Жан-жақты дамыған, сауатты да салауатты тұлға қалыптастыру мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті болып табылады. Дені сау ұрпақ тәрбиелеу үшін оның салауатты өмір сүруіне жағдай жасауымыз керек. Әлемдегі ең жанкүйерлері көп спорт түрі-футбол десек әсте қателеспейтін болармыз. Жасы кіші мен үлкенді де өзіне баураған аталмыш спорт түрі денсаулыққа аса пайдалы әрі тартысты ойын түрі. Оған қоса жыл сайын футзалға қызығушылық танытатын жастар саны күннен-күнге саны арта түсуде. Бұл да еліміздегі спорттың дамуының бір көрінісі. Осыған орай аудандық «Барыс» балалар- жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының ұйымдастыруымен 7-8-9 сынып оқушылары арасында футзалдан ұлдар арасында аудандық біріншілік өтті.
Жарысқа аудан бойынша сегіз команда қатысып, барлығы 80 оқушы бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектебі жүлделі І орын қажығаға байласа, Аққыстау орта мектебі ІІ орын иеленді, ал ІІІ орынға Абай атындағы мамандырылған мектеп-гимназия-интернаты ІІІ-орынға табан тіреді. Сонымен қатар, Аққыстау орта мектебінің оқушысы Нұртілек Ғинетолла «Үздік қақпашы», Абай атындағы мамандырылған мектеп-гимназия-интернатының оқушысы Бекзат Жақсығали «Үздік қорғаушы» және Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектебінің оқушылары Нұрасыл Нұрлан «Үздік шабуылшы»,Мейрамбек Жеңісбекұлы «Үздік ойыншы» атанды.
Сондай-ақ, футзалдан қыз балалар арасында дәл осы тектес аудандық біріншілік өтіп, аудан үздіктері анықталды. Жарысқа 4 команда қатысып, барлығы 50оқушы бақ сынады. Жарыс нәтижесінде Новобогат орта мектебі жүлделі І орын иеленсе, Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектебі ІІ орын алды, ал ІІІ орынды Аққыстау орта мектебі өз қанжығаларына байлады. Жарыста ерекше көзге түскен қатысушылар да жоқ емес, атап айтқанда Аққыстау орта мектебінің оқушысы Дильназ Қуаныш «Үздік қақпашы», Өркен орта мектебінің оқушысы Назира Нұрғали «Үздік қорғаушы» және Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектебінің оқушылары Ардақ Ақылбекқызы «Үздік шабуылшы» және Новобогат орта мектебінің оқушысы Мадина Мұрат «Үздік ойыншы» атанды. Оған қоса жарыс жеңімпазы атанған команда облыстық кезеңге жолдама алды.
Жайна МӘЛІМҚОЖА