Жыл сайын 18 сәуір Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні ретінде атап өтіледі. Бұл күннің басты мақсаты – адамзаттың ортақ мұрасы саналатын тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау ісінің маңыздылығына қоғам назарын аудару, ұрпақ санасына оның қадір-қасиетін сіңіру.
"Таза Қазақстан" акциясы аясында Исатай ауданы аумағындағы тарихи ескерткіштер мен кіші архитектуралық формаларға, саябақтар мен алаңдарға тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ауқымды шараға аудан әкімдігі, аудандық мәслихат, дербес бөлімдер мен мекеме ұжымдары, жастар, еріктілер және ауыл тұрғындары белсене қатысты.
– Бұл шара бір күндік сенбілікпен шектелмейді. Тарихи мұраларымызды көздің қарашығындай сақтау – әрбір азаматтың парызы. Атаулы күнге орай аудандағы ескерткіштер мен тарихи орындардың айналасына тазалық жұмыстары жүргізіліп, абаттандыру бастамалары қолға алынды. Бұл шаралар биылғы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай да ұйымдастырылып отыр,-деді аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқали.
Сенбілік аясында орталық алаңдағы Исатай Тайманұлы ескерткіші, «Qazaq eli» саябағы, Ардагерлер аллеясы, Тәуелсіздік алаңындағы монументтер мен стеллалар, сондай-ақ өзге де тарихи-мемориалдық нысандар жан-жақты тазартылып, ретке келтірілді. Тарихи ескерткіштер – халықтың өткенінен сыр шертетін шежіре. Оларды құрметтеу, қорғау – ел тарихына, тәуелсіздікке деген зор құрметтің көрінісі.
Сағыныш ҚАЙЫР