Аудан орталығындағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында тұрғызылған «Ардагерлер саябағында» сол сұрапыл соғыстан оралмаған жерлестеріміздің аты-жөндері мәрмәр тасқа алтын әріппен жарқырата жазылған керемет обелиск монумент тұр. Ол монументке аудандық жұмысшы тобының бірнеше ай ішінде үлкен еңбекпен жасақтаған 1600-ден аса боздақтың тізімі жазылды.
Алайда, кейін белгілі болғандай, түрлі себеппен бұл тізімге енбей қалған кейбір жерлестеріміз жөнінде де мәліметтер анықталуда. Ол туралы «Боздақтар жайлы бір дерек» атты мақалалар топтамасында жазғанмын. Бірақ, ол мақалаларымда тек қаза тапқан жері анықталған жауынгерлердің ғана аты-жөндері жазылды. Ал, қалай, қайда қаза тапқаны белгісіз, әскери комиссариаттың жауаптарында көрсетілгендей «хабарсыз кеткен» қаншама боздақ бар, олар да соғыс құрбандары емес пе? Эшелон-эшелон болып теміржолмен майданға бара жатқан жерінен жау снаряды мен бомбасынан қаза тапқандар ше, олар тіпті әскери бөлімге барып, есепке тіркеліп те үлгермегендер ғой. Тұтқынға түсіп, фашистік концлагерьлерде азаппен өлгендері, тірі қалып, өлімші күйде елге келгесін сотталып, Сібірдің ну орманы мен қалың батпағында көз жұмғандары ше? Концлагерьден одақтас Америка мен Англия елдерінің әскерлері босатқан жағдайда, «өз еліңде сендерді соғыс тұтқындары ретінде соттап, жер аударады, одан да біздің елге жүр» деп үгіттейді екен. Бәлкім, кім біледі, кейбір бірен-саран жерлесіміз сол үгітке еріп шет ел асты ма? «Адамның басы - Алланың добы» дегендей, қай боздақ қай қырдың астында қалды? Мүмкін сотталып кеткен жылдары артында қалған жақын-туыстары іздеген болар, кейін жазасын өтеп туған жеріне оралған, бірақ соғыс ардагерлерінің тізіміне енбегендер де бар шығар?
Бұл мақаламда жоғарыда айтылған монументтегі тізімге енбеген, көпшілігінің қаза тапқандығы анықталмаған, бірақ, нақтысында соғысқа аттанып, елге кері оралмаған жерлестеріміз туралы жазбақпын. Оларды соғыстан соң аудандық әскери комиссариат арқылы ата-анасы мен әйелдері, бауырлары, тіпті, ер жеткен ұрпағы іздегені жөнінде айтпақпын. Осы боздақтар туралы білетін болсаңыздар, газет редакциясына телефон арқылы болса да хабарласуларыңызды сұраймын. Мәлімет орыс тілді ғаламтордан алынғандықтан, аты-жөнін барынша қазақшалап аудардым, ішінара кейбір әріптер сәйкес келмеуі мүмкін.
- Азинов Жұбан, 1920 жылы туған, Бегайдар ауылдық кеңесінің тұрғыны, 1947 жылы әкесі Хасанов Азин іздеген.
- Адасбаев Қайыржан, 1922 ж.т., Бегайдар, 1944 жылы 29 ақпанда Калинин облысы, Пустошкинский ауданы, Блиново деревнясы үшін шайқаста қаза тапқан. Хабарлама анасына жіберілген, есімі «Агейфа» деп жазылған. 1947 жылы бауыры Қоржынов Төремұрат іздеген.
- Айдаралиев Шаухад, 1907 ж.т., Новобогат, 1947 жылы әйелі Дәрмен іздеген.
- Айтмағамбетов Сабихан, 1918 ж.т., Новобогат, 1949 жылы анасы Бөлесова Сұлу іздеген.
- Айтшев Сағынғали, 1918 ж.т., Жанбай, 1953 жылы Гурьев қаласынан әкесі Айтшев Қаби іздеген.
- Алғуатов Құсайын, 1924 ж.т., Манаш, 1957 жылы Дамбы ауылынан анасы Дүйсенбекова Айғанша іздеген.
- Алиев Айбат, 1918 ж.т., Мыңтөбе, 1955 жылы әйелі Шолпан іздеген.
- Амиров Ибат, 1922 ж.т., Жанбай, 1948 жылы бауыры (брат деп жазылған) Берниязов Сәлім іздеген.
- Амиров Мардан, 1924 ж.т., Новобогат, 1947 жылы анасы Исмагулова Әлипа (Әмина) іздеген.
- Арыстанов Құспан, 1904 ж.т., Манаш, 1942 жылы 4 мамырда Ленинград облысы, Старорус ауданы, Александровка деревнясы үшін шайқаста қаза тапқан. Хабарлама әйеліне жіберілген, есімі «Шуркай» деп қате жазылған. 1949 жылы әйелі Шарқат іздеген.
- Ахашев Сабыр, 1905 ж.т., Айбас, 1947 жылы әйелі Адияш іздеген.
- Ахметов Арыстан, 1922 ж.т., Новобогат, 1953 жылы әкесі Калиталин Ахмет іздеген.
- Ахметов Ғалымжан, 1905 ж.т., Бабан, 1947 жылы әйелі Рушан іздеген.
- Ахметов Құбай, 1919 ж.т., Мыңтөбе, 1949 жылы анасы Кукубаева Сақыпжамал іздеген.
- Ахметшеев Катай, 1923 ж.т., Забурын, 1947 ж. қарындасы не апасы (сестра деп жазылған) Ахметшеева Бәтима іздеген.
- Ахметов Мусал, 1913 ж.т., Мыңтөбе, 1942 жылы 15 қыркүйекте Калинин облысының Ржев қаласы үшін шайқаста қаза тапқан. Хабарлама әйеліне жіберілген, есімі «Тупар» деп қате жазылған. 1955 жылы әйелі Жұпар іздеген.
- Ахтанов Салахаден, 1912 ж.т., Мыңтөбе, 1950 жылы әйелі Сағира іздеген.
- Ахудин Зинау (Зинал), 1918 ж.т., Новобогат, 1948 жылы анасы Сартамбетова Ағиба іздеген.
- Аюпов Мүти, 1917 ж.т., Новобогат, 1947 жылы әкесі Әубәкіров Аюп іздеген.
- Әбілов Еңсеген, 1913 ж.т., Забурын, 1947 жылы әйелі Тәбила іздеген.
- Әбілқайыров Жүністен, 1905 ж.т., Мыңтөбе, 1947 жылы әйелі Әубәкірова Дидар іздеген.
- Әбілқайыров Сәби, 1900 ж.т., Жанбай, әйелі Бихан 1947 жылы іздеген.
- Әбілқасимов Тағат, 1917 ж.т., Бегайдар, 1947 жылы әкесі іздеген, есімі «О...» деп жазылған.
- Әбуов Ихсан, 1912 ж.т., Орпа, 1947 жылы әйелі Мария іздеген.
- Әбуов Махут, 1916 ж.т., Мыңтөбе, 1947 жылы әйелі Жібек іздеген.
- Әлімғалиев Мәлік, 1919 ж.т., Забурын, 1947 жылы әкесі Сұлтанғалиев Әлімғали іздеген.
- Әлішев Минажеден, 1925 ж.т., Забурын, 1957 жылы әкесі Оспанов Әліш іздеген.
- Әлішев Нәжмиден, 1911 ж.т., Забурын, 1957 жылы әкесі Оспанов Әліш іздеген.
- Әмірғалиев Нүрес, 1913 ж.т., Новобогат, 1948 жылы Гурьев қаласынан әйелі Қалампыр іздеген.
- Әміржанов Қалеш, 1918 ж.т., Забурын, 1947 жылы анасы Нұрманова Батиха іздеген.
- Әміржанов Сәрсенғали, 1916 ж.т., Новобогат, 1942 жылы 16 қыркүйекте Воронеж қаласы үшін шайқаста қаза тапқан. Хабарлама «Аманкелді» колхозына, анасына жіберілген, есімі «Майда» деп қате жазылған. 1949 жылы анасы Майля іздеген.
- Әубәкіров Стамғали, 1925 ж.т., Бабан, 1952 жылы Бегайдар ауылдық кеңесінен әкесі Сұлтанов Әубәкір іздеген.
- Әжіғалиев Аманғали, 1921 ж.т., Манаш, 1943 жылы 17 қыркүйекте Украинаның Чернигов облысы, Сосницкий ауданы, Змитнев деревнясы үшін шайқаста қаза тапқан. Хабарлама «Қызыл балық» колхозына, әкесіне жіберілген, «Жукалов» деп жазылған. 1947 жылы бауыры Әжіғалиев Сидеғали, 1950 жылы әкесі Жукалов Әжіғали іздеген.
(Жалғасы бар)
Еркін ЖҰМАЖАНОВ,
Аққыстау ауылы