Биыл IQanat олимпиадасы республикамыз бойынша жетінші рет өткізіліп жатыр.Әрі оған Қазақстанның 170 ауданынан 56 мыңнан астам ауыл оқушысы тіркелген. Осы орайда, бұл олимпиадаға жергілікті Атырау облысының барлық аудандарында өткізіліп, барлығы 1850 қатысушыны қамтиды.
IQanat олимпиадасы – дәстүрлі тестілеуден айырмашылығы, онда оқушылардың логикалық, математикалық және кеңістіктік ойлау, оқу сауаттылығы және қазақ тілін меңгеру сияқты қабілеттерін бағалауға бағытталған. Олимпиаданың бірегейлігі – академиялық жетістіктер мен мектептегі бағаларға қарамастан, әркімнің іріктеуге қатысуға, жеңіске жетуге мүмкіндігі бар.
Міне, ауыл балаларына арналған бұл жобаның бірінші кезеңі аудан орталығындағы Өркен орта мектебінде бастау алып, оған барлық мектептің 8-сынып оқушыларынан 198 бала белсене қатысты. Осылайша, облыстық кезеңдерге қатысушылар іріктеліп алынады, олардың жеңімпаздары 2025 жылдың жазында финалда кездеседі. Финалистерді қарқынды білім беру бағдарламасы күтіп, оған ағылшын тілін оқыту, IT жобалары, менторлық, кәсіптік бағдар беру, ҰБТ, IELTS және т.б. дайындық кіреді.
Ол туралы бізге толығырақ Атырау облысы бойынша координатор Сауле Кубашованың өзі баяндап берген еді.
-Жоба ауыл балаларына қазіргі уақытта ең қажетті дағдыларға жүйелі түрде оқытады және өзінің тікелей нәтижелерін береді. IQanat бағдарламасымен қамтылған балалардың 90%-ы Қазақстанның және шетелдің үздік университеттеріне грантпен оқуға қабылдануда. Олимпиаданың бірінші турында жеңімпаз атанған бала екінші – облыстық турға өтіп, оның аясында тест тапсырудан бөлек, IQanat жобасының үш күндік дайындық шарасы – қарқынды білім беру және ынталандыру тренингтеріне қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Финалистердің бір бөлігі Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатына оқуға қабылданып, олардың жатын орны, тамағы, формасы мен оқу материалдарына қажетті шығындары түгел өтеледі. Ал финалистердің екінші бөлігі IQanat олимпиадасынан кейінгі үш жылдық қолдау бағдарламасына тегін қабылданып, оның аясында балалар ҰБТ, халықаралық емтихандарға белсенді дайындалады, ағылшын тілін, IT дағдыларды, soft skills, кәсіпкерлік негіздерін меңгереді.Бұл да ауыл балалары үшін жақсы мүмкіндік. Міне, биыл Исатай ауданы бойынша Аққыстау орта мектебінің Асемай есімді түлегі біздің жоба арқылы шетелдегі жоғары оқу орнына грантқа ілігіп, тегін түсті.Бұл да біз үшін үлкен жетістік. Бұл ретте балалардың жетістіктері оқу барысында да, одан түлеп ұшқаннан кейін де назардан тыс қалмайды-дейді ол сөзінде.
Осы тұста біздер былтырғы олимпиадаға қатысып, бірақ грантқа іліге алмай қалса да, осы жобаның үш жылдық қолдау бағдарламасына тегін қабылданған екі оқушының бірі Ақарыс Серқалимен танысып, сөзге тартқан едік.
-Былтыр осы IQanat олимпиадасына қатысып, бағымды сынадым.Мен үшін ең оңайы математика пәні болды. Одан оңайырақ шешімін тауып, сенімді болып, жауап парағын белгіледім. Алайда, уақыт тығыздығына байланысты қазақ тілінен тест жауаптарын жеделдетіп, қате жауаптар белгілеппін. Соған орай, ұпай көрсеткіші жетпей қалғаны рас. Ауыл балаларына арналған жоба біздер үшін үлкен мүмкіндік деп білемін. Сондықтан, «Білімдінің күні –жарық» деген ұстанымды ұстанып, үнемі ізденіс үстінде жүремін. Қазіргі таңда Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысымын.Осы жоба арқылы қараша айында Көкшетау қаласына 2 апталық оқу курсына қатысып, тәжірбие жинауға барамыз. Одан алған әсерімді, жаңаша көзқараспен білімімді жетілдіруге ұмтыламын. Осы оқу-білуге ынталандырған Iqanat әлеуметтік жобасына ризамын,- деген оның жүзінен жылулық, көзінен от ұшқыны байқалды.
Сондықтан, әр бала білімін сапасын көрсетіп, өз-өзін дәлелдесе алдынан айқара жол ашыла түсетіні сөзсіз. Сондай-ақ, бүгінгі күннің оқушыларына қай кезде де қолдау бар, мүмкіндіктер де қарастырылған.
Сағыныш Сайлаубайқызы