«ГЕНДЕР ПАТИ» сән қуған салтанат па, әлде салттан алшақтау ма?

 

Қазақтың дүниетанымында әрбір қадам, әрбір рәсім – өмірдің мәнін тереңдететін, ұрпақтың кім екенін ұмыттырмайтын белгі болатын. Тал бесіктен басталған тәлім жер бесікке дейін жалғасып, ұрпақтан ұрпаққа үндескен. Әрбір салттың артында тұтас философия, әрбір ғұрыптың түбінде ғасырлар сүзгісінен өткен тәлім жатты. Біз сол өзегімізді бекем ұстап келген халықпыз. Бірақ соңғы онжылдықтарда байқалмай, баяу, бірақ табанды түрде біздің тұрмысқа жат мәдениет араласа бас-тады. Бұрын сырттан қызық көріп тамашалайтын дүниелер, бүгінде өзіміздің үйіміздің төрінен орын сұрап жүр. Әуелде ерсі көрінген нәрсе бірте-бірте қалыптыға айналады екен. «Қазаққа тән емес қой» деп бас-талатын әңгіме қазір «бәрі жасап жатыр» деген бір ғана сөйлеммен жеңіл құтылуда.

Кеше ғана баланың азамат болуын атқа мінгізу арқылы атап өткен халық едік. Балаға ашамай әзірлеп, тай жетектетудің өзі тұтас бір тәрбиелік мектеп болатын. Ат үстіне отырған сол сәт – ұл мен қыздың есеюінің символы, әулет үшін үлкен мәртебе еді. Ал бүгін ше? Ұрпақ жалғасының мәні өзгерді ме, әлде біз қуаныштың формасын мәнінен жоғары қойып алдық па?

Қазір жастар арасында шеттен енген  «гендер пати» сияқты салтанат сәнге айналды. Көбі оның түп-төркінін де білмей жатып, әлеуметтік желідегі әдемі кадрлар үшін асығыс тойлайды. Батыстан басталған бұл үрдіс дәл бүгін қазақтың той мәдениетіне сіңіп бара жатқанын байқамай да қалдық. Не қызық, көпшілігіміз мұның қайдан шыққанын, қандай идеяны таситынын, біздің тәрбиемізге сай келе ме, жоқ па – осының бірін де ойламайтынымыз жасырын емес.

Тойдың көркі – ниет, қуаныштың мәні шүкір еді. Ал енді сол қуаныштың төріне біз өзге бір мәдениеттің формасын шығардық. Бұл – уақыттың табиғи өзгерісі ме, әлде жаңарған дәстүр ме? Бүгінгі әңгімеміз – осы жаңа «мода» деп қабылданған үрдістердің түпкі мәнін таразылау. Бұл – бір салтанатты сынау емес, өзімізді тануға жасалған қадам. Өйткені халықты өзгертетін нәрсе – үлкен шешімдер емес, күнделікті өмірге жай кіріп, кейін қалыптыға айналып кететін осындай ұсақ көріністер.

Тұщықұдық ауылдық Ардагерлер ұйымының жанындағы Әжелер алқасының төрайымы Асия Шамарова әсіресе гендер пати кезінде түсірілген, қыз бала дүниеге келеді деп реніш білдіріп тұрған әкелердің видеолары желіде кеңінен тарап жатқанын ауыр қабылдайды.

– Мұның бәрі – қазаққа жат қылық. Бұрын тәжірибелі енелер келінінің жүкті болғанын байқаса, оны ешқашан дабыра қып сыртқа жарияламайтын. Тіпті жақындары сұрай қалса да, жас келінді ыңғайсыздандырмай, тіл-көз тимесін деп астарлап қана жеткізетін. «Күмәні бар», «құрсағы білініп қалыпты» деген секілді жұмсақ ишара сөздермен айтатын. Ал қазір керісінше: іші жаңа білінген келіншектер фотоға түсіп, «гендер пати» өткізіп, жұрттан жарыса қалмауға тырысады. Бұл – менің көңіліме ауыр тиеді. Әлі орнықпаған сәбиді бүкіл елдің назарына ұсыну дұрыс па? Ана ең алдымен баласының амандығын ойлауы керек қой. Біз жас кезде кең көйлек киіп, өзімізді де, ішіміздегі баланы да сақтап жүретінбіз. Ал қазір ене де, келін де мұндай әдепті ескеріп, жөнін айтып отыруды ұмытып бара жатқандай,-дейді Асия әжей.


Ал жастар арасында гендер пати жаңа «мода» ретінде кең тарала бастады. Әлеуметтік желідегі әдемі кадрлар, блогерлердің дабыралап жариялайтын видеолары талай жас отбасын осы үрдісті қайталауға итермелейтіні жасырын емес. Дегенмен, бұл рәсімді әркім өзінше қабылдайды, әр отбасының өз ұстанымы бар. Қамысқалалық жас отбасы – Алмас Сапуанов пен Гүльвира Жақсылықова өз тәжірибесімен бөлісті.

– Иә, бұл қазір жастар арасында жақсы тараған үрдіс. Әсіресе блогерлердің видеолары әсер етеді, интернетте күн сайын шулап жататыны тағы бар. Сол себепті көп жас шаңырақ қуанышын солай атап өтуді қалайды. Біз де алғашында қызығып қарадық. Тұңғыш қызымызда гендер пати жасауға мүмкіндік болмады. Ал екінші баламызда сәті түсті. Бірақ біз оны көпшіліктің алдына шығарып, дабыра қылған жоқпыз. Тек ең жақындарымызбен, шағын отырыс түрінде атап өттік. Дәрігер баланың жынысын қағазға жазып берді, сол қағазды сіңліме ұстаттым. Ол арнайы дүкеннен безендіруге керек заттарды алып, шағын ғана тосынсый жасап берді. Солайша өзара жылы атмосферада өткіздік. Біз үшін бұл — қуаныштың бір белгісі. Әсіре дүние көрмеймін, шын көңілмен жасалған шағын отырыс деп қабылдаймын,-дейді отанасы Гүльвира.

 

Жалғасы газеттің №46 (4259) санында

 

Жайна ІЛИЯСОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT