Гендерлік саясат ерлерді төмендету емес

Гендерлік саясат бәзбіреулер айтып жүргендей, әйелді төрге, еркектің басын көрге сүйрейтін саясат емес.

Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет.

Яғни, екі жұптың теңдігін әспеттеу арқылы іскерлік қарым-қабілеті мол әйелге қолдау көрсету. Осы саясат аясында әйелдер ерлермен тең дәрежеде билікке тартылып, ана мен балаға айрықша әлеуметтік жағдай жасалады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, ерлер мен әйелдерді қоғамның барлық саласында теңестіру көзделуде. Ерлер мәселесі де назардан тыс қалмайды. Осы жерде гендерлік идентификация ұғымына келсек, ол адамның әйел немесе еркек жынысына жатуын саналы түрде түсінуі. Басқа сөздермен айтқанда, гендерлік идентификация – бұл адамның белгілі бір жыныс өкілі ретінде сезінуін бейнелейтін өзіндік сананың бір аспектісі, өзінің әлеуметтік контексіндегі жынысқа жатуын сезіну. Ал, гендерлік стереотиптер әйел қандай қасиеттерге ие болуы және еркек адам қандай болуы керек сынды түсініктерге негізделген.

Гендерлік теория отыз жылдай бұрын әлеуметтік ғылымдарда пайда болған. Оның негізгі тұжырымдамасы – гендер мен жыныс ұғымдары арасындағы айырмашылық. Қазақстандағы гендерлік саясаттың міндеттеріне әйелдер мен ерлердің билік құрылымдарына тең қатысуына қол жеткізу, экономикалық тәуелсіздіктің барлық тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, өз бизнесін дамыту және қызмет бабында ілгерілеу, отбасында құқықтар мен міндеттерді тең жүзеге асыру үшін жағдайлар жасау, жыныстық белгісі бойынша зорлықтан еркін болу жатқызылады. Гендерлік теңдікке қол жеткізу саласындағы ұлттық және халықаралық тәжірибені, әлем қауымдастығы елдерінің өркениеттік, діни, мәдени ерекшеліктерін жан-жақты және мұқият ескеруге негізделген саяси сабақтастық, прагматизм мен теңдестік қағидаттарына негізделіп, ұлттық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған.

Елбасының Жолдауында айтылғандай, уақыт талабына сай әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық басқару ісіне белсене араластырып, олардың бизнес ашып, кәсіпкерлікпен шұғылдануына мүмкіндік туғызу арқылы жаңа кезеңдегі қазақстандық әйел бизнесін қалыптастыруға болады. Өркениетті елімізді дамыту үшін әрбір азаматтың жынысына қарамастан өз белсенділігі мен іскерлігін арттырып, Отанына деген сүйіспеншілікпен бірлесе жұмыс атқаруы өте жарасымды да әрі тиімді болары анық.

Гүлнәз САРИЕВА,

Исатай аудандық соттың бас маманы,

сот отырысының хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521