«Гонконг тұмауы» несімен қауіпті?

сурет ғаламтордан

 

Күздің қоңыр салқыны басталған сайын табиғат қана емес, қоғамның да тынысы өзгереді. Әдеттегі маусымдық тұмау жыл сайын есік қағып, үйреншікті көрінгенмен, биылғы жағдай басқаша сипат алып отыр. Қарапайым жөтел мен дене қызуының ар жағында аса жұқпалы «Гонконг H3N2» штамы тұрғанын мамандар ескертіп келеді. Бұл вирус қас-қағым сәтте әлсіретіп, кей адамдарды төсекке таңса, енді бірінде асқынуларға жол ашып жатыр. Республика көлемінде миллионнан астам тұрғынның ЖРВИ белгілерімен медицина көмегіне жүгінгені ахуалдың маңызын айқындай түскендей.

Статистиканы сөйлетсек, ресми деректер бойынша елімізде расталған тұмаудың жүздеген жағдайы тіркеліп, олардың басым бөлігін балалар құрап отыр. Қауіпті вирустың беталысын тежеп, індеттің өршуіне жол бермеу мақсатында 2,1 миллионнан астам адамға вакцина егілген. Бұл – медициналық қауымдастықтың ғана емес, қоғамның да ортақ жауапкершілігін көрсететін қадам.
Алайда бұл кең ауқымды жағдай біздің ауданнан да айналып өтпеді. Аудандық ауруханаға 1 525 тұрғынның жүгінгені – вирустың белсенділігін айқын аңғартса, балабақшалардағы ахуал одан сайын алаңдаушылық тудырады. 12 балабақшада тәрбиеленіп жатқан 1 307 баланың 150-і тұмау және ЖРВИ белгілерімен сырқаттанған. Дегенмен соңғы күндері науқастар санының біртіндеп азаюы көңілге үміт ұялатады. Балабақшаларда күшейтілген санитарлық режим, желдету, кварцтау сынды шаралар тұрақты жүргізілуде.

Биылғы тұмау маусымының ерекшелігі неде? Гонконг штамының күшеюіне не себеп? Аудан тұрғындарын алаңдатқан жағдайдың алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынған? Осы сауалдардың жауабын аудандық аурухана басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Қабулова тарқатып берді.

 

– Нұргүл Измайлқызы, биылғы тұмау маусымында ауданымызда ЖРВИ мен тұмаудың таралу қарқыны қандай? Қазіргі эпидемиялық ахуалды қалай бағалайсыз?

–  Қазіргі уақытта ауданымызда ЖРВИ ахуалы тұрақты деп айтуға болады. Аурудың өршу шыңы қараша айында тіркелді, сол кездегі науқастар саны ең көбі болды. Қазіргі уақытта науқастар саны азайды, бірақ ауру әлі толық тоқтаған жоқ. Ауру көбіне балалар мен ересектер арасында кездеседі. Балаларда ауру жеңіл және орташа түрде өтеді, кейде асқынулар  бронхит немесе пневмонияға әкелуі мүмкін. Ересектерде де кейбір жағдайларда дене қызуы жоғарылап, ұзаққа созылатын жөтел байқалады. Аурухана барлық қажетті дәрі-дәрмекпен және медициналық құралдармен толық қамтамасыз етілген, науқастарға уақытылы көмек көрсетіледі. Дәрігерлер халыққа сақтық шараларын сақтауды, маска тағуды және көпшілік шоғырланған орындарға бармауды ұсынып отыр.

 

Жалғасы газеттің №49-50 (4263) санында

 

Сұхбаттасқан: Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT