FSM SOCIAL: БІР ЖҮЙЕ – МЫҢ ТАҒДЫР

 

Қоғамда әр отбасының өз тағдыры, әр адамның өз сыны бар. Кейде өмірдің тосын сынағына тап болған жанға бір сәттік қолдау – бүтін тағдырды өзгертетін күшке айналуы мүмкін. Осындай сәтте көмекті кешіктірмей, нақты әрі дер кезінде ұсыну – бүгінгі әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты. Осы мақсатта ауданда жаңа цифрлық бастама – FSM Social платформасын таныстыруға арналған оқыту семинары өтті. Бұл жүйе – өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды ерте анықтап, оларға көрсетілетін көмекті автоматтандырылған түрде тиісті салаға бағыттауға арналған заманауи құрал.

Семинарды ұйымдастырған –  аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен оның жанындағы ауданның Отбасын қолдау орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен жүзеге асуда.

Жаңа платформаны енгізу арқылы әлеуметтік қолдау шараларын цифрландыру көзделіп отыр. Ал аудан әкімінің өкімімен бекітілген мобильдік топ өкілдері осы жүйемен жұмыс істеуді үйреніп, болашақта нақты отбасыларға нақты көмекті жылдам ұсынатын болады.

Дәл осы платформаны түсіндіру және мобильді топтардың жұмыс процесіне енгізу жолдарын үйретуге арналған семинар жұмысына республикалық және облыстық деңгейдегі тәжірибелі сарапшылар қатысты. Олардың қатарында Жамбыл облысындағы Отбасын қолдау орталығының бас сарапшысы, жоба кеңесінің пул сарапшысы Эльмира Мырзағали, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының жетекші мамандары Жазира Жоламан мен Асқар Ташенбаев, сондай-ақ FSM Social платформасының әзірлеушісі Әділет Орашев, Мақат аудандық Отбасын қолдау орталығының директоры Жанат Қайрулдаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері Жанар Қайседенова мен Райгүл Талғатова бар.

Семинар барысында FSM Social платформасын қолданудың негізгі бағыттары мен тетіктері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Жүйенің бас-ты артықшылығы – өмірлік қиын жағдайдағы азаматтарды ерте анықтап, сол туралы белгі (сигнал) беру арқылы орталықтандырылған көмек көрсету жүйесін іске қосу.

 

 

Жоба сарапшысы Эльмира Мырзағали бұл жүйенің маңызын нақты мысалдар арқылы баяндап берді:

– Әрбір қызметкерге жеке логин мен пароль беріледі. Логин – ЖСН, ал бастапқы пароль – қарапайым, 1-ден 8-ге дейінгі сандар реті. Жүйеге кірген соң өз учаскеңіздегі көмекке мұқтаж отбасыларды анықтап, сол бойынша белгі бересіз. Бұл ақпарат бірден Отбасын қолдау орталығына түседі. Одан әрі орталық әр отбасы бойынша жеке жоспар әзірлеп, тиісті мекемелерге бағыт береді. Мәселен, құқық қорғау органдарының көмегі қажет болса – полицияға, медициналық көмек керек болса – денсаулық сақтау саласына, білімге қатысты болса  білім бөліміне жолдайды,-деді сарапшы.

Ал платформаның авторы Әділет Орашев жүйенің техникалық мүмкіндіктерін іс жүзінде көрсетті. Қатысушылар мобильді қосымшаның көмегімен сигнал беру процесін тәжірибе жүзінде қолданып көріп, оның жылдам әрі оңай қолдануға болатынына көз жеткізді.

Жиын соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды. Мамандар жүйені тиімді қолдану жолдарын үйретіп қана қоймай, жергілікті мобильді топтардың жұмысына серпін беретін тың идеялармен бөлісті. Барлық қатысушыларға алғыс айтылып, семинар өз мәресіне жетті.

Бүгінгі қоғамда қиын жағдайға тап болған отбасыларға уақытылы және жан-жақты көмек көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Ал бұл саладағы жұмыстардың цифрландырылуы өз кезегінде көмек көрсету жүйесінің сапасы мен жеделдігін арттырады. «FS Social» платформасының енгізілуі – осы бағыттағы тың серпілістің, жаңа бетбұрыстың белгісі. Ең бастысы, бұл жүйе нақты отбасының нақты мәселесін кешенді түрде шешуге бағытталған. Бұл – жай платформа емес, өмірді өзгертетін құрал. Себебі цифрлық шешімнің ар жағында  адамның тағдыры тұр.

FSM Social – дер кезінде берілген бір сигналдың бүтін бір отбасының болашағын өзгертуі мүмкін екенін еске салады. Цифрлық жүйе арқылы көрсетілген шынайы жанашырлық – бүгінгі қоғамда әлеуметтік әділеттілік пен адами қамқорлықты нығайтудың жарқын үлгісі. Ал оны жүзеге асыратын – дәл қазір осы платформаны меңгеріп жатқан жергілікті мамандар. Демек, әр сигналдың артында үміт, әр әрекеттің түбінде жауапкершілік бар.

  

 Камилла  Какимқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT