Бүгін аудан әкімдігінің ресми Instagram және Facebook парақшаларында тікелей эфир форматында брифинг өтті. Аталған брифингке «Атырау Жарық» АҚ аудандық бөлімшесі, Исатай аудандық электр жүйесі, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Атырау өндірістік филиалының Исатай газ шаруашылығы және «Атырау облысы су арнасы» КМК аудандық бөлімшесінің басшылары қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – аудан тұрғындары арасында тариф бағасының өсуіне байланысты туындаған өзекті мәселелерді түсіндіру және халық тарапынан қойылған сауалдарға ашық түрде жауап беру болды. Брифинг барысында үш сала басшысы өз бағыттары бойынша қысқаша баяндама жасап, тарифтік өзгерістердің себептері мен атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Тікелей эфирге қосылған ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын жолдап, нақты жауаптарын алды. Ашық диалог форматында өткен брифинг тұрғындар мен жауапты мекемелер арасындағы өзара түсіністікті арттыруға бағытталды.
Алғашқылардың бірі болып ауыл тұрғыны Әсел Керева тікелей эфир барысында сауал жолдап, газ тарифінің күрт өсуіне алаңдаушылық білдірді. Ол өз сұрағында: «Осы айда газ бағасы неге сонша көтеріліп кеткен?» – деп нақтылап, тұрғындар үшін бұл өзгерістің себептерін түсіндіруді сұрады.
«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Атырау өндірістік филиалы Исатай газ шаруашылығының директоры Жеңісбек Қабиев газ тарифіне қатысты өзгерістердің заңнама талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен енгізілгенін атап өтті.
– Атырау облысы бойынша газға қатысты тарифтік өзгерістер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сай жүзеге асырылды. 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап табиғи газ тарифі қайта қаралып, қосылған құн салығын есептегенде жеке тұлғалар үшін текше метрі 15,585 теңге, заңды тұлғалар үшін 33,109 теңге болып белгіленді. Ал атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар үшін тариф 6,33 теңге деңгейінде сақталды. Кейін 1 қыркүйектен бастап тарифтерге қайта өзгеріс енгізіліп, жеке тұлғалар үшін 13,094 теңге, заңды тұлғалар үшін 35,129 теңге болып бекітілді. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін тариф өзгеріссіз қалды. Бұл шешімдер әлеуметтік қолдауды сақтай отырып, газ жүйесінің тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында қабылданды, – деді ол. Сондай-ақ биыл ешбір негізсіз тариф өскен жоқ екенін атап өтті.
Сондай-ақ ауыл тұрғындарының арасынан келесі болып @Kubiev.06 әлеуметтік желі парақшасының қолданушысы электр энергиясына қатысты сауал жолдады. Ол өз сұрағында жарық тарифінің нақты мөлшерін сұрап, сондай-ақ электроплита қолданатын және қолданбайтын тұрғындар үшін тарифтің не себепті бірдей болып отырғанына түсіндірме беруді өтінді. Сауал иесі: «Қазіргі таңда жарық тарифі нақты қанша теңге және неге электроплита пайдаланатын тұрғындар мен пайдаланбайтын тұрғындарға бірдей тариф қолданылады?» – деп ашық айтты.
Әлеуметтік желі арқылы жолданған сауалға жауап берген Исатай аудандық электр жүйесінің басшысы Шаттық Бөкеев электр энергиясына қатысты тарифтік өзгерістердің негізгі себебін түсіндірді.
– Қазақстан Республикасында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексінің қолданысқа енгізілуіне және қосылған құн салығы мөлшерлемесінің 12 пайыздан 16 пайызға дейін ұлғаюына байланысты, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап электр энергиясын сату бағаларына тиісті түзетулер енгізілді. Атап өтетін жайт, бұл өзгерістер тарифтің қайта қаралуына емес, тек қосылған құн салығы мөлшерлемесінің өсуіне байланысты болып отыр. Қазіргі таңда электр энергиясын сатудың орташа бағасы қосылған құн салығын есептегенде бір киловатт-сағат үшін 42,78 теңге деңгейінде белгіленді. Жеке кәсіпкер немесе заңды тұлғалар үшін электр энергиясының бағасы 47,91 теңге болса, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын заңды тұлғалар үшін тариф 79,52 теңге болып бекітілген.Тұрғындар үшін электр энергиясына сараланған тариф жүйесі қолданылады. Бұл жүйе тұтыну көлеміне қарай белгіленіп, әлеуметтік әділеттілік қағидатына негізделген. Мәселен, электр плитасын пайдаланбайтын тұрғындар үшін бір адамға шаққандағы айлық тұтыну көлемінде тариф шамамен 23 теңгеден басталып, тұтыну артқан сайын 30 теңгеден асып, жоғары деңгейде 37–45 теңгеге дейін жетеді. Сонымен қатар, «Атырау Жарық» мекемесі тұрғындар үшін 1 киловатт-сағатқа 24,96 теңге мөлшеріндегі бірыңғай тарифті бекіткен. Аталған тарифке көшу үшін «Атырау Жарық» мекемесінің Исатай аудандық электр жүйесіне барып, өтініш жазу қажет. Электр плитасын пайдаланатын тұрғындар үшін де осыған ұқсас тарифтік деңгейлер қарастырылған. Аз тұтынған азамат аз төлейді, ал тұтыну көлемі артқан сайын төлем мөлшері де соған сәйкес өседі, – деді бөлім басшысы.
Осылайша, сауалдардың басым бөлігі тарифтік мәселелерге қатысты болды. Сонымен қатар, тікелей эфир барысында тақырыптан тыс тұрғын үй және кәріз жүйесіне байланысты сұрақтар да қойылды. Аталған мәселелерге байланысты аудан әкімдігінің қызметкерлері алдағы уақытта қосымша брифинг ұйымдастырылатынын айтып, тұрғындар көтерген сауалдардың назарға алынатынын жеткізді.
Сағыныш ҚАЙЫР


