қосымша 4 млрд. текше метрге дейін көгілдір отын алуға мүмкіндік беретін заңнамалық нормалар қабылданды.
Премьер-министр мұнай-химия секторында қуаттылығы жылына 319 мың тонна бутадиен және басқа ілеспе тауарларды өндіруге мүмкіндік беретін жоба іске асырылып жатқанын еске салды. Инвестициялардың жалпы көлемі 8,7 млрд. АҚШ долларын құрайды екен.
Сайып келгенде, мұндай шаралардың барлығы да елдегі қажеттіліктің орнын толтыруға бағытталып отыр. Көктемгі егіс жұмыстары аяқталғанға дейін фермерлер үшін дизель отынының құны өзгерген жоқ. Операторлардың шығындарын ескере отырып, шаруалар үшін республика бойынша орташа баға литріне 204 теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан 31 пайызға төмен.
Айгүл ЖҰМАЕВА,
Х. Досмұхамедов атындағы
Атырау университетінің аға оқытушысы,
экономика ғылымдарының магистрі
сурет: ашық дереккөз