ҚИНАЛҒАН ОТБАСЫҒА ҚОЛ ҰШЫН БЕРДІ

https://pro-dachnikov.com/

Алдында не күтіп тұрғанын кім болжап біліпті? Х.Ерғалиев ауылының тумасы, күні кеше Атырау қалалық ішкі істер бөлімінде қызмет етіп, қатарымен ойнап-күліп, отбасының шырайы көңілін шуаққа бөлеп жүрген Азамат Аташев та кенеттен қиындыққа тап болды.

Созылмалы жүрек дертіне шалдығып, ақырында жұмыс жасауға саулығы тартпайтын болып қалған Азамат қызметінен қол үзді. Оның қаладағы тұрағы да қызметтік пәтер болатын.

Осындай қиын жағдайға душар болған ол зайыбы Гүлшара екеуі кәмелеттік жасқа толмаған, алды 9-сыныпта оқитын, кішісі 1 жастан енді асқан 5 баласымен туған ауылына оралып, осыннан үй жалдап тұруға мәжбүр болды. «Жығылғанға - жұдырық» демекші, отанасы да жұмыста жоқ болатын.

Бұл отбасының осы жағдайын көріп, қиындықтарын бірге бөлісуді ойлаған құрдас-жолдастары алдымен көмек қолын созды, әлеуметтік желілер арқылы ауылдастары мен достарға, басқа да қайырымды жандарға үндеу жасады. « ... «Ауру аяқ астынан» демекші, күні кеше ғана ел қатарлы еңбек етіп жүрген бауырымыздың баспана мәселесін шешуге көмектесу үшін қайырымды жандардан көмек сұрауға мәжбүрміз» деген олар мұқтаж жанға қамқорлық, қайырымдылық жасауды қашаннан халықтық қалпындай көретін ауылдастардың одан тыс қалмасына сенген.

- Қазақта «елде болса, ерінге тиеді» деген сөз бар емес пе? Шүкір, еліміз аман, жұртымыз тыныш отырғанда халықтың қолдан келген көмегін жасаудан тартынбайтыны шындық екеніне тағы көз жетті. Азаматтың құрдас-достарынан бас-тап барша үлкен-кіші ауылдастар, өзі еңбек еткен қалалық ішкі істер бөліміндегі қызметтестері, біздің әріптестер, яғни ұстаздар қауымы, ағайын-туыстары аянып қалмады, әрбірі мүмкіндіктері келгенінше қаржы қосты,-дейді осы бір игілікті істі ұйымдастырушылардың бірі – Новобогат орта мектебінің мұғалімі Бибігүл Төлеуова.

Нәтижесінде қажетті сома небәрі бір айдың шамасында жинақталып, Аққыстау ауылының Абай көшесінде орналасқан жақсы күтімдегі 4 бөлмелі пәтер сатып алынулы. – Азаматтың отбасы жаңа қонысқа өткен жексенбі күні көшіп барып, орналасты. Олардың қуанғанын көріп, біз де қатты қуандық. Көмек қолын созған барлық ақ тілеулі, ізгі ниетті, қамқор көңілді, жомарт жүректі жандарға айтар алғысымыз шексіз. Адамдардың ықыласы суымасын, бірлігі арта берсін,-дейді осынау жағымды жаңалықты бізбен бөліскен Бибігүл замандасымыз.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР  

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521