ҒЫЛЫМ ЖОЛЫНА АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

суреттер автордікі

 

Қазіргі заман – ғылым мен технологияның дәуірі. Әлем күн сайын тың жаңалықтармен, жаңаша ойлармен алға жылжып келеді. Ал біздің ауданымызда бұл үдерістің екпіні баяу сезілетіні жасырын емес. Өнер мен спортқа бейім балалардың көптігі көңіл қуантады, әрине. Бірақ ғылымға бет бұрған жастардың қатары сирек көрінетіні жасырын емес. Көкейде көп сауал. Неліктен бізде жас өнертапқыштар аз? Неліктен ғылыми жобаларға қызығушылық төмен? Бүгінгі күн – технология мен өндірістің өркендеген кезеңі. Ғылым – барлық саланың қозғаушы күші. Өнертапқыш ұл-қыздары бар елдің болашағы да, бағы да жарқын. Осыны ескерген мемлекет ғылымға ден қойған жастарды қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар мен жобаларды іске асырып келеді. Ең бастысы – бұл жұмысты мектеп қабырғасынан бастау. Себебі бала қиялы – шексіз, ал соны дамыту – орта мен ұстазға байланысты. Ондай жас өнертапқыштар біздің ауданымызда жаңа қырынан танылып, алғашқы қадамдарын нық басты. 

Облыстық Білім беру басқармасы Таланттарды анықтау және қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Иннова-циялық идеялар жобасы» атты әлеуметтік маңызы бар кейс-жоба байқауы өтті. Бұл байқау шығармашыл жастардың әлеуетін арттыруды, қоғамға пайдалы тың идеяларды іріктеуді көздейді. Аталған байқауға аудандық кезеңнен бастап мектеп-гимназияның оқушылары да белсене қатысты. Мектеп директорының инновациялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Гүлфариза Қуанғалиқызының айтуынша, алғашқы кезеңге екі командалық (әр командада екі оқушыдан) және үш жеке жоба ұсынылған. Байқау төрт бағытта өтіп, аудандық кезеңнің қорытындысымен бір команда және бір жеке жоба облыстық кезеңге жолдама алған. Сондай-ақ, байқау ережесіне сәйкес, қатысушылар #businesstimedarynatyrau-2025 хэштегімен өз жобаларын бейнематериал түрінде әлеуметтік желіде жариялаған. Солардың ішінде бір ғана оқушы облыстық кезеңге өте алмағаны болмаса, қалғандарының барлығы облыстық деңгейдегі жобаларға шақырту алған. Осындай жаңалыққа жаны құмар, ізденімпаз, білімпаз оқушылармен біз де арнайы жолығып, олардың тың жобаларымен танысып қайттық. Жастардың жаңашыл ойлауына, қоғамдық мәселелерге деген көзқарасына қарап, болашаққа сеніммен қарауға болады.

 

«Таза тіс – таза ағза» жобасы:  денсаулыққа арналған тың бастама

Қазіргі таңда адамдардың денсаулығы мен дұрыс тамақтануы – маңызды мәселе. Әсіресе, ағзаны зиянды заттардан тазарту, иммунитетті нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау – жас зерттеушілер арасында кең тараған ғылыми бағыттардың бірі. Осы ретте ауыз қуысының тазалығы бүкіл ағзаның саулығына тікелей әсер ететіні дәлелденген. Жобаның негізгі мақсаты – тіс тазалығы мен ауыз қуысының дұрыс күтімі жалпы денсаулыққа қалай әсер ететінін зерттеу және жасөспірімдер арасында гигиеналық мәдениетті қалыптастыру. Осыған орай 9-сынып оқушысы Кәусар Жеңісқызы мен 10 сынып оқушысы Нұрсая Тұрланқызы командалық топ болып бірігіп  «Eco -life» тәжірибелік алаңында «Таза тіс – таза ағза» атты ғылыми жобаны жүзеге асырып, лайықты марапатына ие болған.

Жоба жетекшісі Динара Бекқызының айтуынша, оқушылар өз қызығушылықтарын танытып қатысқан. Сондай-ақ олар іздене жүріп, құм өңірінде өсетін қара сағызды теріп әкеліп, оның күнделікті дүкен сөресіндегі сағыздан пайдасы бар екендігін зерттеген.Сонымен қатар табиғи өнімдер ішінен алма жемісі мен сәбіз көкөнісінің тіске тигізер пайдасын білу арқылы оны ғылыми жобаларына негізге алып пайдаланған.

 

 

Ал осы жобаға зер салып, күні-түні тынбай ізденген Нұрсая Тұрланқызы жұбымен бірге осы алма мен сәбізден түрлі бокс жиынтығын шығарғанын бізге таныстырып өтті.

–          Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, алма мен сәбізді үнемі тұтынатын адамдарда тісжегі мен қызылиек аурулары аз кездеседі. Бұл өнімдер тек тіс үшін ғана емес, жалпы ас қорыту мен иммунитет үшін де пайдалы. Алма – табиғи «тіс щеткасы» аталып кеткен жеміс. Оны шайнау кезінде тіс бетіне жиналған бактериялар мен дақтар тазартылады. Сілекей бөлінісі артып, ауыз қуысы табиғи жолмен жуылады. Әрі құрамындағы витаминдер С, В тобы қызыл иектің саулығын нығайтады. Ал сәбізіміз – қатты әрі талшықты көкөніс. Оны шикідей жеген кезде тіс еттері массаждалып, қан айналымы жақсара түседі. Тістердің беріктігі артып, А дәрумені тіс эмалін нығайтуға көмектеседі.Сонымен қатар біздің күнделікті пайдаланатын тіс пастасы ол тістердің эмалін жойып, сарғайтады.Сондықтан біз оның алдын алу үшін су,куркума,ас сода үшеуін қоса пайдаланып, тіс пастасын шығардық.Бұл ешқандай химиялық қоспасыз, табиғи өнім болмақ, - дейді олар.

 

 

Бұл бастама –  денсаулыққа деген жауапкершілігін арттыру жолындағы нақты қадам. «Таза тіс — таза ағза» жобасы өзекті әрі тәжірибелік мәні зор ғылыми жұмыс ретінде сәтті қорғалып, қос оқушымыз аудандық, облыстық жобалардан бірінші орынға лайықты болып бағаланған.Әрі осы жобаны әрі қарай іске асыруға 500 теңге көлемінде сыйақы берілген. Мұндай жобалар жастардың ғылымға қызығушылығын арттырып қана қоймай, қоғамға пайдасын тигізері анық.

 

Жас өнертапқыш мұнай қалдықтарынан жанармай өндіру әдісін ойлап тапты

Бүгінгі таңда экология мәселесі – бүкіл әлемді алаңдататын өзекті тақырыптардың бірі. Өндіріс қалдықтарын тиімді пайдалану және қоршаған ортаға зиян келтірмеу – ғылыми ізденістердің негізгі бағыттарының бірі болып отыр. Осы бағытта елімізде де жаңашыл идеяларымен көзге түсіп жүрген жас өнертапқыштар аз емес.

Солардың бірі – біздің көзімізге ерекше болып түскені «Тұрмыстық қалдықтардан синтетикалық мұнай мен жанармай өңдеу» жобасымен көпті таңғалдырған мектеп гимназияның 8-сыныбы оқушысы Асылболат Бек еді.   «Бизнес –Time» - бизнес идеялар жәрмеңкесіне өз жобасын ұсыну арқылы аудандық сайыста 1-орын еншілеп, облыстық байқаудан жүлделі 2-орынға ие болып, қаржылай 300 мың сертификат жеңіп алған алған. Түрлі химиялық, физикалық элементтерге қызығушылығы бар әрі озат оқушының бойындағы ерекше қабілетін байқаған  жетекшісі Мөлдір Алпанды да сөзге тартқан едік.

- Қазіргі таңда біздің экологиямыз қалдықтармен ластанып жатыр.Ең біріншіден, экологиямыздың алдын алу үшін осы қалдықтарды жинақтап, нәтижесінде мұнайды өндіріп, одан жанармай өндірілді.Жобаның мақсаты – қалдықтарды пайдалы ресурстарға айналдыру және энергия алу. Әлем бойынша біздің Қазақстан мұнай өндіру бойынша 18 орында тұр.Ал біздің қордағы мұнай шамамен 30 жылға жетеді деген болжам бар.Оның алдын алу ретінде де осындай жобалар өте тиімді әлі қалдықтарды жою болып табылады.Осы жобаны ойға алып жүріп, кейін сабаққа үлгерімі мен тиянақтылығы арқылы көзге түсе білген Асылболатқа ұсыныс тастаған болатынмын.Ол да сөзімді қуана құп алып,осы бағытта хабары бар екендігін жеткізді.Осылайша, екеуміздің ойымыз бір жерден шығып, бірге жоспар құру арқылы ұйымдастырдық - дейді жетекшісі.

 

 

Жас зерттеушінің айтуынша ол кішкене кезінен әлеуметтік желі арқылы мұнай өндірісін, мұнай қалдықтарын тиімді пайдалану бағытында ізденіп жүреді екен.

–Негізінен қалдықтардан мұнай шығарып, одан жанармай алу қажеттігін білемін. Жетекшімнің ұсынысымен осындай ауқымды жобаға қатысып, бағымды сынадым. Дайындыққа шамамен 2 апта уақыт кетті. Бүкіл қажетті құрал-жабдықтарын тәлімгеріммен  бірлесе жасадық. Бас кезінде қорқыныш болғандығын жасырмаймын.Бірақ оны жеңе білдік, - дейді ол өзіне деген сеніммен.

Оқушы бұл жобасын мектептегі ғылыми үйірме аясында бастаған. Жетекшісімен бірлесе отырып зертханалық тәжірибелер жүргізіп, бірнеше рет сынақтар жасап көрген. Нәтижесінде, мұнай қалдығынан алынған жанармайдың қолдануға жарамды екенін дәлелдеді.

 

 

Бұл жоба облыстық ғылыми жобалар байқауында жүлделі орын алып, сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды. Болашақта бұл идеяны жобадан берілген сыйақыны пайдаланып, кең көлемде дамытуды жоспарлап отырғандығын тілге тиек етті. Жас өнертапқыштың бұл жаңалығы – ғылым мен экологияны ұштастырған тың бастама. Мұндай жобалар елдің ғылыми әлеуетін көтеріп қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға да зор үлес қосары сөзсіз.

 

 

«Smart Gare Dry» – киім күтіміндегі дұрыс шешім

Экологияны сақтау мен тұрмысты жеңілдету – заманауи технологиялардың басты мақсатына айналды. Осы бағытта жаңа идея ұсынған мектеп-гимназия оқушысы Нұртілек Ұлданов «Smart Gare Dry» атты инновациялық жобасын аудандық кезеңнен сәтті қорғап, облыстан алғыс хатпен оралған. Бұл оқушының жетекшісі Айнұр Нұрланқызы екеуі бірге осы тың идеяны жарыққа алып шыққан. Жобаның мақсаты – тұрмыста қолдануға ыңғайлы, экологиялық және ақылды құрғақ тазалау жүйесін жасау. Бұл жүйе киімді суда жумай-ақ тазартуға, бактериядан арылтуға және матаның сапасын сақтауға мүмкіндік береді.

Осындай заманауи технологияларға ерекше көзқараспен қарайтын Нұртілек Ұлданов «Smart Gare Dry» жобасын зерттеу барысында оқушы бірнеше іс-тәжірибе жүргізгенін айта өтті.

–Қазіргі заманда барлық технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамып жатыр. Бізде жаңашылдыққа ұмтылып, осы әдістің тиімді әрі үнемді екенін зерттедік. Сонымен қатар киімдерге еш зиян келмейтініне сенімдіміз. Оған арнайы табиғи тазартқыш қоспалар (мысалы, сода, лимон қышқылы, эфир майлары), ультрадыбыстық немесе булы тазарту құрылғысын пайдаланады.Сонымен қатар тазалау процесін смартфон арқылы басқарып, қолданба арқылы температура мен уақытты реттеп отыру мүмкіндігі де қарастырылған,-дейді ол сөзінде. Алайда өткен жолы аталмыш жобаның облыстық кезеңіне қатысқанда әттеген-айы бұл техника болғандықтан іске қосылмай қалып, қорғай алмай қалған. Бірақ біздер өз көзімізбен бұл техниканың смартфон арқылы іске қосылғанына көзіміз жетті.

 

 

 

«EcoVeg» жобасы — табиғи өнім мен экологиялық өмір салтының үйлесімі

Салауатты өмір салты мен экологиялық таза тағам – бүгінгі қоғамның басты трендтерінің бірі.Осы бағытта ізденіс жасап жүрген жас ізденімпаздардың бірі – гимназияның 9-сынып оқушылары Алмас Нұрболатұлы мен Кәусар Қаден .

–Қазіргі кезде көптеген онкологиялық аурулар өршіп тұр.Әсіресе, өзіміздің Атырау өңірінде статистикаға сүйенсек көптеп кездеседі.Бұл аурудың бастамасы, әрине тез дайындалатын тағам мен дүкен сөресіндегі түрлі қоспалар арқылы дайындалған тағамды көп тұтынғаннан пайда болады.Ал біздің осы ғылыми жобамыз арқылы таза, табиғи өнімдерімізді креативті форматта ауыл тұрғындарына ұсыну.Бұнда қарапайым табиғи өнімдерді бал көже, бал шұбат және құрт бокс, ежегей жасадық.Мысалы, ежегейді көп жастар біле бермейді.Біздер сәл жаңартып көпшілікке ұсындық.Тіпті біздің әлеуметтік желіде парақшаларымыз бар.Соған осы өнімдердің жасалу жолдарын түсірген бейнероликтерімізді ел назарына ұсынамыз.Қызығушылық танытып сұрап жатқандар да бар,-дейді бізбен тілдескен Алмас Нұрболатұлы.

Гүлфариза Қуанғалиқызы оқушыларының үнемі ізденіс үстінде жүретіндігін сөз етті.

–Алмастың осы уақытқа дейін артық қылығын көрген емеспін. Қай кезде де сабаққа да белсене қатысып отырады.Сондай-ақ ағылшын тіліне деген қызығушылығы оянып, тілге жаттыққан.Пәндік олимпиадаларға да қатысып, бақ сынап жүр.Әлеуметтік желіге түрлі бағыттағы видеоларды монтаждап жасағанды ұнатады. Бұл бизнес идеяны да өзі ұсынды.Мен бағыт-бағдарын беріп, қолдау білдіріп отырамын.Екеуі де бірнәрсені білуге, жаңалық ашуға құмар.Алмастың бір ерекшелігі жұмысты жалғыз өзі емес, қасына біреуді серік етіп, топ болып жасағанды ұнатады.Сондықтан кешегі өткен инновациялық идеялар жобада қасына ілестіріп Кәусарды өзі таңдап алды.Бұның өзі де артынан із салып келе жатыр деп те айтуға болады,-дейді ол өз сөзінде.

 

 

Ал осы табиғи өнімдерге әзірше демеушілік танытып, қолдау білдірген Кәусардың нағашылары екен.Қарапайым шаруагер отбасында тәрбиеленіп өскен жас зерттеушіге оны қолмен жасау таңсық дүние еместігі, сірә белгілі. Ал бұл оқушының жетекшісі  Ләззат Бекболатқызының мәлімдеуінше шәкірті қазақ тілі мен әдебиет сабағын сүйіп оқиды екен.Әрі сөз ойынын құрастыру, жаңа кроссворд, ребус ойлап табу оның сүйікті ісі екен. Бұл командалық топ аудандық сайыста 3-орын, әлеуметтік желіге #businestimedarynatyrau-2025 хэштегін салу арқылы облысқа шақырту алған.Осылайша олар облыстағы сайыстан қанжығасын Алғыс  хатпен толықтырған. Зерттеу барысында алынған өнімдердің сапасы, қауіпсіздігі және қоршаған ортаға әсері сарапталды. Нәтижесінде, «EcoVeg» жобасы арқылы арзан әрі пайдалы өнім дайындаудың нақты жолдарын көрсеткен. Ауылдық жерлерде экологиялық кәсіп бастауға болатынын дәлелдеуді мақсат етіп отыр.

 

 

«Dana bala» жобалық жиынтықтың берері мол

Білім мен ғылым – кез келген елдің болашағының кепілі. Осы орайда жас ұрпақты шығармашылыққа, ойлау қабілетін дамытуға бағыттайтын жобалардың маңызы ерекше. Осындай бастамалардың бірін дайындап, «Dana bala» мектеп оқушыларына арналған интерактивті жобалық жиынтығын қорғаған —  гимназияның 8-сынып оқушысы  Қыдыр Сибатолла. Оның айтуынша бұл жоба арқылы бастауыш және орта буын оқушыларының логикалық, шығармашылық және сын тұрғысынан ойлау қабілетін арттырға ықпалдасу. Оқушы бұл жобада балалардың ойлау жүйесін дамытатын тапсырмалар, ойындар, тесттер және қысқаша ақпараттық материалдар жинағын әзірлеген. Бұл жоба аудандық байқауда жүлделі 3-орын иеленген. Ал жетекшісі Ақтоты Мұхамедалиева шәкіртіне мол сенім артатындығын әңгімесінен аңғартты.

–Оқушым зерттеу барысында көрнекі құралдар және тарих, химия, қазақ тілге байланысты макет дайындады. Макетте QR-кодтар, ақпараттық карточкалар, креативті элементтер қолданыла отырып, тың идеялар ұсынылды. Бұл оның ғылыми ойлау қабілетін, шығармашылығын және ақпаратпен жұмыс істей алуын көрсетеді. Қыдыр бос уақытында кітап оқумен, сурет салумен және ғылыми-танымдық бейнероликтер көрумен айналысады. Сонымен қатар ол тәжірибе жасауды жақсы көреді, табиғатқа, қоршаған ортаға қызығушылығы жоғары. Бұл қызығушылықтары оның білімге құштарлығын арттырып, түрлі жобаларға белсенді қатысуына ықпал етуде,-дейді ол. Кейіпкерлеріміз алдағы уақытта бұл жобаны толықтырып, мобильді қосымша немесе басқалай кеңейтілген  түрде жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

 

 

ТҮЙІН

Әрбір өнертапқыш баланың артында оның талабын ұштап, қанаттандырған ұлағатты ұстаз тұрады. Бүгінде елімізде ғылым мен техникаға қызығушылығы жоғары, жаңашыл ойлайтын жас өнертапқыштар көбейіп келеді. Олар түрлі жобалар жасап, байқауларда топ жарып жүр. Бұл жетістіктің түп негізінде — шәкіртке сенген, бағыт берген мұғалімдердің еңбегі жатыр. Қай-қай ұстазы да шәкірттерінің болашағына зор сенім артады.Алдағы уақытта түрлі ғылыми жобаларға қатысып, әлі де өздерін шыңдау арқылы биік белестерді бағындыруды мақсат тұтқан.

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT