Бүгін «Nur Otan» партиясы Исатай аудандық сайлауалды штабының жетекшісі Айбатыр Бекішұлы, аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер Сәкен Шарапиден, Серікқали Әубәкеров, Жасұлан Құлғалиев, Ақкүміс Аманбаева, Күнсұлу Хисметова, Қазбек Көшәлиев және «Жас Отан» жастар қанатының мүшелерінен құралған топ «Есіктен-есікке» акциясы аясында тұщықұдықтық тұрғындармен кездесті.
Үйлерді аралап кездесу өткізген үміткерлер тұрғындарға «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген 2021-2025 жылдар аралығына жоспарланған ауданымызда жасалатын бірқатар ірі жұмыстар жайында кеңінен түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ үміткерлер партияның алдағы жылдарда атқарылуға жоспарлаған сайлауалды бағдарламасында көрсетілген жұмыстардан бөлек, тұрғындардың қажеттілігін, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, халықты толғандырған сауалдарға жауап берді. Мәселен, бүгінде бір үйдің ғана емес, тұтас ауылдың абыз ақсақалы атанып отырған Жұбан Мардашев атамыз өзі тұрып жатқан Тұщықұдық ауылында бүгінде ескірген, күрделі жөндеуді қажет ететін мекеме орындарының бар екенін атап, «Nur Otan» партиясы алдағы жылдарда осы мәселе төңірегінде де сүбелі жұмыстар атқарса деген ұсыныс-тілегін жеткізсе, осы ауылдың тұрғыны Зеріп Сапабекова әжеміз «Nur Otan» партиясының қолдауымен өткен жылдарда денсаулығына байланысты мүгедектігі бар өзінің немересіне көптеген әлеуметтік көмек болғандығын айтып, «Nur Otan» партиясын халықпен етене жақын жұмыс жасап, мұң-мұқтажын тыңдай білер партияның бірі деп есептейтінін жеткізді. Ал, 8 баланы өмірге әкелген, тұщықұдықтық көпбалалы ана Жамила Бисалиева бүгінде мемлекет тарапынан үй алуға кезекте тұрғанын, бірақ кезектің уақытының баяулығын айтып, үміткерлерден тұрғын үй құрылысына қатысты өз толғандырған сауалдарына жауап алды.
- Бүгінгі күні «Есіктен-есікке» акциясы аясында үй-үйлерді аралап Тұщықұдық тұрғындарымен кездесу жүргізіп жатырмыз. Ондағы мақсатымыз алдағы өтетін сайлауға байланысты аудандық «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген бірқатар ірі жұмыстардың жоспарын тұрғындарға толықтай таныстырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу болатын. Осы кездесуде олардың ұсыныс-тілектеріне де құлақ салып, аталған мәселелер төңірегінде тиісті жауаптарын беріп жатырмыз. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында 2021-2025 жылдар аралығында аудан бойынша, соның ішінде Тұщықұдық ауылында көгалдандыру жұмыстарын, жазғы су құбыр желісін, Қызыл үй, Жасқайрат ауылдарында газ құбырын жүргізу, Тұщықұдық дәрігерлік амбулаториясын күрделі жөндеу, денсаулық саласының мамандарының тапшылығын шешу, білім саласының дамуын басты назарда ұстау, ауылішілік жолдарды қайта жаңғырту, Қызыл үй елді мекеніне кірме жол салу, ауыл жастарын тұрақты жұмыспен қамту секілді міндеттер қарастырылған, - дейді аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Серік Әубәкіров.
Аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлердің бірі – Сәкен Шарапиден. «Nur Otan» партиясының сарабдал саясатының нәтижесінде бүгінде еліміз дамыған ірі мемлекеттермен іргелес елге айналып отырғанын жеткізді.
- Бүгінгідей еліміздің қарқынды дамып келе жатырғанының өзі партияның жүргізіп отырған саясатының дұрыстығынан деп білемін. Өз ауданымызда да қазірге дейін көптеген келелі мәселелер шешіліп, ауданымыз жылдан-жылға мейлінше дамып, көркейіп келе жатыр. Дейтұрғанмен аудан өңірінде әлі де түйіні тарқатылмай келе жатқан мәселелер де жоқ емес. «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасында көптеген түйінді мәселелерді қамтыған болатын. Сондай-ақ тұрғындардың мұң-мұқтажын, ұсыныс-тілектерін де назардан тыс қалдырмай келеді. Осы мақсатта бүгінде үміткерлер белсенділігін танытып, халыққа сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр, - деді ол.
«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары барлық топтағы халықтың мүддесін қорғау және халық пен билік арасындағы байланыстырушы буын болу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға бағытталғанын баса айтқан жөн. Үгіт-насихат жұмыстары санитарлық талаптарға сәйкес қауіпсіздік шаралары қатаң сақталып, өткізілуде. Кездесу соңында, халық қалаулылары саяси науқан кезінде «Nur Otan» партиясына дауыс беруге шақырып, тұрғындардың сайлау кезінде белсенділік пен байыптылық танытатындықтарына сенім білдірді.
Әділбек СЫРЫМОВ
"Nur Otan" партиясының Атырау облысы, Исатай ауданының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді