Исатайлықтарға білім беру ісіндегі бірегей тәрбиеші, білікті басшы, ұлағатты ұстаз ретінде танымал әрі Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» байқауының төсбелгісі мен Қазақстан білім министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері, Исатай аудандық мәслихатының №4 сайлау округінен II-V-ші сайланымдардағы депутаты болған, бүгінде Тұщықұдық ауылдық округінің Аналар кеңесінің төрайымы Қайырлиева Балғаным Қуандыққызының 70 жас мерейтойы Нариман Үлкенбаев атындағы мәдениет үйінде өтті.
Нәзікжанды ару болғанымен, жастайынан қызу еңбекке ерте араласып, қоғам өміріне біте қайнасқан Балғаным Қуандыққызының ерен еңбегі мен толағай жетістіктеріне жерлестері куә. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен», отбасы мен қоғам өміріне ұйытқы болған Балғаным апайдың кеші «Есімі еңбегімен еленген-Ана» деп текке аталмаса керек. Аталған кездесуде өткен тарих жаңғырып, сырлы әңгімелер шертіліп, Балғаным Қайырлиева есті естеліктерді еске ала отырып, сан сауалға жауап берді. Сыр-сұхбат түрінде өткен кездесу кешке Балғаным апайдың замандастары, ұжымдастары мен Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Айбатыр Бекішұлы, аудандық мәслихат төрағасы Нұрым Мусин, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Венера Мұхитова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жансих Маштахов пен аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Гүлбану Қабулова және аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, Атырау облысының аудандағы қоғамдық келісім кеңесінің сарапшысы Ерболат Насимуллин, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нурия Хамзақызы қатысты.
1953 жылдың 10-ыншы сәуірінде анау Айбас ауылында дүниеге келген Балғаным Қайырлиева- Тұщықұдық топырағынан табан аудармаған, осында оқып, еңбек етіп, отбасын құрып, ұрпақ өсірген абзал да аяулы жан. Әртүрлі саладағы ұзақ жылғы қызметінде тек «Құлыншақ» балабақшасының меңгерушілігінде 33 жыл бойына тынымсыз тер төккен. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі атанып, «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» байқауының төсбелгісін тағынып, мемлекеттік наградалар иеленді, Құрмет грамоталарымен мадақталды, Алғыс хаттармен ұлығыланды. Бір ғана дерекке тоқталсақ, 2014-2015-інші оқу жылында ол басқарған «Құлыншақ» балабақшасы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2014-інші жылғы 9-ыншы ақпандағы №408 бұйрығына сәйкес «Мектепке дейінгі ұйымдардағы жаңа технологиялармен білім беретін оқу бағдарламаларын сынақтан өткізу алаңы» болып бекітілді, балабақша облыс бойынша тірек балабақшасы болып, шығармашылық жұмыстарымен республика көлеміне танылды.
Балғаным Қуандыққызының ерекше бір қыры – ауданның, ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласуы. Ол сонау 1980-інші жылдан бері селолық әйелдер кеңесінің, кейіннен ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы болып жемісті жұмыс жасап келеді. Ұйымның ұйытқы болуымен құрылған бір кездегі «Батыр аналар», бүгінгі «Аналар» ансамблі, «Хор» өнер ұжымы аудан, облыс көлеміне кеңінен танылды. Оның аудандық мәслихатының екінші, үшінші, төртінші, бесінші шақырылымдары депутаты, тұрақты комиссиялар төрайымы ретінде де елге еткен еңбегі аз болмаған. Бүгінде зейнет демалысындағы ол ауыл, аудан, облыс көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуымен баршаға үлгі болып келе жатқан жан. Ол – аудандық Аналар кеңесінің, «Алқа билер» кеңесінің мүшесі, Исатай ауданы бойынша «Модератор», Тұщықұдық ауылдық округі қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы. Балғаным Қуандыққызының биылғы жылы Тұщықұдық ауылдық округі мен ауылдық Аналар кеңесі бірлесе өткізген аудандық деңгейдегі «Бала – өміріміздің жалғасы» тақырыбындағы семинарды өткізуге өзі ұйытқы болуы да оның білімі мен білігін, қажыр-қайратын, тәрбие ісіндегі мол тәжірибесін таныта түскен игі істерінің бірі болды. Осыған қарап-ақ ауданымызда гендерлік саясаттың бір арнаға түсіп, қалыптасқанын аңғаруға болады.
Кештің шымылдығын «Құлыншақ» бөбекжай балабақша бүлдіршіндерінің құттықтау өлең жолдарымен ашылды. Тәрбиеленуші балалар Балғаным Қуандыққызына арнап, бірінен соң бірі былдырлаған тәтті тілдерімен өлең жолдарын жатқа айтып, гүл шоғын табыстады. Гүл шоқтарын құшағына қысып, қуаныштары қойындарына сыймай келген жұртшылық Балғаным апайды мерейтоймен жарыса құттықтады.
–Құрметті Балғаным Қуандыққызы, сіз барлық саналы ғұмырыңызды жас ұрпақ тәрбиесіне арнап,еліміздің ертеңін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқан ардагер педагогтардың бірісіз. Өзіңіз басшылық еткен «Құлыншақ» балабақшасының үлгілі жұмысының арқасында республикадағы ең мықты мектепке дейінгі тәрбие беретін мекемелердің қатарынан орын алды. Сонымен қатар сіз қоғамдық жұмыстардан тыс қалмай, халық қалаулысы атанып екінші, үшінші, төртінші және бесінші шақырылымдардағы аудандық мәслихатының депутаты ретінде билік пен бұқара арасындағы алтын көпір бола білдіңіз. Сөйтіп, ауданымыздың әлеуметтік- экономикалық дамуы мен ауылдастарымыздың тұрмыстық жағдайының жақсаруына өз үлесіңізді қостыңыз. Осындай көптеген қызметтеріңіз үшін ризашылық білдіре отырып, мерейлі 70 жасыңызбен құттықтап, деніңізге саулық,отбасыңызға бақыт тілеймін,-деп ізгі тілегін арнаған аудандық мәслихат төрағасы Нұрым Мусин аудан әкімі Полымбет Хасановтың Құттықтау хатын табыстап, иығына камзол жапты.
- Есімі еңбегі мен еленген ана. Бүгінгі шараның тақырыбы Балғаным Қуандыққызына дөп басып айтылғандай. Әрбір адамның өзіндік ғұмыр жолы бар десек, Балғаным ханым саналы ғұмрын ұрпақ тәрбиелеуге, ауданның мерейі үшін қызмет етуге арнаған ұлғатты жан. Бүгінгі мерей тойға арналған кездесу кешінің де берер пайдасы мен тағылымы ерекше. Сан түрлі салада қызмет жасап, биік белестерді бағындырған Балғаным ханымның ғұмыр жолы ерекше әрі үлгі деуге толық негіз бар. Қай салада өзіндік қолтаңбасы мен сара жолы бар Балғаным Қайырлиеваның еңбек жолы баршамызға мәлім. Мерей тойыңыз құтты болсын! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін, бейнетіңіздің жемісін көріңіз,-деп Тұщықұдық ауылының әкімі Айбатыр Бекішұлы алғашқылардың бірі болып құттықтап,Құттықтау хат пен естелік сылық табыс етті.
Кездесу кешінде аудан өнерпаздары өнер көрсетіп,әсем ән мен тәтті күй де ойналды. Балғаным Қуандық қызы кеш барысында Еңбек еткен жылдарында есте қалған қызық оқиғамен бөлісіп, алғашқы ұстазын да еске алып бұдан бөлек көптеген сауалдарға жауап берді. Шара соңында дирижер Шұға Қайырлиеваның жетекшілігімен Тұщықұдық хор ұжымының орындауындағы «Ана-ұстаз» әні шырқалды.
Жайна МӘЛІМҚОЖА