Еліміз үшін қолайлы әрі ұзақмерзімді инвестиция тарту — стратегиялық маңызы зор міндеттердің бірі. Қазіргі жаһандық экономикадағы бәсекелестіктің күшеюі, капитал қозғалысының жеделдеуі және жаңа технологияларға деген сұраныстың артуы мемлекеттерді инвестиция үшін таласуға итермелеп отыр. Осындай кезеңде Қазақстанның да жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, экономикалық дамудың тың белесіне қадам басатын уақыты келді.
Инвестиция тек қаржылай құйылым емес, ол — жаңа өндірістердің ашылуы, заманауи технологиялардың келуі, инновациялық жобалардың жүзеге асуы, жұмыс орындарының көбеюі және жалпы ұлттық экономиканың тұрақты өсуіне ықпал ететін негізгі тетік. Инвестиция тарту арқылы еліміз өңдеу өнеркәсібін жаңғыртып, ауыл шаруашылығын дамытып, инфрақұрылымды жетілдіріп, экспорттық әлеуетін арттыра алады.
Осы мақсаттарға жету үшін стратегиялық бағыт пен тиімді мемлекеттік саясат қажет. Инвесторлар үшін қолайлы құқықтық орта қалыптастыру, жүйелі реформалар жүргізу, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, бизнеске тұрақтылық пен ашықтық ұсыну — табысты инвестициялық климаттың басты шарттары. Сонымен қатар, халықаралық нарықтағы серіктестермен сенімді байланыс орнатып, еліміздің инвестициялық тартымдылығы жөніндегі ақпараттық жұмысты күшейту де маңызды.
Инвестицияны дұрыс бағыттап, тиімді саясатпен қолдай білсек, Қазақстан экономикасы жаңа қарқын алып, әлемдік бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыра алады.
Айгүл АДИЛОВА,
Зинеден ауылдық округінің әкімі


