Исатай аудан әкімі ауыл азаматтарымен ақылдасты

Биылғы жыл өзіндік ерекшелігімен есте қалатын түрі бар. Неге дейсіз ғой. Олай дейтін себебіміз Ирикли су қоймасында отыз жыл бойы жинақталған алапат тасқын су Батыс Қазақстан облысының территориясының үстінен өтетін Жайық өзеніне қарай қатты қарқынмен ағып келе жатқаны туралы ақпараттар легі әлеуметтік желілерде тоқтаусыз айтылуда. 

Егер расында да, тасқын су Жайық өзеніне келіп қосылатын болса, онда өзен жағасында орналасқан Орал, Атырау қалалары мен оларға қарасты аудандар суға кету қаупі төнуі мүмкін. Сондықтан тасқын судан құтылудың бірден-бір жолы – барлық адам ресурстары мен техникаларды бір бағытқа жұмылдыру арқылы адамдарды өр суынан аман алып қалу.Осыған байланысты аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Нұрым Мусин су шаруашылығының білікті мамандарымен, өр суынан тәжірибесі бар ауыл азаматтарымен ақылдасу жиынын өткізген болатын.

Жиынды әкімнің өзі ашып, өзі жүргізіп отырды. Әкім алдымен өр суынан қорғану және жаға бекіту бойынша атқарып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, биыл Ресейдің Ирикли су қоймасына жиналған көп су бөгеттерді жарып өткен. Соның нәтижесінде Орынбор қаласы мен Орск қаласының біраз елді мекендері мен аймақтарын су басып қалған.Былайша айтқанда,табиғаттың мұндай тосын мінезі ресейліктерді де қатты әбіржітіп тастаған. Содан ондағылар қоймадағы буырқанып жатқан суды далаға қарай ағызып жіберуге мәжбүр болған. 

-Ал біз Ресей елімен шекаралас жатырмыз. 1991-1993 жылдары облысымыздың Қызылқоға ауданын өр суы басып кеткені бәрімізге белгілі. Мұндай жағдай биыл да қайталанып отыр. Сол Орынбор жақтан келген өр суы биыл Қызылқоға ауданына қайтадан келіп, жергілікті халықты тағы да қатты әбірге салғанын білесіздер. Әйтеуір қызылқоғалықтар бірлік пен ұйымшылдықтың арқасында тасқын судан аман қалды.Тек бір «әттеген-айы» Жем өзені бойынан аққан тасқын су Құлсары қаласына да әп-сәтте жетіп, аудан орталығының тең жартысын қоршап алды. 

Енді биыл Жайық өзені арқылы жоғарыдан келе жатқан тасқын су Атырау облысының аудандары мен қаласына қарай бірте-бірте жақындап келе жатыр. Біз осы өр суына қарсы тұру үшін аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі штабты құрдық. Штабтың құрамында құзырлы прокурор, құқық қорғау құрылымдары, ауылдық округтер әкімдері, белсенді ауылдың азаматтары мен ерікті жастары бар. Қазір барлық күшті аудан төңірегінен ағып жатқан каналдардың осал тұстарын анықтап, құммен бекітетін жерін бекітіп, биіктететін жерін биіктетіп, қазатын жерін қазып, қамыс-қоғадан тазалап, шлюздерін ашып, бал соғып, жоғарыдан қатты қарқынмен келе жатқан көп суды теңізге қарай кедергісіз ағызып жіберуге жұмыла кірісудеміз.

 Біздің ауданымыздың үстінен Жайық өзенінен бастау алатын Нарын және Бақсай өзекшелері ағып өтуде. Осы каналдар арқылы тасқын су ең алдымен Х.Ерғалиев пен Тұщықұдық, Аққыстау, Жанбай ауылдарына келуі мүмкін. Осы жағдайды ескере отырып, ауылдардан 800-ден аса белсенді ерікті жастарымыз каналдардың бойларын биіктету жұмыстарына белсене қатысуда. Күндіз-түні каналдардың басында жұмыс жасап жатқан жастарға,трактористерге, жүргізушілерге рух беру үшін ауылдың қыз-келіншектері, апаларымыз, жеке кәсіпкерлер, шаруагерлер киіз үй тігіп, үш-төрт мезгіл оларды тамақтандыру жұмыстарын қолға алуда.

 Қазір жоғары жақтан қатты келе жатқан қарқынды судың екпінін азайту үшін ғалымдар, су шаруашылығының гидролог мамандары,төтенше жағдай жөніндегі штаб мүшелері суды қалай болғанда да қалаға жеткізбеудің амалдарын қарастыруда. Соның бірі тасқын суды Жайық өзенінен бастау алатын каналдарға бұрып жіберу әдісі. Шама келсе,бізде осы Махамбет ауданы жақтан келетін каналдарға ерекше көңіл бөлудеміз. Яғни Х. Ерғалиев және Тұщықұдық, Аққыстау, Жанбай ауылдарына бағыт алатын каналдардың бойларына тазалау, жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Техникалар берудеміз. Сондай-ақ аудандағы барлық «Сазанқұрақ», «Потенциал Ойл», «Жайықмұнайгаз» секілді ірі өндіріс орындары да осы маңызды іске біркісідей жұмыла кірісуде. 

Енді менің айтайын деп отырғаным арамызда 1991,1993 жылдары өр суына қатысқан тәжірибелі азаматтар мен ағаларымыз отыр. Бұл жиынымыздың негізгі мақсаты –осы ауыл азаматтарымен жан-жақты ой-пікір алмасып, ақылдасу. Бізге сіздердің ақыл-кеңестеріңіз, ой-ұсыныстарыңыз керек,-деді ол.  

Ал Атырау облыстық мәслихатының дептутаты Нұрлан Қайырденов өз сөзін былайша өрбітті. -Құрметті ауылдас-ағайындар! Мынау Қазақстанның Батыс аймағында өте күрделі ахуал қалыптасып отыр. Оны бәріңіз әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарынан біліп отырсыздар. Қазір Қазақстан Республикасының Вице Премьер министрі Қанат Бозымбаев Атырау облысында. Облысымыздың Қызылқоға ауданында жағдай бірқалыпты тұрақталды. Бірақ күні кеше Құлсары қаласына, Жылыой ауданына су тасқынынан үлкен зардаптар келгенін бәріңіз біліп отырсыздар. Ендігі мәселе былай. Бірінші, айтатын мәселе - мынау жағдай тұрақты, бірқалыпты, бақылауда ұстап отырмыз деген әңгіме болмау керек. Табиғаттың апатына ешбір адам қарсы тұра алмайды.Сондықтан біздің күшіміз- бірлікте. Соған бәріміз дайын болуымыз керек. Екінші, алып-қашпа әңгімелерді доғаруымыз қажет. Бүгін сонау 1991-1993 жылдарғы өр суына қатысқан өмірлік тәжірибесі бар азаматтарымызды жинап, олардың ой-пікірлерін білуге шақырып отырмыз. Сондай-ақ бүгінгі алыптасқан төтенше жағдайға байланысты жедел аудандық штаб құрылды. Оның негізгі төрағасы аудан әкімі Нұрым Мусин, ал төтенше жағдайды жою басшысы, аудан әкімінің орынбасары Рашид Мұқанов болып бекітілді. Біз осы азаматтардың айналысына топтасуымыз керек.«Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, біз енді осы азаматтардың басшылығымен тасқын суға қарсы күресуге дайындала беруіміз керек. Сондықтан сіздерден құнды әңгімелер мен ой-пікірлер күтеміз. 

Бұдан кейін сөз кезегін аудандық қоғамдық келісім бөлімінің төрағасы Ерболат Насимуллин алды. – Мен маман емеспін. Бірақ жаңа жігіттер айтқандай, екі-үш ұсыныс қоссам деп едім. Шынын айту керек, қазіргі каналдарымыздың жағдайы кім-кімге де белгілі.Көбінің іші қамыс пен қоғаға толып кеткен. Ол ертең бөгеттердегі табиғи судың жүруіне өз кедергісін келтіруі мүмкін. Екінші дрондарды пайдалануымыз керек. Дрон болмаған жағдайда, су мұнарасын пайдалануға болады. Үшінші, біз алдымен бөгеттердің биіктігін зерттеп алғанымыз жөн.Өйтпесе су каналдың биіктігіне сәйкес келмесе, бөгетті бұзып, жарып жіберуі әбден мүмкін. Сонымен бірге «су басады» деген шаруа қожалықтарының жерлерін түгелдей қауіпсіз жерлерге көшіру мәселесінде қаперге ұстауымыз керек. Осы кезде аудан әкімі Нұрым Мусин жиынға жиналғандарға жаңа ғана облыс әкімі Серік Шәпкенов Атырау облысы бойынша табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялағанын қаперге берді.

Сондай-ақ аудан әкімі Х.Ерғалиев ауылының тұрғыны, байырғы атақты шопан Жұмабай Мүтиев ақсақалдың «каналдарға еш су қалдырмау керек» деген пікірінде басты назарға алу керектігін айтты. Жиын барысында Н. Дауылбаев, Т.Тастанбеков, К. Сағындықов, М. Бектенов, С. Нұрманов, Б. Халидуллин, М. Сапашев, Қ. Сұпығалиев, А. Сыдиқов, Р.Тәжиденова тағы басқа осы секілді азаматтар мен азаматшалардың Жайық өзені деңгейінің көтерілуі мен су тасу қаупінің бірінші рет болып жатпағанын, өңірімізде талай рет су тасқындары болғанын, одан ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың арқасында аман қалғанын, су қаупінің алдын алу үшін Нарын мен Бақсай каналдарының айналасын топырақпен биіктету, тазарту, тереңдету, тасқын суды теңізге қарай бұрып жіберу, жайылма суларды бітеп тастау, адамдар мен малдарды қауіпсіз жерге көшіру, каналдардағы көпірлер мен шлюздердің аузын ашу, ауылдық округтердегі барлық жергілікті тұрғындарды тасқын судан қорғануға біркісідей жұмылдыру, ауылдар мен өндіріс орындарын өр суынан қорғау мақсатында оларды айналдыра бөгеттер соғу, адамдардың бір-біріне көмектесуге дайын болуларын, бюджеттік мекеме-ұйымдары мен шаруа қожалықтары және жеке кәсіпкерлер, үйде жұмыссыз, бос отырған ер-азаматтар мен жас жігіттер арқаны кеңге салып отыруға болмайтындығын айтып, олардың көмектесулерін, үлкен кісілер мен балаларды қауіпсіз жерге апару,адамдардың жалған ақпараттарға сеніп, дүрбелеңге салынбай, үрей қорқынышқа бой алдырмай, күш-қайраттарын бір жаққа бағыттау төңірегіндегі тың ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Бір сөзбен түйіндеп айтқанда, жиында сөйлеген адамдардың бәрі де жоғарыдан келе жатқан тасқын суға тастүйін дайын екендерін бірауыздан білдірді.

                                                                      Аяпберген САЛИХОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT