Голливудқа жолдама алған «Әсемай»

 

Әлемге қазақ өнерін паш ету – екінің біріне бұйырмайтын бақ. Ал осы бақ «Әсемай» әншілер тобының еншісіне тиді. Түркістандағы республикалық «Дарабоз» байқауында Бас жүлдені иеленген жас өнерпаздар сахнада өзіндік даралығын айқын көрсетіп, тыңдарманның жүрегін жаулады. Бұл жеңіс олардың шабытына қанат, шығармашылық сапарына жаңа серпін берді. Артынша Алматыда өткен VI Суперфинал додасында да «Әсемай» Бас жүлдені қанжығалап, жеңіс тұғырынан көрінді. Осылайша қазақы әуезді өзгеше өрнектеген өнерлі жастар 2026 жылдың көктемінде  Голливудта өтетін халықаралық байқауға жолдама алып, әлемдік сахнаға шығуға мүмкіндік иеленді. 

Жалпы Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінде биыл «Халық әні» сыныбының ашылғанына 25 жыл толған еді. Бұл сынып алғаш рет 2000 жылдың қыркүйегінде мектеп директоры болған Надежда Ниғметоллақызының бас-тамасымен ашылып, оны ұйымдастыру ісі ұстаз Әсем Бахитоваға сеніп тапсырылған. 

27 жылдық еңбек жолын өнерге арнаған Әсем Жолдасқызы – нағыз ұлағатты ұстаздың жарқын бейнесі. Балалар саз мектебінде «Халық әні» сыныбының жетекшісі болып жүрген ол шәкірттерін домбырамен дәстүрлі ән салуға баулып, қазақтың алтын қазынасын жас ұрпаққа аманаттап келеді.Әр жыл сайын талай дарынды баланың жолын ашып, үлкен сахнаға қанат қақтырған Әсем Жолдасқызының еңбегі тек мектеп аясында ғана емес, ауданның өнер әлемінде де айрықша бағаланып отыр. Оның шәкірттері жеткен жетістік – ұстаз еңбегінің айқын айғағы. Бүгінде «Халық әні» сыныбы – мектептің ғана емес, тұтас ауданның мақтанышы, өнердің ұйытқысына айналған орда.

- Жылдар бойғы еңбектің жемісі биыл сәуір айында сыныптың 25 жылдығына арналған «Ән-Әсем» атты үлкен концертте айқын көрінді. Бұл кешке түлектер жиналып, дәстүрлі ән, жыр, термеден шашу шашып, ауыл жұртына рухани мереке сыйлады. Сол сахнада тұңғыш рет «Әсемай» ансамблі өнер көрсетіп, Асылхан Бултановтың «Қазақ елі жасасын» әнін орындады. Жас өнерпаздардың алғашқы қадамы осылайша үлкен жетістікке бастайтын жолдың бастауы болды.Көп ұзамай ансамбль Ақтөбе қаласында өткен халық ақыны, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Нұрпейіс Байғаниннің 165 жылдығына арналған «ЖасStar» республикалық дәстүрлі әншілер байқауында Бас жүлдені жеңіп алды. Бұл додада ансамбльмен бірге жеке орындаушылар да топ жарды. Кіші топтан – Аягөз Еркінғали І орын, Ұлжан Тілектесқызы ІІ орын алса, орта топтан – Алихан Дүйсенбі Бас жүлде, Кәусар Қуанышқали І орын, Нұрай Қадірбай ІІ орын, Назым Дауылбай ІІІ орын иеленді. Ал үлкен топтан Райхан Еркінғали І орынға қол жеткізді.Жеңісті жолдың жалғасы ретінде 1 маусым күні Түркістан қаласында өткен «Дарабоз» республикалық байқауында «Әсемай» ансамблі тағы да Бас жүлдені иеленді. Сонымен қатар ансамбльдің жеке орындаушылары – Алихан Дүйсенбі, Аягөз Еркінғали, Рахим Айболат, Ұлжан Тілектесқызы, Кәусар Қуанышқали, Райхан Еркінғали және Сымбат Айдын да бас жүлдеге қол жеткізіп, алдағы кезеңдерге жолдама алды,- дейді ұстаз.

Сөйтіп, жаз бойы шәкірттер де, ұстаз да дайындықты тоқтатпай, тамыз айында Алматыда өткен суперфиналға қатысты. Байқаудың шарты бойынша үш турда үш түрлі жанрда өнер көрсету талап етілді: еркін тақырыптағы ән, халық әні және терме. 11–15 тамыз аралығында өткен бұл додада «Әсемай» ансамблі тағы да дараланып, бас жүлдені жеңіп алды. 

Жарыс нәтижесінде өнерпаздардың бірқатары үздік деп танылып, бұл жеңіс оларға 2026 жылдың көктемінде Голливудта өтетін халықаралық байқауға жол ашты.  Сонымен бірге жеке орындаушылар арасынан Райхан Еркінғали бас жүлдені иеленіп, ұйымдастырушылар тағайындаған 250 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. А.Дүйсенбі І орын, К.Қуанышқали ІІ орын, С.Айдын ІІІ орынға қол жеткізді.

- Балалардың еңбегі мен талпынысының арқасында біз үлкен жетістікке жеттік. Жеңімпаз атанған әрқайсысы – ауданымыздың мақтанышы. Халық әнін үйрету – балалардың тек дауысын ғана емес, жүрегін тәрбиелеу. Ән арқылы ұлттың тарихын, рухын, мінезін жеткіземіз. 27 жыл бойы талай шәкіртім сахнаға шықты, бүгінде олардың жетістігі – тоқтаусыз еңбектің жемісі. Әрине, мұндай жетістіктің артында үлкен еңбектен бөлек, қаржылық қиындықтар да болды. Ақтөбе мен Түркістан сапарына ата-аналар өздері демеушілік етсе, Алматыға бару үшін ауылдастар қолдау көрсеткен. Дегенмен  көпшілік мекемелер көмек бере алмады, тек санаулы азаматтар ғана демеу болды. Алдағы Голливудтағы халықаралық байқауға қатысу үшін бұдан да зор дайындық пен қаржылық қолдау қажет. Алматыға баруға да демеуші таба алмадық, енді Голливудқа қалай жетеміз деген қорқынышым да бар екені жасырын емес,-дейді Әсем Бахитова.

Әсем Жолдасқызының еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланған. Ол Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы жетістіктері үшін «Үздік ұстаз» төсбелгісін иеленіп, «Атадан мұра» қоғамдық қорының Құрмет грамотасымен және шетелге демалыс жолдамасымен марапатталған. 

Бүгінде «Әсемай» ансамблі – ауылдан шығып, республикалық сахналарды бағындырып, енді халықаралық деңгейге жолдама алған жас өнерпаздардың жарқын ұжымына айналды. Олар қазақтың дәстүрлі әнін дәріптеп қана қоймай, ұлттық өнерімізді әлем сахнасына шығаруға қадам басты. 

 

Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT