Исатай ауданында індет қайта күш алды

Ауданда індет қайта күш ала бастады. Аудандық бас санитарлық дәрігердің мәліметінше, 13-шілде күні бірден 15 жағдай анықталған. Аурудың алдын алу мақсатында аудандық мобильдік топ кәсіпкерлік нысандарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

- Бір күнде анықталған 15 адамның 6-ауы зейнеткер, 2 оқушы және 1 балабақша тәрбиеленушісі, қалғандары орта жастағы азаматтар, - дейді аудандық бас санитарлық дәрігер Бақытгүл Қартмағанбетова. Жыл сайын өңін өзгертіп тұратын бұл індеттің қазіргі түрі «дельта» үнді штаммы деп аталады. Бұл кесел бірден жеті-сегіз адамға ауру тарату күшіне ие дейді мамандар.

Кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізген мобильдік топ мүшелері бұл індеттен құтылудың бірден-бір жолы екпе алу екенін айтады.

– Індеттің көбеюіне байланысты кәсіпкерлік нысандардың жұмысы тоқтайтын болса, бұл экономикамызға кері әсерін тигізеді. Жайбарақаттыққа да жол бермеуіміз керек. Яғни, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, бұл қиыншылықтан шығуымыз қажет. Ол үшін көпшілікпен тығыз байланыстағы адамдарға өзін және өзгелерді сақтандыру үшін екпе алу маңызды. Сондықтан, кәсіпкерлер талапқа сәйкес екпе алғандары дұрыс, - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрберген Өтегенов.

Мобильдік топ кәсіпкерлерге «Ашық» жобасын пайдалануды тағы бір мәрте ескертті. Жалпы ол жоба індетке шалдыққан адамның кәсіпкерлік нысанға келгенін анықтайды. Мәселен, ауру жұқтырған адам карантин ережесін сақтамай, кәсіпкерлік нысанға «Ашық» жобасы арқылы кіретін болса, интеграциялық база арқылы әлгі адам туралы ақпарат келеді. Сөйтіп, ол адамның басқаларға індет жұқтыру қаупінің алдын алуға болады.

Айта кетейік, бұл жоба арқылы ауданда карантин режимін бұзған екі сары, бір қызыл мәртебесі бар келуші анықталған. Екі сары мәртебесі бар адамға ескерту жасалса, қызыл мәртебесі бар азаматқа хаттама толтырылып, айыппұл тағайындалатын болады.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT