ІНЖУ АЗИЯ ТӨРІНДЕ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

Бахрейннің Манама қаласында Азия құрлығының кіл мықтылары бас қосқан жасөспірімдер арасындағы дзюдодан дүбірлі дода өтіп жатыр.

Осы тартысты жарыста ел намысын қорғаған зинедендік Інжу Жұмажан ел үмітін ақтап, қола жүлдеге қол жеткізді!

Бір қарағанда жұдырықтай ғана қыз, бірақ бойында қайсарлық пен ел намысы тоғысқан рух бар. Сол рух оны Азия төріне алып шықты. 57 келі салмақ дәрежесінде күрескен Інжу қарсыластарының қарымын байқап, шеберлігін паш етті.

Ақтық кезеңге дейін жетіп, табандылықтың нағыз үлгісін көрсетті. Ал қола жүлде үшін өткен шешуші белдесуде тайландтық қарсыласын иппон әдісімен таза жеңіп, татамиде тәуелсіз елдің туын биік желбіретті! Бұл жеңіс – қажырлы еңбек пен табандылықтың нәтижесі.

Інжу бүгінде жаңа спорт ортасында шеберлігін шыңдап жүргенімен, оның спорттағы алғашқы қадамы, күрес әлеміне жол ашқан мектебі – «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубы. Бапкері Тұрар Ризуановтың жетекшілігімен спортқа деген сүйіспеншілігі қалыптасып, жеңіске деген жігері ұшталып жүр.

Исатай топырағынан түлеп ұшқан Інжудің бұл жеңісі – жас ұрпаққа шабыт, аудан спорты үшін үлкен абырой. Туған жердің аты мен елдің намысын бірге көтерген өр мінезді арудың бұл жетістігі – табандылық пен рухтың жеңісі.

 

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT