Әр әулеттің өзіндік тарихы бар. Бір әулетті кәсібі дараласа, бірінің болмыс-бітімі мен мінезі ерекшелендіреді, ал енді бірінің абыройы өнерімен айқындалады. Қазақта «Атың адамды сүйретпесе, адам атыңды сүйретеді» деген нақыл бар. Дегенмен кей әулеттің ерекшелігі тек есімінде ғана емес, сол есімнің жалғасуында жатыр. Мәселен, Тұщықұдық ауылында бір әулет бар. Оларды жұртшылық «Ғалилардың әулеті» деп атайды. Бір қарағанда, бұл жай ғана сәйкестік секілді көрінуі мүмкін. Алайда тереңірек зер салсақ, мұның астарында ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан дәстүр, отбасы тәлім-тәрбиесінің айқын ізі жатқанын байқаймыз.
Бұл әулеттің арғы аталары – Иманғали, Өтешқали, Жәрдемғали, Орынғали, Рахметқали, Тілекқали. Бір-бірінен бөлек тағдыр кешкенімен, есімдеріндегі ортақ әуен оларды бір арнаға тоғыстырғандай. Бірінен бірі жалғасып жатқандай. Әрбір есімнің түбірі бөлек, бірақ соңындағы «ғали» бәрін бір арнаға тоғыстырып тұр. «Ғали» сөзі араб тілінен аударғанда «ұлы, асқақ, мәртебелі» деген мағынаны береді. Мүмкін сол себепті де аталарымыз балаларын осылай атаған болар. Бұл – жай ғана әуезділік емес, бұл – мән мен мағынаға толы сабақтастық. Қазақта «есім – адам тағдырына әсер етеді» деген түсінік бар. Балаға ат қою – ата-ананың арман-тілегінің айнасы. Осы әулет балаларына «ғали» есімін беру арқылы бір-біріне рухани жіппен жалғасып тұрғандай.
Сол аталардың арасынан бүгінде ел ішінде абыз ақсақал болып отырғаны – Рахметқали мен Тілекқали. Екеуі де бір әулеттің берекесі, жас буынға ақыл айтып отырған ардақты жандар. Олардың әңгімесін тыңдасаң, әр сөзінің түбінде ғибрат бар.
Осы аталардың ішінде, әулеттің ардақтысы Орынғали ақсақалдың орны бөлек. Оның балалары – Шұға, Бақтығали, Жолдасқали, Ұштап, Исламғали, Мейрамгүл, Дәурен, Үзілдік. Әсіресе Бақтығали, Жолдасқали, Исламғали, Дәурен секілді ұлдарының аты әулеттің дәстүрін сақтап, «ғали» жалғауын жалғастырып келеді. Ал кенжесі – Дәурен. Мұнда бір ерекшелік бар. Әркім алғаш естігенде «неге өзгеше?» деп таңырқайды. Бірақ әке жүрегінде оған да сыр жасырылған. «Дәурен» – өмірдің өзі, уақыттың жалғасы. Демек, Орынғали ақсақал кенжесінің атын дәстүрді үзбей, қайта толықтырғандай. Өмірдің дәурені – ұрпақ жалғастығы емес пе? Бұл есім арқылы әке өз әулетінің ғұмыры дәурен болып жалғаса берсін деген ырымын білдіргендей. Бұл – әке аманатын, ата дәстүрін, әулеттік бірлікті сақтаудың бір жолы.
– Әке-шешеміз бізге жақсы ат қойсын, өмірімізге жарық болсын деп ырымдайтын еді. Сол дәстүрді біз де сақтадық. «Ат қою – тек атау емес, ол – аманат»деп отыратын. Осыны әкем Орынғали ақсақал жиі қайталап айтушы еді, ал оның ұлы – мен де әкемнен естіп, үлгі еттім. Міне ұрпақтар сабақтастығы деген осы болар,- дейді Исламғали Орынғалиұлы.
Қызығы, осы әулеттің басқа аталарынан тараған ұрпақтарда «Ғали» жалғауы сақталмаған. Тек Орынғали ақсақалдың балалары ғана дәстүрді жалғастырып, әулеттің «ғали есімділер» атауын бүгінге жеткізген.
Бұл әулеттің тарихын тыңдаған жанның көкейінде бір ой қалады: дәстүрді сақтау үшін үлкен істі атқару міндет емес. Кейде бір ғана есімнің өзі тұтас әулеттің шежіресін арқалап жүре береді. Отбасы күні – әр шаңырақтың тарихын қастерлейтін мереке. Қазақы дәстүрдің қайнары да осындай әңгімелерден табылады. Ал Тұщықұдықтағы «Ғалилар әулеті» – солардың жарқын мысалы.
Камилла КАКИМҚЫЗЫ