Өңірдің үздік әдіскері

 

Адам баласы жүрегімен еңбек еткенде ғана биіктікке жетеді. Баланың жанын түсініп, мейіріммен тәрбиелеу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін, ерекше төзім мен жүрек жылуын қажет ететін ұлы іс. Осындай ізгі мамандық иесі – Исатай аудандық «Нұршуақ» бөбекжай-бақшасының әдіскері Сәнім Сабырқызы облыстық «Мектепке дейінгі ұйымның үздік әдіскері» байқауында бас жүлдені иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды.

Сәнім Сабырқызы мектепке дейінгі ұйым саласында 2003 жылдан бері табанды еңбек етіп келеді. Алғашқы еңбек жолын қарапайым көмекші-тәрбиеші ретінде бастаған ол жылдар бойы өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігінің арқасында кәсіби тұрғыда биік белестерді бағындырып келеді. «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасында 15 жыл бойы еңбек етіп, талай бүлдіршіннің балғын жүрегіне мейірім нұрын септі. 2016 жылы облыстық деңгейде өткен «Мектепке дейінгі ұйымның үздік тәрбиешісі» байқауында Бас жүлдені жеңіп алып, өз ісінің үздігі екенін дәлелдеді. Ал 2019 жылдың қарашасынан бастап «Нұршуақ» бөбекжай-бақшасында әдіскер болып еңбек етіп келеді.

Атырау қаласында өткен биылғы облыстық байқауда өңірдің жеті ауданынан келген үздік әдіскерлер өзара бақ сынап, кәсіби шеберліктерін ортаға салды. Қазылар алқасы қатысушылардың әдістемелік жұмыс жоспарларын, олардың жүзеге асу ерекшеліктерін, педагогикалық креативтілігі мен жаңашылдығын жіті бағалады.

Осы сынға тың идеяларымен келген Сәнім Сабырқызы байқау барысында екі бірдей авторлық жобасын ұсынды. Оның бірі – 3, 4 және 5 жастағы балаларға арналған қазақ тілі дәптері мен әдістемесі болса, бұл жұмыс мектепке дейінгі жастағы балалардың тілдік қабілетін жетілдіруге арналған практикалық құрал ретінде ерекше танылды. Екіншісі – педагогтердің кәсіби дамуына, тәжірибе алмасуына бағытталған «Кәсіби серпін» ойыны. Екі жоба да мазмұны мен жаңашылдығы тұрғысынан жоғары бағаланып, әдіскердің кәсіби ізденісі мен шеберлігін айқын көрсетті.

Көп жылғы еңбегінің нәтижесінде жеңімпаздың табыстары да аз емес. Оның педагогикалық жолындағы адалдығы мен ізденісі елеусіз қалған жоқ – еңбегі әр жылдары түрлі марапаттармен атап өтіледі. Ол Атырау облыстық білім беру басқармасының «Алғыс хатына», Исатай ауданы білім бөлімінің және облыстық білім беру басқармасының «Құрмет грамоталарына» ие болған. Сондай-ақ, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» республикалық мемлекеттік мекемесінің «Алғыс хаты» мен министрліктің өзінен берілген «Құрмет грамотасы» оның кәсіби беделін айқындай түсті.

Осылайша Сәнім Сабырқызының еңбегі мен ізденісі өңір педагогикасында үлгі боларлық деңгейге көтеріліп, оның есімі аудан түгілі облыстың да мақтанышына айнала білді.

Марапат иесі еңбек ететін «Нұршуақ» бөбекжай-бақшасы бүгінде ауданның ғана емес, облыстың да мақтанышына айналған. Соңғы жылдары бұл ұжымның педагогтері республикалық деңгейдегі байқауларда бірнеше мәрте жүлдегер атанып жүр. Мұның бәрі – әдіскердің ұйымдастырушылық қабілеті мен ұжымдағы ынтымақтың нәтижесі. Өз ісіне адал, баланың болашағына бағыт беріп жүрген осындай мамандар – ұлттың шынайы ұстаздары, қоғамның рухани тірегі.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT