Атырау облысының бүгінгі даму жайы туралы облыс әкімі Серік Шәпкеновтің Астанадағы есебін тыңдап отырып, көңілге бір сенім, бір қуаныш ұялады. Соңғы жылдары өңірдің бет-бейнесі айтарлықтай өзгеріп келе жатқанын біз, ауылдағылар, күнделікті тұрмыстан-ақ байқап жүрміз.
Әсіресе ауыл инфрақұрылымының жақсаруы – біз үшін ең үлкен жетістік. Бұрын батпақтан өткел таппайтын кейбір ішкі жолдар жөнделіп, жарықтандыру жүргізіліп, су жүйелері жаңарып келеді. Халыққа қолайлы жағдайды жасау – әкімдіктің басты назарында екенін сезінеміз. Бұрын бір ауыз су мәселесі шешілмей, жұрт ары-бері сабылатын еді. Қазір біртіндеп болса да, нақты нәтижелер бар. Бұл – әр ауылдың тынысын ашатын игі жұмыс.
Әлеуметтік саладағы оң өзгерістер де қуантады. Жаңа спорт алаңдарының салынуы, ауылдық клубтар мен мәдениет үйлерінің жаңартылуы балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік берді. Бұрындай «жастар ауылдан кетіп жатыр» деген сөздің салмағы да азайып келеді. Жастар ауылда да дамуға болатынын көре бастады. Мұның бәрі — облыс басшылығының дұрыс саясатының нәтижесі деп білемін.
Экономикадағы әртараптандыру жұмыстарының қолға алынғаны да өте маңызды. Әкім есебінде ауыл шаруашылығы, балық өсіру, өңдеу өнеркәсібі сияқты салаларға басымдық берілетіні айтылды. Біз сияқты ауылдағы адамдарға бұл жаңалық ерекше әсер етеді. Өйткені мұнайға ғана қарап қалмай, өз өндірісімізді дамытсақ, ауылды жерде жұмыс көбейсе, жұрттың жағдайы өздігінен түзеледі. Қазірдің өзінде мал шаруашылығына, жылыжай ісіне, отбасылық кәсіпке беріліп жатқан жеңілдіктердің шапағатын көріп жатқан ауылдастар бар. Бұл — ауыл экономикасын көтеретін нағыз тірек.
Сонымен қатар тұрғын үй салу, газдандыру, жаңа медициналық нысандар ашу, жедел жәрдем қызметін күшейту сияқты бастамалардың да арқасында халықтың әлеуметтік жағдайы жеңілдеп келеді. Әсіресе медициналық қызметтің ауылға жақындай түсуі — біз үшін үлкен қолдау. Бұрын қалаға қатынап жүретін тексерулердің кейбірі қазір ауылда-ақ жасалуда.
Әкімнің есебінен байқағаным — жұмыс жүйелі, жоспарлы жүріп жатыр. Ең бастысы, халықтың мәселесін тыңдап, әр ауданға жеке көңіл бөліп отырғаны ұнайды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген сөздің нақты көрінісін өңірімізде байқап жүрміз. Атырау облысы жылдан жылға жаңарып, көркейіп келеді. Осы даму қарқыны сақталып, ауыл мен қала тең деңгейде өркендей берсін деп тілейміз. Біз, ауыл тұрғындары, облыстың алдағы жетістіктеріне сеніммен қараймыз.
Жанай ЖАҒЫПАРОВ
шаруагер


