Исатай аудандық мәслихатының шығып қалған депутатының орнына өткен 28 қазандағы сайлаудың қорытындысымен №10 сайлау округі бойынша дауыс беруге қатысқан забурындық 659 сайлаушының 454-інің дауысын иеленіп, бәсекелестерінен басымдық танытқан депутаттыққа кандидаттардың бірі, «Атамекен» ҰКП Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Нұрым Мусин жеңіске жеткен болатын.
Бұл жөнінде оқырмандарымыз осы басылымда жарияланған Исатай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының хабарламасы арқылы құлағдар болса керек.
Сейсенбі күні болған аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХХ сессиясында аудандық мәслихатты сайлау жөніндегі №10 сайлау округінен депутат болып сайланған Нұрым Бекежанұлы Мусиннің депутаттығы танылды. Күн тәртібінде басқа да мәселелер қаралған аталмыш сессия барысында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А.Бекішұлы жаңа депутатқа депутаттық төсбелгісі мен куәлігін табыстады.
Жоламан Дәулетияр