Ғасырлық тұлғаға арналған ғылыми-танымдық жиын өтті

 

Тұщықұдық ауылының төріндегі Нариман Үлкенбаев атындағы мәдениет үйі ерекше рухани тағылымға толы сәттің куәсі болды. Мұнда ұлағатты ұстаз, дарынды музыкант, өнерпаз тұлға Ғибатолла Мәсәлімовтің өмірі мен қызметіне арналған ғылыми-танымдық конференция өтті. Ұстаздың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл жиын – елдің рухани тарихын жаңғыртып, тарлан тұлғалардың еңбегін түгендеген мәнді басқосу.

 

 

Атырау өңірі – тарих пен тағылымға бай мекен. Елінің азаттығы үшін найза көтерген Исатай мен Махамбет, кең даланы күйімен тербеткен Құрманғазы мен Дина, поэзияның тынысын ашқан Хамит пен Фариза, елге тұтқа болған Зәкеш Қамалиденов, ұлағатты ұстаздар, жүйрік домбырашылар – бәрі де осы өлкенің рухани қазынасы. Сол қазынаның бір арнасы, ел жүрегінде өшпес із қалдырған тұлғаның бірі – Ғибатолла Мәсәлімов.

 

 

Нарын құмының Бабан ауылдық кеңесіндегі Артығали шағылында дүниеге келген ол жасынан өнер мен білімге ден қойып, 17 жасынан бастап бар ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнады. Үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық, балаға жанашырлық танытқан ұстаздың адамдық болмысы жиынға қатысушылардың ілтипатына бөленді.

 

 

Конференцияның ашылуында Исатай ауданының әкімі Нұрым Мусин сөз сөйлеп, Ғибатолла Мәсәлімовтің аудан руханиятына қосқан үлесін атап өтті. Оның өнегелі жолы – бүгінгі жас буын үшін тәрбие мектебі екені айтылды. Жиында атамыздың немересі Ринат Төлегенұлына, жиеніне және қызы Болған Ғибатоллақызына аудан әкімдігі атынан шапан жабылып, құрмет көрсетілді.

 

 

Өлкетанушы-журналист Мәди Өтеғалиев өз сөзінде ұстаздың музыкалық және педагогикалық қызметіне жан-жақты тоқталып, оның ауыл мәдениетінің қалыптасуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

— Оның ұстаздық ұстанымы – баланың қабілетін танып, талантын ашу, шығармашылыққа сүйіспеншілік қалыптастыру еді, — деді ол.

 

 

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Алма Әзидоллақызы да педагогтің өнерге адалдығын, әр шәкіртке уақыт бөліп, қабілетін шыңдауға атсалысқан жанкешті еңбегін атап өтті. Оның мұрасы – аудан мен облыс мәдениетінің даму тарихындағы құнды із.

 

 

Ғибатолла Мәсәлімов атындағы орта мектептің директоры Фарух Ғатауұлы ұстаз есімінің мектеп өмірінде жүйелі насихатталатынын баяндады. Мектепте арнайы бұрыштар ашылып, педагогтің өмір жолын бейнелейтін экспозициялар қойылған. Сонымен қатар ғылыми жобалар, өнер үйірмелері, шығармашылық бастамалар арқылы оқушылардың қабілетін дамытуға жағдай жасалып келеді. Директор педагогтің адамгершілік пен өнерге негізделген әдістемесі бүгінгі тәрбие жұмысында да үлгі болып отырғанын атап өтті.

 

 

Шарада сөз алған ұстаздың қызы Болған Ғибатоллақызы әкесінің өмірінің қысқа болғанына қарамастан, ел ағалары мен шәкірттерінің еңбегі арқасында есімі мәңгілікке сақталғанын тебірене жеткізді.

— Әкем 1995 жылы 35 жасында өмірден өтсе де, Хабимолла Ризуанов, Жанай Беркалиев ағаларымыздың бастамасымен бұрынғы Амангелді Имашов атындағы орта мектеп оның есімін иеленді. Бұл – көп жылдық қажырлы еңбектің нәтижесі, — деді ол.

 

 

Сондай-ақ педагогтің шәкірттері туралы да әсерлі естеліктер айтылды.

— Олар өнерлі, домбыраға бейім, еліміздің мәдениетіне үлес қосқан азаматтар болды. Қамысқаладағы 80 жылдық мерейтойда Жанай мен Алламберген ағаларым сырнайда, өзге ағай-апайлар домбырада бірнеше күйді орындап, көрерменді тәнті етті. Нұралы ағам жыр арнап, Алламберген мен Ғатау ағаларым өз күйлерін орындады, — деді ол.

 

 

Болған Ғибатоллақызы аудан әкімі Нұрым Мусинге, білім бөлімінің басшысы Гүлайна Махмудақызына, мектеп директоры Фарух Ғатауұлына және бірқатар ел ағаларына алғыс білдіріп, отбасы атынан арнайы статуэтка мен Алғыс хаттарды табыс етті.

 

Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT