Инватакси қызметіндегі өзгеріс қолжетімді ме?

суреттер автордікі

 

Соңғы жылдары елімізде мүгедектегі бар жандардың құқығы мен  әлеуметтік қорғалуына аса мән беріле бастады. Ал мұндай қоғам өкілдеріне мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық аз емес. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын жандарды қолдау, оларды қоғамдық өмірге тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық. Жақында «Сенім шыңы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының ұйымдастыруымен маңызды басқосу өтті. Жиынға аудандық филиал төрағасы Амангелді Нәбиев жетекшілік етіп, Жолдауда көтерілген бастамаларды қоғам мүддесіне сай жүзеге асыру жолдарын ортаға салды. Ол цифрландырудың халық игілігіне бағытталуы үшін қоғам белсенділерінің де өз үнін қосуы қажет екенін айтты. 

Кездесудің басты мақсаты – көлеңкеде қалып қоймауы тиіс жандардың мәселесін ашық көтеріп, оны бірлесе шешудің тиімді тетіктерін қарастыру болды.

 

 

Жиынға қатысқан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлжан Джумалиева әлеуметтік саладағы жаңа өзгерістерді түсіндіріп, инватакси қызметін пайдалану тәртібіндегі жаңалықтарға тоқталды.

– Инватакси қызметін көрсету жүйесі келесі жылдан бастап жаңа әдіспен жүзеге аспақ. Бұған дейін «Сенім шыңы» қоғамдық бірлестігі екі ортада тасымалдау қызметін атқарып келсе, енді бұл қызметті порталға тіркелген жеткізушілер ғана көрсете алады. Ол үшін бірлестіктер мен компанияларға арнайы талаптар қойылады, мысалы, порталға кіру үшін 10 автокөлік болуы қажет. Әр көлікке қатысты жанар-жағармай шығыны, жүргізушілердің жалақысы, жалпы қызметтің тиімділігі есептеліп, қараша айына дейін тапсырылуы тиіс. Одан кейін жергілікті атқарушы орган жанынан комиссия құрылып, жыл соңына дейін толық талқыланады, – деді ол өз сөзінде.

Сонымен қатар инватакси қызметін пайдалану уақытына да шектеу енгізілетінін жеткізді. Енді мүмкіндігі шектеулі жандар айына 25 сағат көлемінде ғана қызмет ала алады. Бұл жеңілдік тек арбаға таңылған І және ІІ топтағы азаматтарға, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арналған.

 

 

Жиынға қатысушылар да өздерінің алаңдаушылықтарын жасырмады. Солардың бірі жанбайлық Айболат Елешев:  – Мен үшін порталға тіркелу  үлкен қиындық туғызады. Себебі өзім көзі көрмейтін жанмын. Кез келген құжатты рәсімдеуде өзге біреудің көмегіне жүгінуге тура келеді. Ал инватакси қызметі – менің күнделікті тіршілігімде аса қажет, – деді.

Ал Тұщықұдық ауылынан  келген I топ мүгедегі Жантұрған Ұзақбаев интернет мәселесін алға тартты.

– Ауылымызда интернеттің жылдамдығы өте баяу, кейде мүлде қолжетімсіз. Осындай жағдайда порталға кіріп, өтініш беру мүмкін емес. Әсіресе жасы үлкен, цифрлық сауаты төмен адамдар үшін бұл түсініксіз. Бізге қағаз жүзінде немесе бұрынғыдай қарапайым тәсілдер қалдырылса дейміз,-деген ол алаңдаушылығын жеткізді.

 

 

Аталған ұсыныстар мен пікірлер инватакси қызметін жетілдірудің әлі де пысықталуы тиіс тұстары бар екенін көрсетті.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT