Атырау қаласы полиция басқармасының Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары Иманғали орталық мешітінің наиб имамымен бірлесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында әкімшілік қамауда жатқан азаматтармен кездесіп, олармен арнайы профилактикалық әңгіме жүргізді.
Кездесу барысында инспекторлар тұрмыстық жанжалдың құқықтық салдарын, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік түрлерін түсіндіріп, отбасы ішіндегі агрессияның адамдардың денсаулығына, психологиялық ахуалына, балалардың дамуына тигізетін кері әсеріне тоқталды. Сонымен қатар полицейлер жанжалдардың алдын алу жолдарын, даулы жағдайларды құқықтық тұрғыда дұрыс шешудің маңыздылығын атап өтті. Имам тарапынан отбасы құндылықтары, сабырлық, өзара сыйластық және жауапкершілік жөнінде насихат айтылып, қатысушыларға діни тұрғыдан түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, республика көлемінде 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне назар аудару, құрбандардың құқықтарын қорғау және қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді 16 күн іс-әрекет» атты акция өтуде. Акция шеңберінде құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдар аталған мәселеге қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, зардап шеккендерге қолдау көрсету шараларын жүзеге асыруда.
Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаңыз, келесі нөмірлерге хабарласып, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен кеңес ала аласыз:
Байланыс телефондары: 102; 98-10-99.

